Әсіресе, елдің экономикалық саласында әйелдің белсенділігі маңызды болып отыр. Елбасы биылғы "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауында еліміздің өз дамуындағы жаңа дәуірге қадам басқанын айта келе, елдік құжаттың екінші басымдығында осы туралы сөз қозғауы әйелдер арасында басқару шаралары мен бәсекелестікті арттыра түсу қажеттілігін көрсетті.
Ел басына күн туған зобалаң кездерде де қазақ әйелінің қайсарлығы мен батылдығы, шыдамдылығы көпке үлгі болған. Ал мынадай бейбіт күндегі жақсы істердің жаршысы болуға бастайтын, елдің алдында зор жауапкершілік жүктейтін іске қазақ әйелі қаншалықты дайын? Олар үмітті ақтай ала ма? "Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін" әйелдер отбасы мен қоғам, кәсіпкерлік жұмысын қатар алып, үй мен түздің шаруасын дөңгелетіп қана қоймай, ел экономикасына да серпін беруге қауқарлы ма? Осы бағытта халықаралық және мемлекеттік ұйымдардың әйелдерді жан-жақты қолдау шаралары қандай нәтиже беріп отыр? Міне, осы сұрақтың барлығы Астанада еліміз бен шетелдердің билікте және қоғамда, кәсіпкерлікте белсенді әйелдері қатысқан "Корпоративтік сектордағы әйелдер белсенділігін арттыру" атты халықаралық форумда талқыланды.
Форумда айтылған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әйелдің қоғамның барлық саласындағы белсенділігі артқан үстіне артып келеді. Мәселен еліміздегі барлық белсенді шағын және орта бизнес субъектісінің 44%-ын әйелдер басқарады, яғни бұл 570 мыңға жуық субъект. Бұл көрсеткіш елде нәзік жандардың кәсіпкерлігін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар, үкімет пен халықаралық даму институттары арасындағы келісімнің нәтижесі десе болады.
"Осыдан 11 жыл бұрын мәжілісте әйел депутаттардың үлесі небәрі 10% болған еді, ал бүгін 27%-ға жетіп отыр. Бүкіләлемдік экономикалық форумның статистикасына сүйенсек, былтыр Қазақстан әйелдердің парламенттегі үлесі жөнінен 144 елдің ішінде 48-орынды иеленген. Шағын және орта бизнесте де олар жұмыс орындарының 31%-ын қамтамасыз етіп отыр", – дейді форумға қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова.
Оның айтуынша, жолдауды орындауда әйелдің белсенділігін арттыру үшін кәсіпорын басқарып жүрген нәзік жандар өндірісінде басқару процедураларын жақсартып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, әйелдердің инновациялық стартаптарға қатысуын ұлғайту қажет.
"Елімізде әйелдердің әлеуетін арттыру, оларды қолдау бағытында заңнамалық негіздер мен ресурстар жеткілікті. Сол себепті бүгінде қазақстандық іскер және кәсіпкер әйелдің мүмкіндігін корпоративті секторда кеңейтуге жол ашылмақ", – дейді Гүлшара Наушақызы.
Мемлекеттік секторда әйелдер белсенділігін арттыру үшін директорлар кеңесінің құрамын сапалы жаңарту, яғни кеңес құрамында әйелдердің санын көбейту қажет, деп санайды "Тұрғынүйжинақбанкі" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. Сонымен қатар ол бұл мәселеде әйелдің басты жауы – өзі екенін алға тартты.
"Басшылық қызметте жүруге лайықты әйелдер көп. Бірақ олардың өз күшіне деген сенімі, күдік-күмәні басым, "мені тыңдамайды, менің қолымнан келмейді" деп ойлайды. Әрі қоғамдық істе жауапкершілік артатындықтан ана ретіндегі отбасындағы міндетімді ақсатып аламын деп қорқады. Алайда мен оларға басу айтқым келеді. Шын мәнінде бізде бәріне "бесаспап" әйелдің үлгісі жоқ қой. Бір жағынан жетістікке жетіп жатсаңыз, екіншісі әлсіреуі ықтимал. Бірақ алға ұмтыла берсеңіз кейінгі буынға үлгі болар едіңіз", – деп ойын түйіндеді Ләззат ханым.
Соңғы жылдары елімізде жалдамалы жұмысқа тұрған әйелдер саны артып отыр. Мысалы 2010 жылдан бері олардың саны 659 мыңға көбейіпті. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елімізде сондай 3,1 млн әйел жалдамалы жұмыста екенін мәлімдеді. Бұл жұмыспен қамтуда оң өзгерісті көрсетсе, елдің әл-ауқатының жақсаруында да жақсылықтың нышаны деп бағаланып отыр. Әйелдердің 19%-ы сауда-саттықта, 18%-ы – білім беру және денсаулық сақтау салаларында, 8,6%-ы – әлеуметтік қызмет көрсету салаларында қызмет етеді. Жұмыссыз әйелдердің үштен бірі бала күтіміне байланысты еңбек демалысында.
Ресей әйелдері одағы басқармасының мүшесі, ресурстық орталық жетекшісі, профессор Галина Климантованың айтуынша, бұл форум гендерлік стратегия мен концепцияның қаншалықты қажет екенін көрсетті.
"Ең бастысы, гендерлік теңдік жөнінен ұлттық механизм өте белсенді жұмыс істеп тұрғаны қуантады. Шынын айтқанда, Қазақстан тәжірибесі – озық үлгі. Өйткені Ресейде осы ұлттық механизм жағы әлсіз. Енді ғана үкімет деңгейінде қолға алдық. Форум барысында Қазақстанның аймақтарынан келген белсенді әйелдермен әңгімелестім. Олар өз өңірлеріндегі барлық өзекті мәселеден хабардар, жан-жақты білімді. Форум қорытындысы жақсы нәтиже береріне сенім мол", – дейді Галина Климантова.
Отбасы мен қызметті ұштастыруда оқу орнының басшылары мен түрлі ұйым жетекшілері қыз баланы оқу орнының қабырғасында өнерге баулып, кәсіп ашатындай меңгеруіне арналған жобаларымен бөлісті. Қолынан іс келетін әйел сондай шағын кәсібін дөңгелетіп, отбасына да көңіл бөлуге, қоғамға да үлесін тигізуге уақыт табады. Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Бексұлтан Тұтқышев статистика жөнінен Қазақстанда жоғары білім алған ер азаматтан әйел адам көп екенін айта келе, сол әйелдің көбісі тұрмыс құруына байланысты қызметтік белсенділігін дамытпайды. Сондай-ақ ол гендерлік саясат мәселесін алдымен ер адамға түсіндіру қажет екенін алға тартты.
Орталық Азия мен Кавказдағы консультациялық қызмет тәжірибесінің жетекшісі, EY серіктесі Ксения Бабушкина отбасы мен қызметтік белсенділігін қатар алып жүрген табысты әйелдер қоғамда көп дейді. Бірақ олардың табысты ісін насихаттау жоқтың қасы. Сондықтан оларды неғұрлым көбірек айтып, жарияласақ, соғұрлым кейінгі жас буын қыз-келіншектің өз күші мен қабілетіне деген сенімі арта түсері сөзсіз.
Райхан Рахметова