Армения мен Қазақстанның тауар айналымы көңіл көншітпейді

Тигран Оганесян Тигран Оганесян
2503

Кәсіпкерлер екі елдің үкіметіне жүк тасымалдау тарифтерін реттеуді ұсынды.

Армения мен Қазақстанның тауар айналымы көңіл көншітпейді

Армения, Ресей, Қырғызстан, Беларусьтің сауда-өнеркәсіптік палатасы және "Атамекен" КҰП-тың ұйымдастыруымен 27 мамырда Цахкадзореде (Армения) өткен "Еуразиялық экономикалық одақ: Армения – ынтымақтастық" бизнес-формуында  ЕАЭО-ға мүше елдер компанияларының экспорттық әлеуеті талқыланды. Форумға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің бизнес-құрылымдарынан 400-ден астам өкіл қатысты.

"Қазір біз қызу интеграциялық үдерістер кезеңіндеміз, ЕАЭО-ның экономикалық кеңістігі аз ғана уақытта өзін жақсы жағынан таныстыра білді – қойылған мақсатқа жету үшін кезең-кезеңмен қадам жасау туралы келісім бар", – деді форумда Kazakh Invest  басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Мәйкенов.

Оның айтуынша, Армения мен Қазақстан арасында ортақ шекараның болмауын капитал мен ресурстардың еркін айналымымен толтыруға болады.

"Қазір нарық тарылып келеді, қайта бағдарлану жүргізіліп жатыр, тұтынушылық және сатып алу қабілетінің төмендеп келе жатқаны байқалады. Осыған орай, бұл мәселеде интеграциялық үдерістердің ықпалы ауадай қажет. Біз қазақстандық тауар өндірушілердің өкілі ретінде интеграциялық бірлікке қол жеткізетін барлық мүмкіндіктердің барынша көп қолданылуына көңіл бөлеміз. Шындығында  бізде экономикалық сауда шекаралары жоқ, бірақ капитал мен ресурстардың еркін айналымы бар. Бірнеше жыл бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасының арқасында пайда болған іс бүгінде Еуразиялық одаққа одан әр табысты жұмыс істеуге алғышарт жасап отыр", – деді Мейіржан Мәйкенов. – Біз Қазақстанның өнімін сыртқа тасымалдау мүмкіндігін талқылап, ЕАЭО елдерінің  арасынан жаңа серіктес табуға дайынбыз".

Арменияның экономикалық даму және инвестиция министрінің орынбасары Ованнес Азизянның айтуынша, ЕАЭО елдеріне шығарылатын экспорт деңгейі жеткіліксіз болып отыр.

"Биылғы жылдың алғашқы үш айында ЕАЭО елдеріндегі экспорттың өсімі 40%-ды құрады, бірақ бұл жеткіліксіз. Біз бірнеше жылда экспорт көлемін екі есеге өсірмекпіз, осы бағытта күрделі жұмыс жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді Ованнес Азизян.

Армения мен Қазақстан үкіметтері арасында арнайы келісім жасау, Мейіржан Мәйкеновтың айтуынша, жүк тасымалдау тарифтерінің төмендеуіне жол ашуы мүмкін.

"Бізде ортақ шекара жоқ. Сондықтан біз мультимодальдік тасымалдау құралдарын пайдалануға мәжбүрміз, яғни тауарды бастапқыда автокөлікпен, содан соң  теңіз арқылы және қайтадан автокөлік жолымен не теміржол көлігімен жеткіземіз. Әрине, бұл логистиканы сәл қиындатады, тауардың бағасы қымбаттайды. Интеграциялық процестер аясында бірінші кезекте тариф белгілеу мәселелері шешіледі деп үміттенеміз", – деді ол.

Қазақстанның Армениядағы елшісі Тимур Оразаевтың сөзінше, ЕАЭО елдерінің тауарын үшінші елдер нарығына өткізу керек.

"Біз Қазақстанда өз ұлттық бизнесімізді ынталандырып, барлық мүмкіндікті пайдаланып face to face үлгісімен шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдай жасаумен ғана шектелмей, ЕАЭО-ның экспорттық өнімі үшінші елдер аумағында бағалануы үшін күш салуға тырысамыз", – деді Тимур Оразаев.

Армения ЕАЭО үшін үшінші елдер нарығы ретінде Таяу Шығыс елдерін қарастырып отыр.

"Басты мақсат  өнімді үшінші елдер нарығына экспорттау екенін барлығымыз түсінеміз. Әр елдің өзінің дәстүрлі және жаңа нарықтары бар.  Армения үшін дәстүрлі нарық ЕАЭО, ЕО, АҚШ, Грузия болып қала бермек. Бірақ біздің алдымызда жаңа өте маңызды нарықтар ашылуы мүмкін, мысалға Парсы шығанағының елдері, араб мемлекеттері. Сатып алу қабілеті жағынан олардың мүмкіндіктері көп. Армян өнімі оларды қызықтыруы мүмкін", – деді Ованнес Азизян.

"Біз өзара қызмет туралы мәселені ұлттық деңгейде де, одан да жоғары деңгейде көтердік және үшінші елдер нарығында екіжақты ынтымақтастық деңгейінде де, жалпы одақ деңгейінде де экпорттық әлеуетті көтеруге баса назар аударамыз. Бұл бағытта серіктестерімізді қолдау шараларымен таныстыру бойынша үлкен талқылаулар жүргізілді, яғни бізбен бәсекеге түсу үшін шағын және орта бизнесті дамыту бойынша мемлекет деңгейінде қолданылатын шаралар туралы хабардар ету бойынша. Айта кеткіміз келеді, біз өз арамызда бәсекелесейік деп отырғамыз жоқ, біз бір-бірімізді толықтыруымыз керек. Осыған сәйкес, тасымалданатын тауарлар түрін кеңейту қажет, себебі әр елдің мықты және әлсіз тұстары болады", - деген пікір білдірді abctv.kz-ке Мейіржан Мәйкенов.

Қазақстанның Армениядағы елшісінің айтуынша, екі елдің бизнесмендері логистика мәселесін шешу үшін екіжақты кездесу ұйымдастыруы керек.

"Арменияда үкімет экспортқа бағытталған тауарға салынатын қазыналық жүктемелерді төмендетуге ерекше көңіл бөледі. Қазақстан үшін бұл армян серіктестерімен екіжақты кездесулер ұйымдастыратын жақсы мүмкіндік, оның үстіне  Армения мен Қазақстан арасында құрлықтық шекара жоқ, бұл логистика бойынша айтарлықтай қиындық тудырады. Ешқандай саяси көзқарастар ортақ бизнестің дамуына кедергі келтірмеуге тиіс", – деді Тимур Оразаев.

Мейіржан Мәйкеновтың айтуынша, мұндай кездесу жақын арада өтуі мүмкін.

"10 маусымда Астанада "ЭКСПО-2017" өнеркәсіптік көрмесі ашылмақ және Қазақстан оған Арменияның бизнесмендері мен сауда-өнеркәсіптік палатасын шақырады. Біз осы көрме аясында инвестициялық ынтымақтастық, экспорттық әлеуетті көтеру мәселелерін талқылау үшін армян бизнесмендерімен қосымша келіссөз жүргізуге дайынбыз", – деді Kazakh Invest басқарма төрағасының орынбасары. Оның айтуынша, Қазақстан тарапы Арменияға өңделген өнімді, азық-түлік өнімдерін, құрылыс материалдарын, машина жасау және химиялық өнімдерді (тыңайтқыштарды) жеткізуге дайын. Ал Армениядан Қазақстанға жеткізілетін тауарлардың ішінде ең танымалы – коньяк, жеміс-көкөніс өнімдері, жаңғақ.

Ал Армения өз кезегінде Қазақстанға жеткізілетін экспорттық тауарлар тізімін алкогольді және алкогольсіз сусындармен, тоқыма бұйымдары, темекі, шоколад және өзге кондитерлік өнімдермен кеңейтуге дайын тұр.

"Армения құрылыс материалдарына бай және осы тұрғыдан алғанда біздің әлеуетіміз жоғары. Бірақ ең басты міндет – бағаның жоғарылауына әкелетін логистикалық кедергілерді шешіп, Арменияның бәсекеге қабілеттілігін көтеру", – деді Ованнес Азизян.

Ал қазақстандық бизнесмендердің Армения экономикасына инвестиция салуға даярлығы турасында Мейіржан Мәйкенов мынаны айтты:

"Мәселе қандай жоба болатынында. Егер ортақ өндіріс ашу жөнінде қызық ұсыныстар болса, әрине, инвестиция да болады. Сондай-ақ Қазақстанның инвесторы экономикаға ақша салуға қорықпауы үшін инвестициялық климатты да ескеру керек. Бұл мәселелер талқылау үстінде".

Әйгерім Сүлейменова, Тигран Оганесян

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу