330 мың тонна мыс алу үшін 8 жыл қажет

Жиырма бес жылға жоспарланған "Баимская" мыс жобасы жемісін бірден жегізбейді.

330 мың тонна мыс алу үшін 8 жыл қажет

Қазақстан мен Қырғызстан аумағында аса ірі көлемде мыс өндіретін KAZ Minerals компаниясы Ресей Федерациясының Чукот автономиялы округіндегі "Баимская" мыс жобасын 900 млн АҚШ долларына сатып алуға әрекеттеніп жатқанын бұдан бұрын жазғанбыз. Таяуда аталмыш жобаға қатысты тың  ақпарат белгілі болды.

KAZ Minerals компаниясы "Баимская" мыс жобасына төлеуге тиісті сомманы 2029 жылға дейін өтеуді жоспарлап отыр екен. Компанияға сатып алу құнын бірнеше жыл бөліп төлеу құқы берілген көрінеді.

KAZ Minerals компаниясы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, "Баимская" мыс жобасы жаһандық маңызға ие. Бұл жер бұған дейін игерілмеген.  

"Баимская" мыс жобасының қазіргі ресурсы JORC кодексі бойынша 9,5 млн тонна мыс деп бағаланып отыр. Кендегі мыстың орташа мөлшері 0,43%-ды, ал алтынның мөлшері тоннасына 0,23 граммды құрайды. Яғни 9,5 млн тонна кеннен 16,5 млн унция алтын алынады. Компания мыс алаңын 25 жыл игермекші. Алғашқы онжылдықта  250 мың тонна мыс, 400 мың унция алтын алу жоспарланған. Яғни барлығын қосқанда 330 мың тонна мыс өндірілуі тиіс", – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Мұны шикізат нарығының халықаралық сарапшысы, экономист Макс Лейтон да растап отыр. Оның сөзінше, "Баимская" мыс жобасы мыс өндірісіне 2026 жылдан бастап қана қомақты үлес қоса бастайды.

"Мыс өндірісінің көлеміне қатысты болжам жасағанда мыстың қайта-қайта құбылып тұрған бағасы назарға алынған техникалық-экономикалық негіздемеге сүйену қажет. Бұл жерде жаһандық геосаяси жағдай да ескерілуі тиіс. АҚШ-тың Ресейге жариялаған санкциясы сонымен қатар Қытай мен АҚШ-тың бір біріне қолданып отырған салық саясаты мыс бағасының құбылуына себеп болады. Мыс бағасы арзандаса, өндірісі қысқарады. Кем дегенде 8 жыл уақыт өтпей "Баимская" мыс жобасынан 330 мың тонна мыс алу мүмкін емес", – деді халықаралық сарапшы.

Оның сөзінше, 2020 жылдан бастап мыстың сұранысы мен ұсынысы арасында тапшылық пайда болады. Сол кезде қиындыққа төтеп берген компаниялар ғана мыс өндірісінің көшбасшысы болып қалады.  

Айта кетейік, былтыр KAZ Minerals компаниясы ел аумағында 258,5 мың тонна мыс өндірді. Мыстың басым бөлігін Қытай сатып алды. Биыл компания 300 мың тонна мыс өндірмекші. Өнімнің негізгі көлемі тағы да Қытайға экспортталады деген жоспар бар.

"Баимская" мыс жобасын жүзеге асыру барысында бизнесті тәуекелге тігетінімізді алдын ала біліп отырмыз. Тәуекел барлық бастамада болады. Тәуекелсіз бизнес жоқ. Тәуекел болған жерде сақтық шаралары да қарастырылады. Бұл жерде KAZ Minerals компаниясының мыс өндіру саласындағы көп жылдық тәжірибесі маңызды рөл атқарады. Мыстың бағасы бірде түсіп, бірде көтеріліп отырады. KAZ Minerals компаниясы мұндай уақытта қалай әрекет ету қажет екенін жақсы біледі. Бізде нақты мақсат, жүйелі жоспар бар. Барлық жұмыс соған сәйкес атқарылады", – деді KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук.

Оның болжамынша, жыл соңына дейін Қытай мыс сатып алуға деген сұранысын арттырады. Нәтижесінде KAZ Minerals компаниясының биылғы жоспары жүзеге асады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу