Әлем баспасөзіне шолу: латын, көшпенділер, полигон, "Қазақтелеком"

3762

Апта ішінде шетелдік басылымдарда Қазақстан туралы жалт еткен жарияланымдарды аbctv.kz іріктеп көрді.

Әлем баспасөзіне шолу: латын, көшпенділер, полигон, "Қазақтелеком"

"Ебедейсіз әліпбиден" Батыcқа таныс латынға
Әдетте Қазақстанға келгенде, мұнай мен Байқоңырдың жайын жазатын әлем баспасөзі кейінгі кездері еліміздің жаңа әліпбиіне көңіл аударып отыр. Американың Newsweek журналында "латыншамыз" туралы мақала "Сталиндік алфавитті 80 жылдан соң өзгерткен мемлекет" деген тақырыппен жарық көрді. Оның авторына жүгінсек, "Кезінде Кеңес лингвисттерінің басын ауыртқан саяси шешімнің жарасын қазақ үкіметі қазір емдеп жатыр.

Кириллица ортағасырлық Бұлғар хандығында христиандық жазбаларды Шығыс Еуропа тайпаларының тілдеріне аударуды мақсат тұтты. Сонымен қатар, оны Ресей, Беларусь, Болгария, Македония, Сербия, Украина ғасырлар бойы өздеріне бейімдеп қолданып келді. Бұл алфавиттің ең ұзақ нұсқасы – орыстар мен украиндарда: 33 символ! Бірақ,оны қазақшалау тіл мамандарына тіптен зор міндет жүктеді.  

Сталиннің бұйрығымен кеңестік басшылар қазақ әліпбиіне орыс тілінде жоқ 9 символ мен қазаққа қажет емес әріптер қосып, өмірге ебедейсіз әрі ауыр алфавит келді. Ал, Қазақстанның қазіргі 30 символық жаңа әліпбиін батыстық оқырман толық тани алады. Өйткені, оның құрамына бүгінгі заманның кез-келген латын алфавитінің әріптері тиімді түрде енгізілген".

Британдықтар, көшпенділер: кім кімді өзгертті?
Британияның байырғы халқын осыдан 4500 жылдай уақыт бұрын жаңа қоныс аударушылар түгелдей алмастырған. Мұндай тұжырымды Nature халықаралық ғылыми журналы ақпанның 21-і күні жариялады. "Байырғы британдықтардың орнын басқан келімсектер" атты мақалаға жүгінсек, монархияның ежелгі тұрғындарының тегін анықтау мақсатында Еуропада 400-дей ежелгі адам сүйегінен ДНК алынып, зерттелген.

Бұл жұмыстың нәтижесіне қарағанда, жаңа қоныстанушылар жүздеген жылда британдықтар генофондын 90 пайызға өзгертті. Және де сол келімсектердің ата-бабалары Украина мен Қазақстанның арасында жатқан ұлан-ғайыр даланы мекен еткен көшпенді топтардан тараған. Көшпенділер батысқа неолит дәуірінде қоныс аударып, Еуропа халықтарымен етене араласып, Британияда шығыстың генетикалық қолтаңбасын қалдырды.

Үнсіз бомба: қазақ полигонының мұрасы
Бұл - панарабтық "әл-Жазира" телекомпаниясының "Rewind" бағдарламасы көрсеткен хабардың тақырыбы. Одан түйген басты ой – Солтүстік Корея Қазақстаннан сабақ алмай тұр.

"1949-1989 жылдары Кеңес одағы Қазақстанның шығысында 460 атом бомбасын жарды. Полигон айналасындағы 45 шақырым аумақта өмір сүрген 200 мыңдай ауылдық жоғары деңгейде радиация қабылдады... Сол жарылыстардан соң ондаған жылдардан кейін дүниеге келген балалар, яғни, ядролық жауынды көрмеген ұрпақтың өзі де ауырған үстіне ауру болып барады. Өйткені, олардың кеңестік бассыздықтан денсаулығы зақымданған әке-шешелері мен ата-әжелерінің радиациядан мутацияланған хромосомдары жойылмастан, керісінше, үшінші, төртінші, бесінші толқынға жеткенде күшейіп отыр. Алайда, біреудің қателігі біреуге сабақ болмады. Былтыр Солтүстік Корея ядролық сынақ жасап, 6,3 баллдық зілзалаға түрткі болды. Жер құрылымы бұзылды, талай адам құрбан болды", - дейді катарлық телеарна тілшісі.

Telia’дан кейін Kcell’де мемлекеттің үлесі көбірек болады
Қаңтардың соңында "Қазақтелеком" операторы скандинавиялық атышулы Telia компаниясынан Kcell’дің бақылау пакетін сатып алуға өтініш берді. Осылайша, Қазақстан телекоммуникациялық нарығында мемлекет басымдығына тағы бір қадам жасалды.

Токиода шығатын "Дипломат" журналының мәліметінше, Kcell – Қазақстандағы ең ірі мобильдік оператор. Және де ол  Өзбекстанның Ucell’і, Тәжікстанның Tcell’і, Грузияның   Geocell’ тәрізді Telia’ның Еуразия нарығындағы компаниялар тобына кіреді. 2016 жылы Telia Өзбекстан телекоммуникациялық нарығында "коррупциялық зілзаланың" соққысына ұшырады. Содан кейін беделіне түскен дақты тазарту үшін ол өз атын TeliaSonera’дан Telia Company’ге өзгертіп, бірнеше жыл ішінде Еуразия нарығынан кетуге уәде берді. Сонымен қатар, сол жылдың қыркүйегінде бұл компания Құрама Штаттар мен Нидерландыда соттық реттеулерге 1.45 млн доллар төлейтінін мәлімдеді. Арада бір жыл өткенде Telia Өзбекстандағы коррупциялық жанжалды шешуге 1 млрд доллар пеналти төлеуге келісті. Ал, қаңтарда белгілі болғандай, Ресейдің Freedom Finance компаниясының Kcell’дегі акциялар үлесі 10,5 пайызға дейін өскен.

Қазір "Қазақтелекомның" өтініші – мемлекеттік антимонополиялық органның қарауында. Бірақ, оның ("Қазақтелекомның") қолына Telia үлесінің өтетіндігіне күмән шамалы.

Шолуды әзірлеген Арыстан Рысбек 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу