Астық тасымалында "ажиотаж" болмайды

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
4198

ҚТЖ портта вагондардың қаңтарылып тұруын қысқарту мақсатында желілік сервис қызметін енгізді.

Астық тасымалында "ажиотаж" болмайды

Биыл астық тасымалына қатысты ахуал қалай болмақ? Бұл мәселе көпшілікті алаңдататын мәселе. Былтырғы жылдың статистикалық мәліметтеріне тоқталатын болсақ, 2017 жылы 8,9 млн тонна астық тасымалданып, бұл меже 2016 жылға қарағанда, 4%-ке жоғары болған. Ел ішіне 3 млн тоннадан астам астық жөнелтілсе, қалған 5,8 млн тонна шетелге экспортталған екен. Сондай-ақ, 3,2 млн тонна ұн тиеліпті.

Еске сала кетсек, өткен жылы  Ресей мен Украинада егін бітік шығып, сол себепті қазақстандық астық экспорты Каспий және Қара теңіз порттарына, Италия, Түркия, Иран және Ауғанстан бағыттарына қарай өскен еді, ал бұл бағыттар алыс болғандықтан, вагондардың қайтарылуы ұзаққа созылатын және жаңағы елдердің инфрақұрылымдық, соның ішінде, терминалдық мүмкіндігі шектеулі болатын, сол себепті, Ақтау портында жүкті ауыстырып тиеу көлемі көптеп жиналып, бұл өз кезегінде астық тасымалдаушы құрамдардың кідіруіне және жүктің түсірілуін күтіп тұрып қалуына әкелген болатын. Содан келіп, астық тасымалдайтын вагондар жетіспеушілігі мәселесі туындаған еді. Бірақ, бұл жағдай биыл қайталанбайтын сыңайлы. "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ-ның жүк тасымалы жөніндегі атқарушы директоры Айдар Исаковтың айтуынша, портта вагондардың өнімсіз кідіріп тұруын қысқарту мақсатында желілік сервис қызметі енгізіліп отырған көрінеді. Ол Ақтау порты арқылы астық тасымалдау үшін маусымдық мультимодальды кешенді ұйымдастыруға мүмкіндік бермек. "Аталған сервис тасымалдау үдерісіне қатысушылардың, мейлі ол өндірушілер, элеваторлар, вагон операторлары, трейдерлер, брокерлер және басқалары болсын, бәрін бірыңғай тізбекке шоғырландырады. Яғни, оның мағынасы неде дейтін болсақ, экспортталатын жүк тасымалы мерзімі белгіленген кесте бойынша жүк вагондарын кемелер арқылы жеткізетін болады. Мұндай жұмыс механизмі вагондар, кемелер айналымын жақсартып,  және де Ақтау портындағы терминалдардың жүктемесін мейлінше азайтуға мүмкіндік бермек" дейді ҚТЖ өкілі.  

Былтыр Ауғанстан мен Өзбекстанға астық экспорты көлемінің өсуі, өз кезегінде, Орталық Азия аймағының инфрақұрылымдық мүмкіндіктері төмен екенін айқындап берген-ді. Нақты дерекке жүгінсек, Орталық Азия елдері инфрақұрылымының өткізу қабілеттілігі айына 600 мың тонна астық пен 200 мың тонна ұнды құрап отыр. Міне, осы мәселені шешу үшін Өзбек темір жолымен бірлескен жұмыс жүргізіліпті, нәтижесінде Сарыағаш-Келес шекаралық өткелінің өткізу қабілеттілігі тәулігіне 18-ден 28 жұп пойызға дейін ұлғайтылған. Айдар Исаков сонымен қатар Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне белгілі бір бекітілген кесте бойынша қатынап, тікелей баратын бағдарларды ұйымдастыру бойынша жұмыстардың жүргізілгенін, соның арқасында, ұн тиелген құрамдар 3257 шақырым қашықтықты 120 сағатта жүріп өтетінін жеткізді.

"Бұдан бөлек Түркия бағытына жаңа темір жол дәліздері ашылды. Ол Құрық-Алят-Ахалкалаки-Карс арқылы Түркияның Мерсин портына шығады, бұл Новороссийск порты арқылы жүретін бағдарға балама дәліз. Сондай-ақ, Ауғанстанға Имаманазар-Акина арқылы, ал Иранға Акяйла-Инчебурун арқылы астық тасымалдау қарастырылды" деді "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ атқарушы директоры.

Оның айтуынша, қазақстандық астық пен ұнды экспорттаудың дәстүрлі бағыттары биыл да сақталып қалмақ. Яғни, Орталық Азия елдеріне аталған жүктің 33%, Иран мен Ауғанстанға – 43%, Қытайға – 7%, Ресейге – 10%, өзге елдерге 7% жөнелтілмек.

Ал "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ басқарма төрағасы – атқарушы директорының операциялық қызмет жөніндегі орынбасары Марат Шакенов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының ұн мен астық жөнелтушілердің тасымалға қатысты сұранысын толық қанағаттандыруға қазірден бастап кіріскенін мәлімдеі. Енді ше? Астық пен ұн тасымалында көлік жиынтығының Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені өнімдеріне қатысты экспортты ұлғайтуда алар орны ерекше.  Бүгінде астық тасымалдаушы құрамдардың ірі қазақстандық операторы "Астық Транс" АҚ 330 астықтасушы құрамға қызмет мерзімін ұзарта отырып, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ал биылғы жылдың соңына дейін 421 құрам сатып алу және де 1080 астық вагонын жөндеу көзделіпті. Яғни, 2018/2019 жылдардың алдағы астық тасымалының маркетингілік кезеңінде "Астық Транс" АҚ жұмыс паркінде 5810 вагон болады деп межеленуде. Жалпы Қазақстан бойынша болжамдағы астық құрамдарының паркі көмек ретінде алған вагондарды қоса есептегенде, 10-11 мың астық тасымалдаушыны құрамақ.

Қазіргі күні "ҚТЖ" компаниясы отандық астық өнімдерін өткізетін жаңа нарықтарды іздеу жұмыстарын жүргізуде. Компания өкілдері Иран, Қытай, Ресей, Еуропада өтетін халықаралық көлік конференцияларынан қалмай қатысып келеді. Нәтижесі де жоқ емес. Сондай жиындардың жемісті бір нәтижесін, Жалтыр станциясынан қытайлық Ляньюньган порты арқылы вьетнамдық Хошимин портына қазақстандық астықтың тасымалдануын атауға болады.

"Астық тиелімі ырғағының бұзылмауы отандық элеваторлар мен астық қабылдаушы пунктердің дайындығы мен жарақтандырылуына да байланысты.  Былтыр элеваторлар мен астық қабылдаушы пункттерде астық тиейтін жабдықтардың істен шығып, соның кесірінен вагондардың жүк тиелімін күтіп, тоқтап тұрған кездері де болды. Ал бұл вагон айналымын бәсеңдетті, сол себептен вагондарға сұранысты арттырып, жылжымалы құрамды тиімді пайдалануға қолбайлау болған-ды. Биыл бұл жағдайлар қайталанбас үшін жүк жөнелтушілермен де жұмыс жүргізудеміз", – деді ҚТЖ өкілі Марат Шакенов.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу