Әлемді алаңдатқан Анкара

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
3535

Қазақстан билігі Ресей мен Түркияны сабырға шақырды.

Әлемді алаңдатқан Анкара

"Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан", – дейді қазақ. Саяси шекара ашылып, қарулы соғыс пен ақпараттық соғыс араласқан қазіргі заманда елшілердің мойнындағы жүк ауырлап тұрғаны анық. Өкінішке қарай, Түркия астанасы Анкарада кеше қанды оқиға болды – осы елдегі Ресей Федерациясының елшісі Андрей Карлов Мевлют Мерт Алтынташ атты 22 жастағы қылмыскердің қолынан бұқараның алдында қаза тапты.

Бұл оқиға әлемді дүр сілкіндірді. 2012 жылдың қыркүйегінде Ливияда АҚШ елшілігіне шабуыл жасалғанда, елшінің қаза болғанын айтпағанда, содан бері, саяси тұлғаларды ашықтан ашық адамдар алдында өлтіру оқиғасы кездеспеген. Әрі, өткен ғасырдың жазылмаған заңына сүйенсек, елшіні ату – соғысқа шақырудың белгісі болатын. Ал Түркия мен Ресей сынды алып державалардың арасындағы қарым-қатынастың қара бұлты енді сейіле бастаған еді.

Оқиға хронологиясы

19 желтоқсан күні Ресей Федерациясының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Андрей Карлов Анкарадағы қонақ үйлердің бірінде "Ресей Калининградтан Камчаткаға дейін" атты көрменің ашылуына келіп, салтанатпен сөз сөйлеп тұрған. Ғаламторда тараған бейнежазбадан көріп тұрғанымыздай, орыс елшісінің артында оның оққағары һәм полиция қызметкерінің кейпіндегі жап-жас жігіт әрі-бері жүріп тұрған. Бәлкім сол сәт ешкім мән бермегенімен, бейнежазбадан қылмыскердің әрекеті күдік тудырғанын байқауға болады. Мысалы, ол жан қалтасына қайта-қайта қарап, қолын әлдебір әрекетке дайындап тұрғандай қимылдата берген. Костюмінің ішкі қалтасына бірнеше рет қолын салған ол қаруын дайындаған болса керек. Елшінің екі минуттық баяндамасынан кейін қылмыскер оның оң жағына қарай тұрады да көзді ашып жұмғанша елшіге қару кезенеді. Көрменің ашылуына жиналған халықты бір бұрышқа тығып, бұл әрекетін Алла жолындағы жиһадқа балай, бірнеше мәрте "Аллаху әкбар!" деп айқайлайды.

"Біз – Мұхаммед пайғамбарға жиһад уәде еткен адамдармыз. Бұл – Сирияның өтемі. Бұл – Алеппоның өтемі. Біздің жерімізге жасағандарыңның жазасын аласыңдар. Біздің елде қауіпсіздік орнамайынша, сендерде де қауіпсіздік болмайды. Менің бұл жерден өлігім ғана шықсын. Сирияны ұмытпаңдар!" деп айқайлаған 22 жастағы жігіт Ресей елшісінің кеудесіне тағы бірнеше рет оқ атқан. Түркия полициясы террористі атып өлтіріп, оның үйіне тінту жүргізген және анасы мен қарындасын тұтқынға алған.

Әлемдік баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі суреттерге сілтеме жасай отырып, бұл оқиғаны өте тез таратып жіберді. Іле-шала Анкара мэрі Мелик Гекчек Ресей елшісін өлтірген жігіт бұрын полицей болғанын мәлім етті. "Шабуыл жасаған – полицей", – деп жазды мэр "Твиттердегі" жеке парақшасында. Мэр Гекчек сондай-ақ, оқ атқан адам Фетхуллах Гүленнің жақтастары шоғырланған ҒЕТО тобының (Түркия билігінің сенімі бойынша) мүшесі болуы мүмкін деген болжам жасады. Билік өкілдері Гүленді 2016 жылдың жазында әскери төңкерісті ұйымдастырды деп айыптаған еді. Анкара мэрі "Твиттердегі" өзінің жазбасында, шабуыл жасаған ер адамның қылмыстық әрекеті 2016 жылдың жазында ғана ретке келген Ресей-Түркия арасындағы қарым-қатынасты қайта ушықтыруға бағытталған әрекет деп бағалады.

Сол сәтте Мәскеу де бұл оқиғаға қатысты шұғыл жиналыс өткізді. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қаза болған елшінің есімін мәңгі сақтау үшін тиісті тапсырма берді.

"Маған Түркиядан қайғылы хабар келді. Біздің елшіні аса жауыздықпен өлтірген. Ең алдымен, Андрей Геннадиевичтің туған-туысы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Сыртқы істер министріне (Сергей Лавровқа – агенттік) қаза болған елшіні мемлекеттік марапатқа ұсынуды тапсырамын. Андрей Геннадьевич қызмет бабында қаза тапты. Ол өте тамаша дипломат еді. Түркия басшылығымен, өзге де саяси күштердің басшыларымен тіл табысқан, берік байланыс орната білген елші еді. Ол өте зиялы, мейірімді адам адам болатын. Осы жылдың күзінде Түркияға жасаған сапарымда менің қасымда жүрген. Бұл оқиғаны Ресей мен Түркияның арасындағы қарым-қатынасты ушықтыруға бағытталған провокация деп білемін", – дейді Владимир Путин.

Айта кететін маңызды жайт, елші 19 желтоқсан күні террористің қолынан қаза тапса, 20 желтоқсан күні Мәскеуде Ресей, Түркия және Иран Сирия мәселесі жөнінде үшжақты кездесу өткізу керек еді.

Төтенше жағдайға қарамастан, Ресей мен Түркияның Сыртқы істер министрлері кездесті. "Сіз екеуміздің арамыздағы келіссөз және алда ирандық әріптестерімізбен өтетін үшжақты келіссөз бір уағдаластыққа жетуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сол уағдаластықтар Сирия мәселесін реттеу процесін алға жылжытып, гуманитарлық көмек жеткізудің тиімді жолдарын тауып береді деп сенемін. Бірақ, бұл жерде террористерді шолжаңдатып қоймаймыз", – дейді Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу болса, елшінің қазасы ауыр болғанын жеткізіп, болған оқиғаны қатты сынға алды. "Аса құрметті досым Сергей! Ең алдымен, Сіздің әріптесіңіз, менің досым – Ресей елшісі Андрей Карловтың қазасына байланысты, бұл қылмысты қатты сынағым келеді. Ол қылмыс мен Ресейге келе жатқанда болды. Кеше айтқанымдай, Карлов мырза өте талантты дипломат еді, ең қиын кезеңде өз міндетін тамаша орындады. Түркия мен түрік халқы Ресей сияқты қазаға қабырғасы қайысып отыр", – дейді М.Чавушоглу.

Елші өліміне қатысты Қазақстанның көзқарасы

Елшінің қазасынан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Ақорда хабарлағандай, Елбасы Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Геннадьевич Карловтың қайғылы қазасы туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады. "Бұл терроризм актісі осынау зұлымдықпен күрес жолында бүкіл әлемнің күш-жігерін жұмылдыру қажет екеніне тағы да көзімізді жеткізе түсті. Ешқандай зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайды", – деп жазылған жеделхатта. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан А.Карловтың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Ал ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев болса, бұл оқиғада Қазақстан екі елді салқынқанды болуға шақыратынын мәлім етті.

"Өздеріңіз білетіндей, бұның алдындағы Ресей мен Түркия арасындағы шиеленіскен ахуал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен жақсарған болатын. Кешегі оқыс жағдайдың да екіжақты қарым-қатынасқа тигізетін теріс әсері болуы мүмкін. Біз екі тарапты да салқынқандылыққа шақырамыз. Екі тараптың да бұл жағдайға байланысты ұстанымын келіссөз арқылы шешу қажет", – дейді Ашықбаев.

Вице-министрдің айтып отырғаны – өткен жылдың 24 қарашасында Түркияның жойғыш ұшағы Сирия шекарасы маңында Ресейдің бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсірген болатын. Владимир Путин мұны "арқадан жасалған соққы" деп, Ресей Түркияға бірқатар экономикалық шектеулер қойған. Ал маусым айының соңында Қазақстан Президентінің араағайындығының нәтижесінде екі елдің арасы жақындап, Путин Түркиямен сауда-экономикалық қатынас қайта қалпына келе бастағанын мәлімдеген-ді.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев сондай-ақ Қазақстан елшілерінің қауіпсіздігіне тоқталды. "Шетелде жұмыс істеп жүрген дипломаттарымыздың қауіпсіздігі бірінші орында тұр. Біздің дипломатиялық өкілдіктеріміздің қауіпсіздігі жөніндегі жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл тек Түркияға ғана емес, дүниежүзіндегі елшіліктерімізге де қатысты. Әлемдегі ахуалды білесіздер. Тек Түркияда емес, Еуропа елдерінде де, Азия елдерінде де болып жатқан террористік актілерге қарсы тиісті шаралар қолданылады", – дейді Ашықбаев.

Сарапшылар не дейді?

Қазақстанның Түркиядағы бұрынғы елшісі, саясаткер Балташ Тұрсымбаев "Азаттық" радиосына сұхбат бере отырып, енді Ресей Сирияға қатысты келіссөз кезінде кішкене болсын артықшылыққа ие болуы мүмкін деген пікірін айтты.

"Менің елші болған кезімдегі қауіпсіздік жүйесін айтатын болсам, бәзбіреулердің сол кезде бәрі тыныш болды деген болжамы дұрыс емес. Ол кезде де жағдай қауіпті еді. Бірақ, Түркия билігі бәрін бақылауда ұстайтын. Елшілер баратын бүкіл жерді, қонақ үйлерді қатты қадағалайтын. Мысалы, Анкарада елшілер тоқтайтын екі қонақ үй бар еді, ол "Хилтон" және "Фирофон" қонақ үйлері. Бұл екі қонақ үйдің айналасы күні-түні күзетілетін, әрбір жерде камера қойылған. Бір сөзбен айтсам, бұл екі қонақ үйге қарулы адам кіре алмайтын. Елшілер баспасөз мәслихаттарын, әртүрлі мерекелік шараны осы екі қонақ үйдің мәжіліс залдарында өткізетін еді. Бірақ, көрмені басқа қонақ үйде өткізетін. Ол қонақ үйдің қауіпсіздігіне тоқталатын болсам, ол жер аса қатты бақылауда ұсталған емес. Тек сыртының күзеті бар, ал ішіндегі адамдардың іс әрекеті қатты бақыланбайтын", – дейді Балташ Тұрсымбаев.

Саясаттанушының айтуынша, террористің полиция күзетінде сыбайласы болған.

"Полиция күзетінің ішінде сыбайласы бары анық. Ал Сирия келіссөзі бойынша, енді Ресейдің кішкене артықшылығы бар деуге болады. Келе жатқан келіссөздерде, болашақта болуы мүмкін конференцияларда Ресей басымдыққа ие болып тұрады", – дейді ол.

P.S: Қаза тапқан Андрей Карлов 1954 жылы дүниеге келген. Ажырасқан, бір ұлы бар. Корея елінде елші болған. Түркиядағы елшілік қызметіне 2013 жылдың 12 маусымында кіріскен еді. Айта кетейік, соңғы кездері Түркияда Сириядағы Ресей саясатына қарсы акциялар жиі өтіп жүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу