АҚШ-Иран шиеленісі: Қазақстанға абай болу керек - саясаттанушы

4494

Өткен дүйсенбі күні АҚШ Иранға қарсы жаңа санкция жариялады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Твиттердегі парақшасында жазды.

АҚШ-Иран шиеленісі: Қазақстанға абай болу керек - саясаттанушы

Алдында Вашингтон әуедегі АҚШ-тың ұшқышсыз ұшағын атып түсіргені үшін Иранға әуеден әскери соққы беретінін жария еткен еді. Алайда Трамп бұл бұйрықтың іске кірісуіне 10 минут қалғанда оның күшін жойды. Міне, осыдан кейін жексенбі күні Иранға қарсы қатаң санкция енгізілетіні жарияланды. Ол бүгін өз күшіне енді.

Жалпы АҚШ пен Иран арасындағы қырғи-қабақ соғыс ушықса, бұл геоэкономикаға, оның ішінде Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл сауалға inbusiness.kz мамандардан жауап алды.

"Мұнайдың бағасы өседі"

Шығыстанушы Рүстем Бурнашев АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің мұнай бағасына тікелей әсері болатынын болжайды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда Қазақстан одан ұтпаса ұтылмайды.

"Санкция халықаралық нарықтағы мұнай бағасының өсуіне әкеп соғады. Бұл шикізат экспорттаушы елдер үшін жағымды жаңалық, әрине. Ал АҚШ Иранға алғаш рет санкция салып жатқан жоқ. Ол, әзірге екіжақты тарапты қамтиды. Жалпы, Қазақстан Иранмен арадағы сауда-саттық қарым-қатынасты алдындағы санкцияларды есептей отырып, құрған болатын. Сондықтан бұл жайт Қазақстан мен Иранның экономикалық байланысына, бизнестегі белсенділігіне айтарлықтай теріс әсер етеді деп айта алмаймын", – дейді ол.

"Қазақстанға абай болу керек"

Саясаттанушы Әзімбай Ғали елімізде Сауда және интеграция министрлігінің жаңадан құрылуы кездейсоқтық емес екенін айтады. Оның пікірінше, қазір әлемде экономикалық соғыс ушығып, көрші үш мемлекетте санкция шырмауына шыланып жатқанда Қазақстанға өте абай болу керек.

"Иран ядролық қару әзірлегені, Ресей Укаринаға негізсіз соғыс ашқаны, Қытай тың технологияларды ұрлағаны үшін санкцияға белшеден батуда. Үшеуі де көршіміз. Үшеуі де халықаралық заңдылықтарды белден басуда. Сондықтан АҚШ пен Еуропалық одақ санкцияны оларға үстіне-үстіне төпей береді.

Осы жағынан алғанда, біз бұл санкциялардың зардабы Қазақстанға әсер етпейтіндей әрекетке көшуіміз керек. Сол себепті арнайы жеке министрлік құруға мәжбүр болып отырмыз. Осының өзі мәселені қаншалықты күрделі екенін аңғарта алады.

Мәселен, бізде Ресейдің де, Қытайдың да компаниялары жұмыс істейді. Олардың санкция тізімінде бар-жоғын анықтап отыру керек. Қазақстанға саудадан гөрі саясатқа көп бас ауырту керек боп тұр", – дейді ол.

"Қазақстан Иранға қарағанда 5 есе артық тауар экспорттайды"

Халықаралық экономика маманы Алғатбек Қыдырбекұлы АҚШ салған санкция Иран экономикасын әлсіретсе, онда Тегеран Қазақстаннан алатын тауарлар көлемін қысқартуы мүмкін екенін болжайды.

"Екі елдің экономикалық қарым-қатынасын алатын болсақ, онда экспорт жағынан. Бұл  –  бидай, арпа, ұн, Қарағандының тыңайтқыштары, қой еті, темір прокаттары, шемішке майы және тағы басқасы. Жалпы экономикадағы үлеске шақсақ, Иранға тасымалданатын тауарлар көлемі көп пайызды қамтымайды.

Сондықтан бұл экспорт көлемі шектелсе, Қазақстан одан айтарлықтай зардап шегеді деп айта алмаймын. Дегенмен бұл әлеуметтік маңызды тауарлар болғандықтан, Иран қанша жерден қиналып тұрса-дағы, оның көлемін қысқарта қоймайды деп ойлаймын", –  дейді ол.

Кәмшат Сатиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу