Алматының бейнесі өзгереді

Мамандар 2017 жылы қаланы көріктендіру бойынша ережелер күшін жойғанын айтуда. 

Алматының бейнесі өзгереді

Жуырда халық арасында балкондарды дизайн-кодқа сәйкес өзгерту мәселесі қызу талқылана бастады. Тіпті бұл талаптарды ұстанбаған нысан иелеріне айыппұл салынуы мүмкін деген пікірлер айтылды. Алматыны көріктендіру бойынша қандай өзгерістер қабылданады? Дизайн-код дегеніміз не? Қандай нысан иелеріне айыппұл салынуы мүмкін?  inbusiness.kz порталының тілшісі осы және өзге де сауалдардың жауабын іздеді.

Алматыны көріктендіру бойынша ережеге соңғы өзгерістер 2017 жылы енгізілді. Бұл талаптардың №136 бөлімінде тандыр пештер мен мангалдарды тек демалыс аймақтарында ғана орнатуға тыйым салынған болатын. Ал соңғы өзгерістерге сәйкес қала мәслихаты ережеге қоғамдық тамақтану орындарына байланысты жаңа бөлім қосты. Осылайша Алматы көшелері мен тамақтану нысандарында тандыр пештер мен кәуап пісіруге арналған мангалдар орнатуға қарсы өзгерістер талқылана бастады. Бұл ретте Жасыл экономика басқармасының мамандары "бұл тыйым осыдан он жыл бұрын қабылдануы керек болатын" деген пікірде. 

"Бұл ереже Азаматтық, Жер, Экологиялық кодекстерге және "Әкімшілік құқық бұзушылық", "Сәулет және қала құрылысы" заңдарына сәйкес жасалды. Енді сарапшылардың қорытындысын күтеміз. Егер бұл өзгеріс қабылданса, он күннің ішінде күшіне енеді",– деді қала мәслихатында.

Бұл өзгерістің бизнеске зияны тимей ме?

Қоғамдық тамақтану орындары – Алматыдағы бәсекелестік жоғары сала. Тіпті мегаполистегі асханалар мен мейрамханалардың саны нақты қанша екені туралы статистика жоқ. Алайда қоғамдық тамақтану орындарының мекенжайлары белгіленген tripadvisor, 2gis сайттарында орта есеппен 3 мыңға жуық асханалар мен мейрамхана бар. Ал тандыр пештер мен кәуап пісіруге арналған жабдықтар бұлардың 70%-ында орнатылған. Демек жаңа ереже кәсіпкерлердің жоспарларымен үйлеспеуі мүмкін.

Бұдан бөлек 2020 жылдан бастап жалпы қалалық дизайн-код енгізілмек.

Дизайн-код дегеніміз не?  Оның талаптарын сақтамағандарға айыппұл салына ма?

"Дизайн-код — адамдар тұратын ғимараттардың сыртынан бастап, айналасын  бірізділікке келтіру мақсатында жазылған ережелер жиынтығы. ОЛ 2020 жылдан бастап қолданыла бастайды. Талаптардың басым бөлігін тұрғындар орындауға міндетті болады",– дейді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы жетекшісі Алмасхан Ахмеджанов.

Жалпы қазақстандық дизайн-код жобасы канадалық – жалпы қалалық стандарт бағдарламасы аясында құрастырылуда. Сонымен қатар  Германияның "қақпасыз қала" тәжірибесі негізге алынды.  Бүгінде мегаполистің орталық аудандарының сәулеті осы жобаға сәйкес өзгеріске ұшырады. Уақыт өте келе қаланың барлық ауданы бірізділікке келтірілмек. Ал жыл соңына дейін дизайн-код талаптарына сәйкес келетін ғимараттың сыртын әрлеуге қолданылуға тиіс құрылыс заттары тізімі жасалмақ.  Бұл ретте қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы мамандары басымдылық жергілікті өндірушілердің өнімдеріне берілетінін айтты.

Сонымен қатар Алмасхан Ахмеджанов, 2018 жылдан бері талқыға түсіп келе жатқан дизайн-кодтың толық талаптары жуырда ғана дайын болғанын айтты.

Бұған дейін жүзеге асырылып келе жатқан бірыңғай сәулеттік талаптар енді балкондарға жетті.

"Соңғы кезеңге келдік. Осы айдың соңында барлық қойылатын талаптар сайтымызда жарияланады. Ол сынау үшін емес, Алматының дизайн-кодына байланысты пайдалы ұсыныстар үшін",– дейді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы жетекшісі.

Басқарма жетекшісінің сөзінше, балкондар мен ғимараттың сыртқы құрылысының бірнеше нұсқасы жасалған. Ал балкондарын өз талғамдарына қарай жасаған алматылықтарға барлығын дизайн-кодқа сәйкес өзгерту керектігі ескертіледі.

"Қазір біреу балконын ақ, келесісі қара түске бояп тастағанын көріп отырмыз. Мұның барлығы ортақ талаптар жоқ кезде жасалып қойды. Сондықтан терезеге қандай тор орнатуға болатынына дейін жазуға мүмкіндік беретін еуропалық тәжірибені негізге алуды шештік. Дизайн-код тұрғындарға нақты қалай жасауға болмайтынын және қалай жасауға болатынын көрсетуге арналған.  Адамдар әйнек орната ма өздері шешеді. Бастысы қаладағы кез келген ғимарат әдемі болуға тиіс",– деді басқарма жетекшісі.

Сонымен қатар, ол бастапқы кезде талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салынбайтынын айтты. Алайда уақыт өте келе тұрғындар балкондарын жеке қаражаттары есебінен дизайн-кодқа сәйкестендіру керек. Дегенмен биыл заңға енгізілген өзгерістер негізінде әкімдік ғимараттың сыртын жөндеуге қаржы бөлуге қауқарлы. Әйтседе қаржыландыру мәселесі әлі де талқыланады.

Ең бірінші қандай ғимараттар дизайн-код талаптарына сәйкес өзгеріске ұшырайды?

Бастапқыда дизайн-код шағын және орта бизнес үшін жасалған. Сондықтан ғимараттардың төменгі қабатында орналасқан кәсіпкерлік нысандары бірінші болып осы талаптарға сәйкестендіріледі. Ал бастысы бұл ережелер жиынтығы кәсіпкерлерге кеңселердің сыртқы көрінісін жоспарлау барысында көмекші құралға айналады.

Қанша қаражат қарастырылған?

2019-2021 жылдары Алматыны көркейту үшін  98,7 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаражат қаланың үшжылдық бюджетінде қарастырылған. Соған сәйкес 2019 жылы мегаполисті дамыту мен көркейтуге 34,2 млрд теңге бағытталған. 2020 жылы бұл 33,5 млрд, 2021 жылы 31 млрд теңгені құрайды. Бұдан бөлек үш жыл бойы көшелерді жарықтандыруға 4 млрд теңге жұмсалады. Оның ішінде 1,2 млрд – 2019 жылы, 1,3 млрд – 2020 жылы, 1,4 млрд – 2021 жылы. Өнеркәсіп, сәулет пен қала құрылысына 5,7 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар, шаһар құрылысы саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін үш жылға  1,7  млрд теңге бағытталмақ. Оған қоса, жобалау, құрылыс, коммуналдық тұрғын үй қорын қайта қалыпына келтіру үшін үш жылға 13,3 млрд теңге бекітілген.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу