Ауыл өнімдерінің экспорты шетелге өркен жайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3881

Қазақстан жыл басынан бері 3,8 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге экспорттаған.

Ауыл өнімдерінің экспорты шетелге өркен жайды

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен отандық өндірістің экспорттық әлеуетін дамыту туралы баспасөз конференцияда Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.

Осылайша, саланың экспорты былтырғы жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда, 4 пайызға артып отыр. 

Егер қаржыға шақсақ, бұдан елімізге 880 миллион доллар табыс келген.

Агроөнеркәсіптік кешеннің экспортындағы қайта өңдеуден өткен өнімдердің еншісі 44 пайызға жеткен. Олардан түсетін пайда көлемі де 7,6 пайызға артты.

"Жыл сайын экспорт құрамында дәл осы қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының артып келе жатқаны байқалуда, – деді вице-министр. – Экспорт бойынша бидай мен ұн алдыңғы орында тұр. Экспорт құрылымындағы бидайдың үлесі 27,6 пайызды құрайды. Ұнның үлесі 19,4 пайызға дейін барды. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің және "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының жедел дерегі бойынша биылғы 20 шілдедегі жағдайға сәйкес, астық пен ұн экспорты 4 миллион 56 мың тонна болды. Еске сала кетсек, өткен жыл бойында бұлардың сыртқа сатылған экспорты 8,7 миллион тоннаны құраған".

Қазақстандық астық дәстүрлі түрде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанның нарықтарына жол тартады. Қытайдың, Таяу Шығыстың және Парсы шығанағы елдерінің нарықтарына да экспансия белсенді өрістеуде екен.

Ал Қазақстанның құрамында протеині жоғары ұнын дәстүрлі түрде Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан сатып алатын көрінеді. Бұлардан бөлек, Қытай және Еуропа нарықтарына сату белсенді қарқын алып жатқаны хабарланды.

Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері арасынан шетелге экспорт бойынша бірінші орынға өсімдік майы шықты. Биылғы бес ай ішінде республикамыз бұл тауардың 30,7 тоннасын өзге елдерге өткізе алыпты. Сөйтіп, оның экспортын былтырғы жылға қарағанда, бірден 1,7 есе өсірген. Оның көп көлемін Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Ресей және Өзбекстан тасып әкетті.

Макарон тағамдарының экспорты да өркен жаюда.

"Оның экспорты да өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 1,5 есеге ұлғайды. Бұған өндіріс көлемінің 1,2 есеге артуы да ықпал етті. Жарма экспорты да 1,3 есеге артты. Оның елдегі өндірісі де 1,2 есеге ұлғайған болатын. Өңделген сүт экспорты да биыл – 1,7 есеге, ал айран өнімдерінің экспорты – 1,6 есеге артты", – деді Гүлмира Исаева.

Бұлар сыртында Қазақстан биылғы бірінші жартыжылдықта шетелдік нарықтарда 93,2 миллион дана құс жұмыртқасын, 13,6 мың тонна балық, 106 тонна бал, 6 мың тонна мал терісін саудалай алыпты.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Олжас Аусабаевтың мәліметінше, Қазақстан әзірге тек 5 мың 286 тонна ет экспорттапты. Бұл тіпті былтырғы жылғы ұқсас кезеңдегіден 35 пайызға төмен.

"Бұған көрші елдер тарапынан енгізілген шектеулер негіз болып табылады. Қазір ол шектеулердің барлығы алынды. Ет экспортының әлеуеті жыл аяғына дейін артады деп күтілуде. Негізгі нарықтар Ресей, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан елдері болып табылады. Биыл бізден 153 тонна қой еті, 2 мың 705 тонна құс еті экспортталды. Одан бөлек 1825 тонна дайын ет өнімдері де сыртқа өткізілді", – деді Олжас Аусабаев.

Ол биылғы жылы Парижде Қазақстанның "аусылдан таза аумақ" деп танылуы ет экспортының артуына жол ашқанын еске салды.  

"Бұл шетелдік сатып алушылармен келіссөз жүргізгенде өз ықпалын тигізеді. Мысалы, Қытай халық республикасы Қазақстанға қатысты шектеулерін алып тастады. Қазір ҚХР-ға балық өнімдерін, асыл тұқымды жылқыларды сатуға жол ашылды", – деді Олжас Аусабаев.

Министрліктің мәліметінше, басқа мемлекеттердің нарығына шығу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Иран ислам республикасымен ветеринария саласында келіссөздер жүргізілді. Биылғы шілдеде бұл елмен ветеринариялық сертификат мазмұндамасы келісілген. Бірінші болып, мұздатылған қой етін сатып алу бойынша сертификатқа қол қойылыпты. Соның арқасында өткен аптада 18 тонна қой етінің алғашқы легі Батыс Қазақстан облысынан Иранға жөнелтілді.

Біріккен араб әмірліктері де қазақ елінен сиыр етін ғана емес, сондай-ақ қой және тауық жұмыртқасын сатып алуға ықылас танытуда екен. Тиісті келіссөздер жүргізілуде. Арабтар мысалы, қойды Жаңа Зеландиядан және басқа да елдерден алғызады, бірақ салыстыра келгенде, қазақстандық қойлардың еті дәмдірек екендігін анықтағандығы мәлім болды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу