Әлемнің мега-миллионерлерінің көбі – Гонконгте

6274

Нью-Йорк супер байлар мекені деген мәртебесінен айрылып, Азияға есе жіберді.

Әлемнің мега-миллионерлерінің көбі – Гонконгте

Гонконг планета бойынша байлар ең көп тұратын қалаға айналып отыр. Мұны бейсенбі күні Wealth-X зерттеу орталығы жариялады. 2011 жылдан бері бақуаттылар саны жағынан Нью-Йорк алда тұрды.

Зерттеу қорытындысына қарағанда, 2017 жылы Азияның қаржылық хабында (Гонконгте) дәулеті 30 миллион доллардан асатын адамдардың саны 31 пайызға артып, 10 мыңнан асқан. Ал, Американың ең алып мегаполисінде олардың қатары 9 мыңға жуық. Үшінші  орында Токио тұр. Одан кейін сатыларда – Лос-Анджелес, Париж, Лондон, Чикаго, Сан-Франциско, Вашингтон, Осака. Зерттеушілердің ойынша, британ астанасының Парижге есе жіберуіне "брекситпен" байланысты қаржы нарығындағы қиындықтар мен Біріккен Корольдік экономикасындағы тұрақсыздық кінәлі.

Жалпы алғанда, әлемде былтыр ультра-байлар саны 13 пайызға көбейіп, 250 мыңнан асқан. Олардың барлығының байлығын қосқанда, 31,5 триллион доллар болады. Магнаттар кірісінің мұнша артуына әлем экономикасының қарқын алуы мен қор нарықтарындағы жақсы көрсеткіштер ықпал еткен. 

Wealth-X-тің болжамынша, Азия-Тынық мұхиты аймағында дәулеттілер саны жылына сегіз пайызға өсіп отырмақ. Бұған Қытай мен Азия экономикаларының қарыштап дамуы себепші. Осы баяндамада келтірілген тағы бір мәліметке қарағанда, былтыр дүниежүзінде супер бай әйелдердің саны 35 мыңға жеткен.

"Гонконгте ультра байлардың көбеюіне оның акциялар нарығының өркендеуі және Қытай экономикасымен қаржылық байланыстарының кеңеюі себепкер. Қытайдың кейінгі жылдардағы экономикалық секірісі аймақта мультимиллионерлер санының артуына көмектесіп отыр", – деп жазады зерттеу авторлары.

Гонконгтің әйгілі магнаттарының қатарында Ли Ка Шинь бар.  Оның "Чень-Конг" деген империясына әлем бойынша порттар, телекоммуникациялық желілер, энергетикалық компаниялар кіреді. Дегенмен, құрлықтық Қытайдың бірде-бір қаласы Wealth-X-тің мега-миллионерлер ондығына кірмеген. Себебі, олар бір жерде шоғырланбай, әртүрлі мегаполистерде тұрады. Қытайдың ең дәулетті азаматтарының қатарында Alibaba және Tencent интернет-компанияларының негізін қалаған Джек Ма мен Пони Ма бар.  Осылардың алдыңғысының дәулеті – 40 миллиард доллар. Ол осыдан бірер күн бұрын Alibaba басшылығынан кетіп, өзін әрі қарай білім саласындағы қайырымдылыққа арнайтынын мәлімдеді. "Мен білімді жақсы көремін", –  дейді Джек Ма "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген сұхбатында.

Дегенмен, Америка Құрама Штаттары әлем байлары үшін бәрібір тартымды ел болып тұр. Онда дүниежүзіндегі табысы ең жоғары адамдардың үштен бірі тұрады. Алайда, соңғы статистикаға жүгінсек, Азия, соның ішінде Қытай,  әсіре байлар саны жағынан АҚШ-ты қуып жетуге жақын.

Өткен жылы Азияда өте бақуаттылар қатары 20 пайызға өсті. Олардың баюына тұтынушылық шығындардың артуы, инфрақұрылымдық жобаларға инвестицияның бұрынғыдан көбірек салынуы, экономикалық реформалар жәрдемдескен.

Capgemini консалтингтік компаниясы жүргізген өзге бір зерттеуге жүгінсек, Азияда соңғы төрт жылда 1 миллион долларлық инвестициялық активі бар тұлғалардың қатары әлемнің өзге аймақтарымен салыстырған әлдеқайда көбейген. Басқа болжамдарға қарағанда, Қытай миллиардерлер саны жағынан Құрама Штаттарды басып озған болуы керек.

Бірақ, 2018 жылы жағдай қиындауы мүмкін. Қытай қазір АҚШ-пен сауда соғысын жүргізіп жатыр. Және де оның қаржы жүйесінде қарыз деңгейі өсіп, ұлттық валютасы доллардың қасында біршама әлсіреп отыр.

Таяу шығысқа келсек, шикізат нарығындағы қиындықтар оның позициясын біршама әлсіретті. Бұл аймақта активтер мен жеке тұлғалардың байлығы өткен жылы шамамен 4,5 пайызға ғана өсті. Дегенмен, Wealth-X-тің мәліметінше, былтыр әр аймақ ғаламдық нарықтағы өсімге байланысты табысқа кенелді.

"2017 жылы экономикалық және қаржылық нарықтар күрт өсімімен таңқалдырды. Жыл сайынғы көрсеткіштерді негізге алсақ, былтыр әлемнің нақты жалпы ішкі өнімі 2011 жылдан бергі ең жоғары өсімді байқатты ", – деп жазылған Wealth-X-тің зерттеуінде.

Оның дерегінше, супер байлар өз дәулетінің 35 пайызын  қолма-қол ақша тәрізді ликвидтік активтерде ұстап, жылжымайтын мүлік пен яхталарға жалпы байлықтың 6,6 пайызы салған. 

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу