Ақтөбе қолаңса иістен құтылады

6515

Пластик, әйнек, қағаз қалдықтары қайта өңдеу үшін Ресейге жіберіліп жатыр.

Ақтөбе қолаңса иістен құтылады

Ақтөбе облысында жыл сайын 350 мың тонна тұрмыстық қалдық жиналады. Оның 97% сұрыпталмайды және санитарлық стандартқа сай емес қоқыс алаңына төгіледі. Былтыр облыста 76,7 млн тонна өндірістік қалдық түзілді. Қазір осы қалдық қоршаған ортаға зиянын тигізіп тұр.  

Облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұловтың айтуынша, облыстың 350 мың тонна тұрмыстық қалдығы  арнайы жасақталған  9 полигонға көміледі. 150 мың тонна қалдық апаттық қоқыс орнына шығарылады.

Облыс бойынша 360-қа жуық апаттық қоқыс алаңы бар. Өткен жылы бұл жерге  13 млн тонна коммуналдық қалдық тасталған.

"Еуропа елдерінде қоқыстың 80%-ы қайта өңделеді. Біздің елде бұл көрсеткіш тым төмен. Мәселен Ақтөбе қаласында қатты тұрмыстық қалдықтың 1,5% ғана қайта өңделіп, 0,25% ғана залалсыздандырылады. Облыста қауіпті қалдықты қайта өңдеуге болатын қалдық компоненттерінен бөлек сұрыптау жүйесі енгізілмеген. Қазір жұмыс істеп тұрған қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны талапқа сай емес. Кейде қоқыстар шіріп, өздігінен жанып, өртке айналатын жағдайлар кездеседі. Осы мәселені шешу үшін Ақтөбе қаласы әкімдігі мен "Ақтөбе" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы және "Союз Гранд" серіктестігі арасында келісімшарт жасалды. Былтыр  қуаттылығы жылына 180 мың тонна қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы басталды. Бұл жерде шыны, пластик, темір және қағаз қалдықтары сұрыпталады. Кешен биылғы жылдың қазан айында толық іске қосылуға тиіс. Жоспарымыз жүзеге асса, қала қолаңса иістен құтылады", – деді Жақсығали Иманқұлов.  

Департамент басшысының айтуынша, былтырдан бастап ҚР Экологиялық кодексінің 301 және 292 бабына өзгеріс енгізілген. Мәселен 301 бабтың 1-ші тармағының 9-19 бөлімдерінде қоқыс қабылдайтын полигондарға ыдырау қаупі бар 19 түрлі қалдық түрін көмуге, қабылдауға тыйым салынған. Енді бұрынғыдай өндірушілер қалдықты бейберекет полигонға төге алмайды. 2019 жылдың қаңтар айынан бастап қатты тұрмыстық қалдықтардың барлығы сұрыпталып, қайта өңделуі керек. Осы талап енгізілгеннен кейін былтыр жергілікті билік пен энергетика министрлігі жол картасын жасады.  Қандай қалдықтар өңделеді, қалдықты қайда тапсыру керек деген мәселе осы картада жан-жақты қарастырылған.

"Ақтөбе – батыс өңірдегі ең ірі логистикалық орталық. Егер аймақта қалдықтарды сұрыптайтын, өңдейтін өндіріс орыны салынса, мәселені оң  шешуге болады. Қазір пластик, әйнек, қағаз қалдықтары қайта өңдеу үшін Ресейге жіберіліп жатыр. Зауыт салынса, аудандарда арнайы сұрыптау цехтары болса, осының барлығы өзімізде өңделер еді", – деді Жақсығали Иманқұлов.  

Оның сөзінше, тұрмыстық қалдықтан қауіпті органикалық зат – диоксин бөлінеді.

"Ең қауіпті органикалық зат – фильтрат, ол қоқыс алаңдары аумағынан  жерасты суларына түседі. Қалдықтарда дизентерия, холера, туберкулез және тағы басқа  ауруларды тудыратын бактериялар ұзақ уақыт бойы сақталады. Фильтраттардың жерасты суларына өтуі, осы микроорганизмдердің кең  таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан қазіргі күні ең басты мәселе  қалдықтарды қайта өңдеу ісі болуы тиіс", – деді ол.

Облыста тұрмыстық қалдықтардан бөлек, өндірістік қалдықтарға қатысты да мәселе көп. Қазір аймақта мұнай-газ секторының өнеркәсіптік қалдықтарын залалсыздандыратын 16 субъект бар. Олар Мұғалжар, Темір, Байғанин, Шалқар аудандарында орналасқан.

"2002 жылдан бастап "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" акционерлік қоғамында және "ҚазақОйлАқтөбе" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қышқыл натрийдің 15-20% ерітіндісі қолданылады. Осының салдарынан сілтілі ерітінді түріндегі қалдық түзіледі. Жыл сайын аталған кәсіпорындар мұнай мен газды тазартқаннан кейін 20 мың тоннадан жоғары қауіпті күкіртті-сілтіні қалдық ретінде шығарады. Бұдан жоғары концентратты биотоксикант бөлініп, қоршаған ортаға кері әсерін тигізеді. Ал өнеркәсіп әкімшілігі заң бойынша мұндай қалдықты полигонда үш жыл сақтап, уақыт біткен соң залалсыздандыруы тиіс. Алайда бұл талапты орындамайтындар бар. Оларға ескерту беріп, айыппұл салынады", – деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, былтыр экология департаменті мен облыстық  прокуратура тексеріс жүргізіп, полигондардан бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады.  Нәтижесінде  "АқтөбеЭкоЦентр", "ТазаДалаКом", "Кучум" компанияларына қарасты полигондардың қызметі уақытша  тоқтатылды. Сондай-ақ "НК-Сервис" және "НАК-Сервис" серіктестіктерінің де полигондарының қызметіне шектеу қойылды.   

Әлия Рүстем

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу