Алаяқтар мен ар-ұяттан безгендерді тәртіпке салу қажет – Қасым-Жомарт Тоқаев

2734

Мектептер мен университеттердің интернет-жүйесі стресс-тестті көтере алмады.  

Алаяқтар мен ар-ұяттан безгендерді тәртіпке салу қажет – Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің төрағалығымен бейнебайланыс режимінде өткен төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында еліміздегі карантинді сәуір айының соңына дейін созу туралы шешім қабылданды.

"15 сәуірде төтенше жағдай режимі туралы жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін  кем дегенде сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавирустың  шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы", – деді Президент.

Мемлекет басшысы ірі кәсіпорындардың жағдайы мәз емес екенін айтты. 

"Отандық бизнесті қолдау жайында айтарым: шағын және орта бизнесті қолдау шараларымен қатар ірі кәсіпорындардың қызметі де бақылауға алыну керек. Өйткені олардың өнімдеріне деген сұраныс төмендеп кетті. Қазір осыған байланысты тиісті жұмыс жүріп жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, ірі кәсіпорындар  экономиканың ажырамас бөлігі.

Олар шағын және орта бизнесті қолдау арқылы экономиканы тұрақтандыра алады.

Қазақстан басшысы қаржы секторының тұрақтылығы маңызды екеніне назар аударды.

"Қаржы жүйесіндегі проблемалар экономиканың нақты секторы мен азаматтардың жинақ ақшасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Оның алдын алу үшін Ұлттық банк пен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға қатысты ұсыныс әзірлеуді тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, төтенше жағдай кезінде ашылып жатқан уақытша жұмыс орындарын тұрақты жұмыс орнына айналдыруға басымдық беру қажет. 

"Халықты еңбекке тарту үшін "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы қабылданды. Вирустан кейінгі кезеңде бағдарлама аясында шамамен 240 мың жұмыс орны ашылады. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бұрын-соңды бөлінбеген қаражат бөлінді. Бұл қаражаттың құмға сіңгендей болып кетпеуі аса маңызды. Сол себепті үкімет пен әкімдер осыған қазақстандық кадрларды, отандық құрылыс компанияларын және құрылыс материалдарын өндірушілерді тартуға міндетті", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы 13 мың адамды ғана тұрақты жұмыспен қамтитынын, бұл басты әрі негізгі мақсат емес екенін айтты.

"Менің қолымдағы талдаулар жоспарланған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша екенін көрсетеді. Бағдарлама аяқталған соң тек қана 13 мың адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бірқатар облыста бағдарлама нәтижесінде өте аз тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Жұмыспен қамтудың екі түрі арасындағы тепе-теңдік сақталуы қажет. Әрине дағдарыс кезінде уақытша еңбек ету де маңызды, бірақ келешекте халықты ауқымды әрі сапалы жұмыспен қамтуды ойлану керек", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды. 

"Елдің оңтүстігінде қазірдің өзінде егін егу жұмыстары жүргізілуде. Басқа аймақтарда көктемгі дала жұмыстары бір ай ішінде басталуға тиіс. Фермерлер айналым қаражатымен, пестицидтер мен тыңайтқыштармен, сапалы тұқымдар мен жанар-жағармаймен қамтылуы қажет. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 есе артып, 170 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімдерін жеткізушілердің карантиндік қалаларға үздіксіз кіруін қамтамасыз ету керек. Оларға жедел түрде "жасыл" аймақ арқылы өткізу құжаты берілуге тиіс. Бұл көктемгі дала жұмыстарын бастайтын фермерлерге де қатысты мәселе", – деді Мемлекет басшысы.

Сөз арасында Президент шаруалар тарапынан дизель отынының сапасына сын айтылып жатқанын жеткізді.

"Дизель отынының сапасына сын айтылуда. Фермерлер сапасыз жанармайдың салдарынан қымбат ауыл шаруашылығы техникасы істен шыққаны туралы фактілер келтіруде. Осы орайда энергетика министрлігі мен әкімдіктер жанар-жағармайдың көлемін ғана емес, сапасын да бақылауға тиіс", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын қайта қарауды тапсырып, E-Learning жүйесін сынады. 

"Карантин режиміндегі қашықтықтан оқыту кезінде мектептер мен университеттердің интернет-жүйесі сынақты, былайша айтқанда стресс-тестті көтере алмады. Жүйелік олқылықтар анықталды. Білім министрлігі телеарна арқылы сабақ беруге мәжбүр. Көп жарнамаланған E-Learning жүйесі, әзілкештер айтатындай "сынып" қалды. E-gov жұмысында да кідіріс байқалады. Поствирустық кезеңде осы жағдайлардан сабақ алып, асыра сілтенбеген есептеу сараптамасын дайындау керек", – деді Мемлекет басшысы. 

Президент төтенше жағдай кезінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесін дамытуға болатынын баяндап, төлем карталарын қашықтықтан алу мәселесін 3 күн ішінде шешуді тапсырды. 

Сөз арасында Мемлекет басшысы төтенше жағдай кезінде қаржылай көмекті мұқтаж адамдар алуға тиіс екенін айтты.

"Жеткілікті табысы барлардың қаржылай көмек алуына жол бермеу керек. Алаяқтар мен ар-ұяттан безгендерді тәртіпке салу қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу