Атамбаев Қазақстан туралы "жырын" Жээнбековке қалдырды

Аскар Муминов Аскар Муминов
10251

Сооранбай Жээнбековтың штабында Қырғызстан президентінің орнына таласқан жарыстың жеңісі тойлануда.

Атамбаев Қазақстан туралы "жырын" Жээнбековке қалдырды

Қырғызстанда президент сайлауы аяқталды, алдын ала мәлімет бойынша, сайлауда президенттің үкілеген үміткері Сооранбай Жээнбеков жеңіске жеткен. Сайлау жарысында көшбасы болған Өмірбек Бабанов едәуір артта қалып қойған. Дәл мұндай жағдайды сарапшылардың ешқайсысы да күтпеген еді. Сайлауға бір-екі күн қалғанда саясаткерлер сайлаудың екінші кезеңі болуы мүмкін деп болжам жасаған болатын.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметі бойынша, сайлауға келген дауыс беушілердің саны 55,93% болған, бұл – Орта ­Азия республикалары үшін мүлдем төмен көрсеткіш. Қырғызстанда 2375 сайлау учаскесі ашылған. Бюллетеньдерді санағаннан кейінгі мәлімет бойынша, Сооранбай Жээнбеков 54,75%, Өмірбек Бабанов – 33,8% дауыс жинағаны белгілі болды. Үшінші орынға ойламаған жерден "Бутун Қырғызстан" партиясының көшбасшысы және парламенттің бұрынғы спикері Адахан Мадмумаров шықты, ол 6,47% дауыс жинаған. Ал сайлауға қатысушы көшбасшылардың үштігін қорытындылайды деген Темір Сариев болса небәрі 2,57% ғана дауыс жинаған.

ҚР парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанда өткен сайлау туралы пікір білдіріп: "Достығымыз жарасқан Қырғызстан елінің президенті болып Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастық жасаудың маңыздылығын түсінетін, тәжірибелі саясаткер Сооранбай Жээнбеков  сайланды", – деп өзінің твиттер-аккаунтінде жазды.

Атамбаев  20 млн доллардан қалай бас тартты

Жээнбековтің күтпеген жерден топ жарып шығуы, шындығында, көпшілікті таң қалдырды. Сайлауға үш күн қалғанда "Демократия және азаматтық қоғам үшін коалиция" қоғамдық ұйымы сауалнама жүргізген болатын. Сауалнама нәтижесі бойынша, дауыс берушілердің 38,7%-ы  Бабановты, 41,2%-ы Жээнбековті сайлағылары келетіні белгілі болған, осыған қарап сайлаудың екінші кезеңі болуы мүмкін деген қорытынды жасалған. Сарапшылар Алмазбек Атамбаев пен оның "ізбасары" Жээнбеков сайлаудың екінші кезеңін болдырмау үшін барын салды деп есептейді. Себебі екінші кезеңі өтетін болса, онда  өтпеген үміткерлердің біреуі қатарға қосылып кетуі мүмкін еді. Яғни Мадумаров пен Сариевтің сайлау тобы жүйеде жоқ үміткер Бабановқа қарсы келуі мүмкін.

Қырғызстандағы сайлау мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің әкімшілік ғимараттарды басып алмақ болған, жаппай тәртіпсіздік дайындаудың кезекті фактісі белгілі болды деген ұзын-сонар хабарламасынан басталды. Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлімдемесінде бұрын жарылғыш заттар мен оқ-дәріні заңсыз сақтағаны үшін сотталған Қырғызстан парламентінің экс-депутаты Қазыбек Шайымбетов  үміткерлердің бірі жеңілген жағдайда ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен келісіп, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырып, сайлау кезінде және сайлаудан кейін заңға қайшы әрекет жасамақ болды деп айыпталды.     

Өткен аптада да осындай жағдай орын алып Өмірбек Бабановтың жақтастарының бірі – Қанатбек Исаев ұсталған еді. Оған да мемлекеттік төңкерес жасамақ болды деген айып тағылған. Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев ТМД елдерінің басшылары жиналған Сочидегі жиынға елдегі жағдайды бақылау қажет деп бармай қалды.

Алмазбек Атамбаев сайлау болған күні де оқыс мәлімдеме жасағанын айтып кеткен жөн. Сайлау учаскесіне келген Атамбаев елде сайлау белсенді жүріп жатқанына және сайлауға түсіп жатқан үміткерге үгіт жасау немесе оған қарсы бірдеңе айтуға заң бойынша тыйым салынғанына қарамастан, жүйеде жоқ үміткер Өмірбек Бабановқа қайта шүйлікті.

"Тура бір жарым ай бұрын Бабановтың мені қаралай бастағанын байқадым. Мені "аға" деп, маған ешкім көрсетпеген құрметті жасап, "Сіздің жолыңызды тек мен жалғастырамын" деп жүрген Бабанов кенет біз дұрыс жолмен келе жатқан жоқпыз деп отыр. Сонымен қатар Бабановтың атынан шетелдік олигарх келіп, Бабановты қолдауым үшін 20 млн долларын ұсынғанын ашық айтқым келеді. Мен оған: "Қымбаттым, ақшаға сатылмайтын да дүниелер бар", – дедім. Тәртіпсіздік ұйымдастырудың қай жақтан қаржыландырылып отырғаны белгілі болды. Сол кезде өзімнің аңқау екенімді білдім. Қырғыз елі де ақкөңіл, мен сияқты арамдықты білмейді. Алайда құдайға шүкір, Бабановтың кім екенін дер кезінде білдім", – деді Атамбаев.    

Сайлау кезіндегі заң бұзушылық

Алайда Өмірбек Бабанов та қарап қалмады, ол Атамбаевтың айтқанына жауап беріп, өткен сайлау әділ болмағанын, сондай-ақ сайлау нәтижесі бұрмаланғанын айтты.

"Өзімнің кандидатурамды ұсынбас бұрын президентпен ақылдасып, батасын алдым. Ол: "Президент болуға ұмтылу керек. Біз өз үміткерімізді қатыстырамыз, ал сен қатыс. Кім жеңіске жетсе, сол президент болады", – деді. Бұған куәгерлер де бар. Президент сайлаудың адал өтетініне кепіл берген болатын. Бірақ та бірдей жағдай жасалмады. Соңғы аптада Алмазбек Шаршенұлы Атамбаевқа жалған ақпар берілгеніне сенімдімін. МҰҚК пен милицияның берген барлық ақпары оны бағыттан адастырды. Оның бүгінгі айтқаны көңіліме қатты тиді", – деді Өмірбек Бабанов.  

Алайда сайлау кезінде заң бұзушылықтың орын алғаны БАҚ арқылы дәлелденіп жатты. 12 қазан күні БАҚ-та Ош қаласында Жээнбековке дауыс беру үшін адамдарды ашық сатып алып жатқаны туралы ақпар тараған болатын. Бұл туралы "Ферғана" ақпарат агенттігі өздерінің дереккөзіне сілтеме жасап берген. Интернетте сайлау кезінде орын алатын сатып алулар мен  сайлау учаскелеріндегі төбелес жайында он шақты видео пайда болған. Өмірбек Бабановтың жақтастары оларға қатты қысым жасалғаны, оның ішінде тіпті қол жұмсауға дейін барып жатқанын айтты.

ТМД-ға қатысушы елдердің ПАА-ның халықаралық бақылаушылары тобының үйлестірушісі Виктор Заварзин сайлау нәтижесіне әсер ететін заң бұзушылықты байқамағанын жеткізді.  

"Біздің есебімізде алдағы уақытты ескеру керек жағдайлар көрсетілетін болады. Өйткені дауыс беретін ғимаратты таңдауға жауапкершілікпен қараған жөн. Бұл ОСК және қалалық әкімдікке қатысты мәселе. Сайлау өткізу рәсімі қалай болғанда да жасырын болу керек. Бір бұрышта комиссия, бір жерде дауыс беретін орын, ал үшінші бұрышта бақылаушылар отырған залға кіргенде өзіңді де жақсы сезінетінің сөзсіз. Артынша басқа учаскеге барсаң, шағын ғана орын. Дауыс берушілер бір-бірімен соқтығысып жатыр. Әрине, бұл сайлау нәтижесіне әсер етпейді, бірақ та біз мұны есепте көрсететін боламыз", – деді ол.

Қырғызстанның жаңа президенті – ол кім?

Жээнбековтың штабындағылар жеңісті тойлап жатыр. "Қырғызстан бүгін бүкіл әлемге демократиялық, егемен мемлекет екенін көрсетті. Қырғызстан халқы елдің келешек тағдырын шешті. Алты жыл ішінде барлық саланы дамыта аламыз. Барлығын нығайтып, аяқтауымыз керек. Алда реформаның көптеген кезеңі тұр", – деді Сооранбай Жээнбеков бюллетеннің 97%-ын өңдеу қорытындысы бойынша баспасөз алдында сөйлеген сөзінде.

Жээнбеков Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы проблеманы қалай шешесіз деген сауалға әзірге нақты жоспары жоқ екенін айтты.

"Әр мемлекет тәуелсіз, барлығы оған құрметпен қарау керек. Біз де оларға құрметпен қараймыз", – деді ол. Бірақ та қандай да бір нақты шешім мен шара туралы айтпады.

Ал Нұрсұлтан Назарбаевқа деген көзқарасыңыз қандай дегенге Жээнбеков: "Құрметпен қараймын", – деп қысқа жауап қатты.

Қырғызстанның жаңа президентінің жасы 58-де. Ош облысының Қара-Құлжа ауданының тумасы. 1976 жылы орыс тілі мұғалімі болған. Оның саяси карьерасы 1996 жылдан басталған. Ол үш рет парламент депутаты болып, ауылшаруашылығы министрі болған. 2010 жылдан кейін Ош облысын басқарған. Мемлекеттік кадр қызметі басшысының бірінші орынбасары, президент аппаратының басшысы қызметін атқарған. 2016 жылдың сәуірінен бастап осы жылдың тамызына дейін үкіметті басқарған. Содан кейін президенттікке үміткер болды. 

Ал Өмірбек Бабанов штабындағылар қазір заң бұзушылықтың барлық фактілері мен сайлау бюллетеньдері жәшігін  автоматты түрде санайтын алдын ала мәліметтердің сәйкес келмеуін дайындап жатқандарын айтты. Олар Бабанов 16 қазан күні ресми мәлімдеме жасайтынын тілге тиек етті.  

Орта Азия елдері экономикалық зерттеулер орталығының сарапшысы Әлішер Хамитов Қырғызстанда өткен сайлау қорытындысын сараптай келе, онда қарама-қайшылықтың көп екенін айтты. Ал атап кетерлік бір жайт – Қырғызстан дұрыс сайлау процесіне көшкен еркін елдің бірі. Бұл елде президенттің өкілеттігі алты жылға шектелген. Бір жағынан алып қарайтын болсақ, Қырғызстандағы алғашқы еркін сайлау елдегі демократиялық процестің барлық әлсіз тұсын көрсетті.

"Сайлау кезінде жарыс өте нашар өтті, онда көптеген әшкерелейтін материалдар мен әртүрлі технология орын алды. АҚШ-та өткен сайлау барысында да жанжал көп болғанына қарамастан, олардағы сайлаудың әділ өткеніне ешкім шүбә келтірмейді. Бірақ мұны Америкадағы сайлаумен салыстыруға келмейді, өйткені олар да үміткерлердің бірдей қатысуы қамтамасыз етілді. Ал Қырғызстанда билік жеңіске жеткен нақты бір адамға жұмыс істеді. Екіншіден, нақты бір жеңетін үміткер болмай, соңы немен бітетіні белгісіз болғанда сайлауды жарыс түрінде өткізу рәсімінің алғашқы үлгісі. Өңірде алғаш рет үміткерлердің шынайы пікірталасы тікелей эфирде көрсетілді, бұл да бір атап кетерлік нәрсе. Алайда Атамбаевтың үміткеріне Қазақстанға қатысты болған жайт пайда келтіргені, рас. Енді оған осы мәселені бір ретке келтіру керек болады. Ал оның Атамбаевтың үміткері болғанын ескеретін болсақ, онда мұның оңай болмайтыны анық", – деп қорытындылады ол.   

Гүлназ Ермағанбетова, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу