Авиация саласына маман қажет

2686

"Қашағанда" мұнай өндірудің артуы мен "ЭКСПО-2017" көрмесін өткізу еліміздің еңбек нарығына түзету енгізді. 

Авиация саласына маман қажет

Head Hunter зерттеуіне сәйкес, 2017 жылдың III тоқсанында ең көп бос жұмыс орыны орналасқан саланың ондығына "Шикізат өндіру", "Туризм, мейрамханалар" және "Қауіпсіздік" кірді. Сондай-ақ өндіруші сектордағы бос жұмыс орындары былтырғы жылмен салыстырғанда біршама өсіп 83,1%-ға жеткен. Бір қызығы, осы салада жұмыс орнының тапшылығы байқалып, бір бос жұмыс орнына бес-алты түйіндеме келген. Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағы төралқасының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, еңбек нарығындағы бұл жағдай бұрғылаушылардың айлық жалақысының аздығынан орын алған.  

"Біздің бұрғылаушылар қазір 500 доллар жалақы алады, бұл тіпті Африкадағы жұмыскерлердің жалақысынан төмен. Тәжірибесі бар, білікті кадрлар шетелден жұмыс тауып кетіп қалады. Қазіргі уақытта 1,5 мыңнан астам қазақстандық Ресейде, 600-ге жуық қазақстандық Әзербайжанда жұмыс істеп жатыр", – деп түсіндірді ол.  

Рашид Жақсылықовтың айтуынша, шетелдіктер кадрларды оқытуға ақша шығарғысы келмейді, оларға жоғары жалақы ұсынып, білікті маман тартқан тиімді.  Өндіруші сектордағы жұмыс орнының тапшылығы  Қашағандағы 200 қызметкердің қысқартуынан да туып отыр. Компания жобалық жұмыстан  кен орнында мұнай мен газ өндіруге көшкеннен кейін, жұмыскерлермен еңбек қатынасын үзген.

Рашид Жақсылықовтың сөзінше, қысқарған жұмыскерлердің басым бөлігі жоба бойынша кеңседе жұмыс істеген менеджерлер. Оның үстіне North Caspian Operating Company (Қашаған кен орнын әзірлеуші) компаниясы өз жұмыскерлерімен жақсы қоштасып, әрқайсына 30 айлық жалақы мөлшерінде жәрдемақы төлеген, бұл 120 мың АҚШ доллары.

Рашид Жақсылықовтың ойынша, жұмыстан кеткен адамдар компанияға кінә тағып, реніш білдірмейді.  

Жаппай қысқарту туристік салада да болуы мүмкін. "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесі кезінде  Қазақстанға туристер толассыз ағылды. Туризм бойынша менеджер, клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер, даяшы, аспаз және т.б  мамандарға қосымша сұраныс туды. Нәтижесінде осы  жылдың үшінші тоқсанында туризм саласындағы бос жұмыс орындарының көрсеткіші 59,3%-ға жетіп, екінші орынға шықты. "ЭКСПО-2017" көрмесі аяқталғаннан кейін қарқын басылды. Қазір туризм секторына көп қызметкер қажет емес.

"ЭКСПО-2017" кезінде мамандарға сұраныстың артуы заңдылық. Көрме кезінде адамдар жұмысқа жалдамалы қызметкер ретінде қабылданған. Бұл әлемде бар және қалыптасқан тәжірибе. Осыған орай ешкімде жұмыстан қысқаруға қатысты ешқандай мәселе не болмаса уайым тумайды", – деп түсіндірді Қазақстан туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкенова.

Әзірге бір бос жұмыс орнына небары бір-екі түйіндемеден келіп жатыр, сондықтан жұмыс орнының тапшылығы туралы сөз жоқ.  

Рашида Шайкенованың сөзінше, салада түсініксіз жағдай қалыптасқан, яғни жоғары оқу орындары туризм саласының мамандарын дайындайды, ал түлектер басқа ойдың жетегінде жүреді. Олар университетті бітіре салысымен, жоғары лауазымға ие болғылары келеді. Жас мамандар қолдарына шелек алып еден жууға, есік алдында тұрып қонақтарды қарсы алуға құлықсыз болады. Ақыр аяғында экономиканың басқа саласына кетіп қалады. Даяшылар мен үй күтушілері жайлы айтар болсақ, оларды колледждерде дайындайды.  Олар мансаптық өсудің келешегі жоқ екенін көрсе, мейрамханалар мен қонақүйлерден кетіп қалады.

Рашида Шайкенова қазіргі уақытта шетелден топ-менеджер шақырудың еш қисыны жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, қазір Қазақстанда мұндай кадрлардың тапшылығы жоқ.

Бүгінде қауіпсіздік саласының жұмыскерлеріне деген сұраныс артқан. Бұл сектор үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша  55,1% көрсеткішке жетіп, бос жұмыс орындарының өсуі бойынша үшінші орынға шыққан.

"Соңғы екі-үш жылда мерзімді басылымдарда бизнеске, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқыққа қайшы әрекеттеріне қатысты жарияланымдар қаптап кетті. Қазақстанның құқық қорғау саласындағы жағдайы тұрақты. Алайда оқырмандар мен көрермендердің назарын аудару үшін БАҚ мұндай оқиғаларды әсірелеп жеткізеді", – деп түсіндірді Қазақстан күзет ұйымдары қауымдастығының президенті Анатолий Калинин.  

Ол нарықта білікті күзетшілердің аз екенін айтты. Оның сөзінше, аталмыш нарық мемлекеттік құрылымдардан зейнетке шыққан білікті мамандар арқылы ғана толығып отыр.  

Білікті кадрлар авиация саласында да жетіспейді. Бұл туралы жақында өткен баспасөз мәслихатында "Эйр Астана" компаниясының өкілдері айтқан еді. Осыған орай "Эйр Астана" кадр тапшылығы проблемасын шешу үшін "Арманыңа ұмтыл" кампаниясын қолға алды. Шара шеңберінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі үміткерлер іріктеле бастады.  

"Оқытуды авиакомпания толығымен өз мойнына алады. Түлектер халықаралық рұқсат, сертификат және лицензия алады. Үміткерлер барлық емтиханды ойдағыдай тапсырған жағдайда "Эйр Астана" компаниясына қызметке қабылданады. Оқушыларды, студенттерді, ата-аналарды авиация мамандықтарына мән беруге шақырамыз. Көк аспанда ұшуды армандайтын және оқуға дайын әрбір Қазақстан азаматы өзін осы салада сынап көре алады", – деді авикомпанияның қызметкерлерді басқару және әкімшілік мәселелер жөніндегі вице-президенті Евгения Ни.

Ол "Эйр Астананың" оқыту бағдарламасына 18-34 жас аралығындағы барлық үміткер өтініш білдіре алатынын айтты. Ең бастысы үміткердің денсаулығы мықты болуы кеерк. Болашақ ұшқышты оқытуға компания орташа есеппен 200 мың доллар қаражат жұмсайды және бұл көрсеткіш адам саны мен оқу мерзіміне қарай өзгеруі мүмкін.

Бүгінгі күні қызметкерлердің саны  5 мың адам, ал авиалайнер паркінде 31 ұшақ бар. "Эйр Астана" 65 халықаралық және ішкі бағдар бойынша рейс жасайды. Алдағы 10 жыл ішінде флотты  64 авиалайнерге дейін кеңейту жоспарланып отыр. 2020 жылдың соңына дейін штат саны 11%-ға ұлғайтылады. Авиатасымалдаушыға ұшқыштар, инженерлер, механиктер, әуе серіктестері және жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі агенттер қажет.

"ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде авиакомпанияның қызметін пайдаланған шетелдіктердің көрсеткіші 30%-ға артқан.  Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, маусым-қыркүйек аралығында авиакомпанияның ішкі рейсі арқылы өңірлерден 440 мыңға жуық адам келген. 2016 жылмен салыстырғанда биыл ішкі рейске жүгінген жолаушылар ағыны 88%-ға өскен.

Гүлназ Ермағанбетова, Римма Гахова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу