Әлемнің қауіпсіздігі, гүлденуі және жеке өмір жайлы

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
5001

Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп стратегиялық серіктестікті кеңейтуге келісті. 

Әлемнің қауіпсіздігі, гүлденуі және жеке өмір жайлы Фото: akorda.kz

16 қаңтар күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына бесінші ресми сапары басталды.

Президенттің салтанатты шеруі Ақ үйдің батыс жақ қанатына дәл 12.00-де келіп тоқтады. Ақ үйдің қазіргі иесі қонақты есіктің алдынан қарсы алды. Мемлекет басшылары бір-бірімен жылы амандасты да, бірден ішке кірді. Қазақстандық делегация мүшелері президент мінген көлік тоқтағаннан кейін, Ақ үйге жаяу барды. Парламент сенаты комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Қазыхановпен әңгімелесіп алда келе жатты. Одан кейін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімов, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов, премьер-министрдің орынбасары Асқар Мамин, сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов келе жатты.

Шын мәнісінде, делегация мүшелері елеусіз қалды, жиналған барлық баспасөз құралдарының назары мемлекет басшыларында болды.

Нұрсұлтан Назарбаев дәстүр бойынша Рузвельт кабинетіндегі құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. Содан кейін президенттер екіжақты келіссөз жүргізу үшін бөлек кетті. Алайда келіссөз ұзаққа созылған жоқ,  жарты сағаттың ішінде аяқталды. Мемлекет басшылары келіссөз қысқа болса да, тиімді болғанын атап кетті. Қазақстан мен АҚШ басшылары тіпті осыншалықты қысқа уақыттың ішінде қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және екі елдің одан әрі өзара әрекет етуінің келешегі сияқты мәселелерді талқылады.  

Пікірталастың осындай шапшаңдықпен өтуіне таң қалудың қажеті жоқ сияқты. Президенттер барлық бағыт бойынша толық өзара түсіністіктің бар екенін көрсетті. Журналистер алдында сөз алған Дональд Трамп Қазақстан президентіне: "Сізді Ақ үйде қабылдауға қуаныштымыз. Сіздің Қазақстанда жасап атқарып жұмысыңыз керемет. Екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасқа қатысты маңызды мәселелер бойынша диалог жүргізуге келгеніңіз үшін рахмет", – деп алғысын білдірді.

Ақ үйдің иесі АҚШ 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған кезде оны алғашқылардың бірі болып мойындап, оны үнемі "күшті, егемен, тәуелсіз ел, Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес және бағалы дос ретінде" көретінін атап кетті.

"Құрама Штаттар мен Қазақстан өңірде және одан тысқары жерлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнату үшін бірлесіп жұмыс істеді. Біз бірлесіп ядролық қаруды демонтаждап, оның Қазақстандағы инфрақұрылымын жойдық. Сондай-ақ біз Қазақстан мен барлық әлем балаларының қауіпсіз және дені сау болуын қамтамасыз еттік. Қазақстанға, оның ішінде энергетика саласына инвестиция салуды арттыруға байланысты мақсаттарға ұмтылып, барлық мүмкіндікті қалт жібермедік. Бүгінгі күні біздің Қазақстанмен стратегиялық серіктестігіміз менің саясатымды Оңтүстік Африкада ілгерілетуде және оны күткенімізден де жылдам жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар Ауғанстандағы  біздің күштеріміз үшін маңызды қолдау болып отыр. Бұл ынтымақтастық Қазақстан БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне төраға болғанда одан әрі нығая түсті. Сондықтан бұл үлкен құрмет", – деді АҚШ президенті.

Екі көшбасшының қазіргі диалогы ең алдымен әлем халқының қауіпсіздігі мен гүлденуіне және әл-ауқатына жәрдемдесуге бағытталды. Осы арада Дональд Трамп Ауғанстан мен Солтүстік корей проблемасына ерекше тоқталды. Ауғанстанға қатысты проблемада Вашингтон ДАИШ және Талибан атынан орын алып отырған терроризмге қарсы әрекет ету, сондай-ақ бұл елде бейбітшілік орнату сияқты мәселелерге Қазақстан және басқа Орталық Азия мемлекеттерінің одан әрі қолдау көрсететіне сенім білдірді.  

"Ауғанстанда қауіпсіздікті нығайту үшін Қазақстан президентінің қосымша қолдау көрсетуге уәде бергеніне алғысымды білдіремін, – деген ол, – Америка Құрама Штаты күшті, гүлденген, көршілерін сыйлайтын және өз елінің тағдырын қадағалап, өзі билік ететін елмен серіктес болуға ұмтылады.

Сондай-ақ Қазақстан Корей түбегінде ядролық қаруды болдырмауға бағытталған біздің күшімізді қолдайтын құнды серіктесіміз болып табылады. Бүгінгі күні бүкіл әлемге ядролық апат жасау қаупін төндіріп отырған Солтүстік Кореяның режиміне мүмкіндік бермеуге әзірміз",– деп атап кетті.

Экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жеке қаралды. АҚШ президенті Қазақстанның әлемнің 30 дамыған елінің қатарына ену жоспарын және елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға қатысты жұмысына тоқталып, "бұл америкалық компаниялар үшін жаңа мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орнын құру" деп атап кетті.

"Сауда екі жақтың мүддесіне сай болу үшін әділ және екіжақты болу керек екеніміз келісеміз", – деді Дональд Трамп.

"Азаматтарымыз екі елде де жоғары мүмкіндіктерге ие болуы үшін біз ортақ міндеттерімізді орындауға тырысамыз. Президент мырза, біз сізді Ақ үйде қабылдағанымызға қуаныштымыз. Біздің елдер арасындағы ынтымақтастықтың тарихы тереңде жатыр. Ынтымақтастық ертеңгі күніміздің қауіпсіз, жарқын болуына бағытталған. Мен сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының тамаша жетістіктерге қол жеткізгенін көргім келеді. Біз Қазақстанның болашағы жарқын болғанын тілейміз. Әлемнің бейбітшілікті сүйетін барша халқына тілеріміз де осы", – деді АҚШ президенті.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев америкалық әріптесіне АҚШ-қа ресми сапармен шақырғаны үшін және қазақстандық делегацияны құшақ жая қарсы алғаны үшін алғыс білдірді.

"Менің сапарымның нәтижесінде Қазақстан-Америка қатынастарын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру жөнінде шешім шығаратынымызға сенімдімін. Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа дәуірін бастайтын тиісті бірлескен саяси мәлімдеме қабылдадық", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Қазақстан президенті екіжақты қатынастардың даму тарихын еске алды. АҚШ-тың Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде мойындауы және барынша қолдау көрсетуі біздің мемлекеттің әлемдегі беделді ел атануының негізі мен тірегі болғанын атап өтті.

АҚШ-пен қарым-қатынас тек Қазақстан үшін ғана емес, Орта Азия өңірі үшін де маңызды. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жағдайға да назар аударды.

"Мен бұрынғы кеңес үкіметінің құрамында болған Қазақстанның, сондай-ақ құрамына бес мемлекет енетін Орталық Азияның атынан келіп отырмын. Бүгінде әлем елдерінің қызығушылығы Орталық Азияға ауып отыр. Біздің көршілер – Ресей мен Қытай. Ал оңтүстігімізде – ислам әлемі. Сондықтан 5+1 форматына АҚШ-тың қатысуы маңызды болып табылады. Мен АҚШ президентінен осы ынтымақтастықты жалғастыруын сұраймын", – деп мәлімдеді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтағанын және қазір Ауғанстанда жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстарға қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

"Америка әскерінің Ауғанстанда болуы тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі. Терроризмнің жаңа ошағын тұншықтыру – бұл баршамызға, Ауғанстанның көршілеріне ортақ міндет", – деді Қазақстан президенті.

Сондай-ақ ол осы жылдары Қазақстан 75 млн долларға гуманитарлық және техникалық көмек көрсеткенін, бұдан бөлек, мыңдаған ауғанстандық жастар Қазақстанда білім алып, жаңа мамандықтар игеріп жатқанын мәлімдеді. Бұл мақсатқа 55 млн доллар бағытталған.

"Біз Солтүстік Кореяға қатысты және өзге де жаһандық мәселелерді талқыладық. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдегі ең үлкен сынақ полигонын жапқан ел екенін жақсы білесіз. Ядролық қаруы бар елдерге біз таңдаған жолды ұсынуға моральдық тұрғыдан құқығымыз бар", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл ретте, Қазақстан президенті Солтүстік Кореяның проблемаларын АҚШ, Қытай және Ресей елдерінің бірлесе шешкені маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның Ресейдің көршісі ретінде АҚШ пен Ресей арасындағы саяси қарым-қатынасқа сызат түскеніне алаңдайтынын мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықта экономикалық байланыстың алар орны ерекше.

Бүгінде Қазақстанда америкалық ірі компаниялар жұмыс істейді. Олар ел экономикасына шамамен 50 млрд доллар инвестиция құйды. Қазақстан президенті экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін америкалық ірі бизнес өкілдерімен дөңгелек үстелге қатысатынын еске салды. Оның қорытындысы бойынша 7,5 млрд доллардан асатын сомаға 20-дан астам келісімшарт жасалды. Оған "Боинг" ұшақтары сатып алынбақ. Сондай-ақ қаржының біраз бөлігі 900 электровоз құрылысына және аграрлық секторға бағытталмақ. 

Сондай-ақ мемлекет басшысы біздің елде АҚШ азаматтары үшін визасыз режім енгізілгенін, соған сәйкес АҚШ тарапынан лайықты жауап болады деп үміттенетінін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев өз баяндамасын аяқтай келе Дональд Трампты оның басшылығымен АҚШ-тың экономикалық дамуға қол жеткізіп отырғанымен құттықтады.

"Сіз керемет салық реформасын жүргіздіңіз. Бұл бастаманы қолдаймын. Өйткені мен мұны 5 жыл бұрын атқарғанмын. Біздің елде барша тұрғындар үшін корпоративті салық 20%-ға, табыс салығы 10%-ға тең. Сізді президент атанғаныңызға бір жыл толуымен құттықтаймын. Тоғызыншы немереңіздің дүниеге келуімен құттықтаймын, президент мырза. Бірақ өткен жылы мен оныншы немеренің атасы атандым", – деді Қазақстан президенті жылы шырайлы күлкімен.

Жүзіне күлкі үйірілген Дональд Трамп әріптесінің қолын қысты. Кейін олар шығып кетті. Ал біршама уақыттан кейін Ақ үй басшысы мәртебелі мейманын көлікке дейін шығарып салды. Олар бір-бірімен жылы қоштасты. Нұрсұлтан Назарбаев өз көлігіне отырды. Ал Дональд Трамп қол бұлғап қала берді де, жұмыс резиденциясын бетке алды.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова, Вашингтон

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу