Әсіредіншілдер "Десяткада"

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
6685

"ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев те осы түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Әсіредіншілдер "Десяткада"

Қазақстан қоғамына қауіп төндіретін құбылыс, ол – қылмыс. Ал қылмыстың ішінде тамырын кең жайып кеткені – экстремизм мен терроризм. Теріс ағымның кесірінен жолдан тайып, қоғамға залалын тигізген қылмыскер ортаға қайта бейімделе алады, тек оларға жөн сілтеп, дәстүрлі дініміздің сабағын үйрету  керек.

"Түзету мекемесіне ат басын бұрғандағы мақсатымыз – жазасын өтеп жатқандардың арасында дінаралық татулықты дәріптеу, деструктивтік діни ағымдардың таралуына жол бермеу, теріс ағымдардың зиянды тұстарын түсіндіру және оған қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру", – дейді журналистермен сөйлескен Астана қалалық дін істері жөніндегі басқарма басшысы Данияр Есин.

Теріс діни ағым Қазақстанға қалай және қашан кірді?

Әлем тарихындағы ең бірінші ірі террорлық акт – АҚШ-та, 2001 жылдың 11-қыркүйегінде жасалды. Тура он жылдан кейін, 2011 жылдың мамырында Ақтөбеде Қазақстандағы ең алғашқы террорлық акт тіркелді. Небары 25 жастағы Рахымжан Махатов теріс діннің жетегіне еріп, өзін-өзі жарып жіберген болатын. Бір айдың ішінде  құқық қорғаушылар Рахымжан Махатовты осы қадамға итерген топты тапты. Атыс кезінде үш полицей мен сегіз террорист қаза тапқан еді. Міне, содан бері шолақ шалбар киіп, сақал өсірген салафиттер Қазақстандағы тыныштықты ауық-ауық бұзып келеді.  "Такфиризм" (мұсылмандарды "кәпір" деп айыптауды негіз етіп қалған мысырдағы радикалды идеология -  авт.) деп тайраңдаған террористер 3 әскери адамды, 4 бейбіт тұрғынды өлтірген Ақтөбе трагедиясына бір жыл толды.

Жастарды жат ағымға тартатын адамның сипаты қандай?

Имамдардың айтуынша, біріншіден, жат ағымның өкілдері  ең алдымен  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын мойындамайды, имамдардың  шығарған пәтуаларын қаралайды. Екіншіден, олар басқа киім киіп, сақал-мұрттарын өзгеше өсіреді.  Үшіншіден, өзі дұрыс деп тапқан ұстанымды өзге біреудің қабылдауын талап етеді. Мысалы, әйеліне, ата-анасына, баласына өзі сенетін ағымның талабы бойынша намаз оқып, киім киіп, сәлемдесуді шарт қылады.  

Төртінші белгісі, өзінің ықпалына ерген адамға жан-жақты қолдау көрсете бастайды.  Бұлай жасауының мақсаты – жат ағымның өкілдері аз болғандықтан олардың санын көбейтуге атсалысу.  

Құқық қорғаушылар мен дінтанушылар осы сипаттар арқылы исламның атын бүркеніп, бүлік салғалы жүргендердің шынайы ниетін байқауға болатынын айтады.  

Түзету мекемесіндегі азаматтармен кездескен "Нұр-Астана" орталық мешітінің найб имамы Әділхан Серікбай жастарды жат ағымнан қорғаудың бірден бір амалы – дұрыс ақпарат тарату екенін түсіндірді.  

"Дін – шынайы қарым-қатынас. Осы түзеу мекемесіне келгендегі мақсатымыз адасып, алданып, темір тордың артында отырған азаматтарға ой салу, олармен тең дәрежеде сөйлесу. Мейлі өзге дін өкілі болса да оған деген көзқарасымыз дұрыс болуы қажет. Ислам дінінде дінаралық татулыққа ерекше  мән береді. Діннен толықтай хабардар болмайынша, қарапайым халық  әртүрлі деструк­тивті діни ұйымдардан зардап шеге береді.  Деструктивті ағымдардың кері әсерінен ел тұрғындарын қорғап қалудың өте тиімді әрі нәтижелі жолы – ақпараттан­дыру", – деді Әділхан Серікбай.

Бұл түрмеде кімдер отыр?

Астанадағы Шанхай базарының артында орналасқан ЕЦ 166/10 түрмесін халық "десятка" деп атап кеткен. 1971 жылы ашылған мекеме  904 адамға арналған. Аумағы 20 гектар. Қазір мұнда 25-60 жас аралығындағы  900-ге жуық адам отыр. Бұл жерге әртүрлі сипатта тек ауыр қылмыс жасағандар ғана қамалады.

Айта кетейік, "ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев те осы түрмеде 14 жылдық жазасын өтеп жатыр.

Кенже Жомарт

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу