Банктерді бағалау бизнес пен халыққа сор болуы мүмкін

6057

Банктер бизнесмендерді әңгімеге шақырып, несие желілерін жабуда.  

Банктерді бағалау бизнес пен халыққа сор болуы мүмкін

Ұлттық банк отандық банк саласында жүргізген кең ауқымды диагностикасының бірқатар сырын жария етті.

Ерболат Досаевтың командасы 2019 жылғы 8 ай бойы елдегі ірі банктер "активтерінің сапасын бағалауды" (халықаралық ұғымда AQR, қазақша АСБ) ұйымдастырғаны мәлім. Бұл Қазақстан тарихында ауқымы жөнінен бұрын-соңды болмаған бағдарлама. Ол мемлекетке бүкіл қаржы индустриясының жай-күйі туралы жаңа ақпарат берді.

Енді осы бағдарлама негізінде 2020 жылы осы секторда кең ауқымды өзгерістер басталмақ. 

Бағалаумен банк активтерінің жалпы көлемінің 87%-ын және несие портфелінің 90%-ын иеленген ірі 14 банк қамтылды. Қазір белгілі болғанындай, ол тізімге Қазақстан Халық банкі, Kaspi Bank, Forte Bank, ЦентрКредит банк, АТФ банкі, Еуразиялық банк, Jýsan Bank, Bank RBK, Altyn Bank, Сбербанк, Альфа банк, Нұрбанк, Банк Хоум Кредит, ВТБ банкі болыпты. Яғни, тексерістен тек осылар өткен. Өзгелерінің жағдайы секторға әсер етпейді деп танылып, билік оларды бағалауға күш жұмсауды артық көріпті.

Нәтижесінде, 14 банкте 8,5 миллионнан астам заемшының несиесі тексерілген, олардың провизияларын қайта есептеу жүргізілген. 

Ұлттық банк АСБ шараларына үлкен ауқымда командалар тартылғанын хабарлады. Тарата айтсақ, 7 шетелдік аудиторлық және кеңес-консалтингтік компания және 500 маман жалданған.

Қаржылық реттеуші командалар "үш қорғау желісін" құрғанын мәлімдеді.

Бірінші қорғау желісі (первая линия защиты) әдіснамаға сәйкес АСБ жүргізуді және оны үйлестіруді қамтамасыз еткен 2 топтан тұрды. Алғашқысына тәуелсіз халықаралық аудиторлық компаниялардың 500-ден астам қызметкері кірді және олар банктер ұсынған деректерді егжей-тегжейлі талдауға жауап берді.

Бұдан бөлек, бірден 80-ге жуық бағалаушы компания банктердің кепілзаттарын және балансындағы активтерінің құнын қайта бағалаумен айналысыпты.

Екінші қорғау желісіне Ұлттық банктің 35-тен астам инспекторы енді. Олардың басшылығымен тексерілетін банктер санына қарай 14 команда құрылды. Дәл осы инспекторларға банктер өз бас кеңселерінен жеке бөлме бөлген. Сонда отырып, олар тексеру жүргізуге басшылық жасады, қорғаудың бірінші желісінен түсіп жатқан нәтижелер сапасына тәуелсіз бақылау жүргізді.

Қорғаудың үшінші желісіне АСБ бағдарламасын басқарудың орталық офисі кірді.

Ұлттық банк нақты қандай тұлғалардың осы тарихи істің басы-қасында жүргенін айтпайды, тек Ерболат Досаев сыртында, "еліміздің жоғарғы басшылығының 7 өкілі" болғанын жеткізді. Тексерілетін банктер тізімін де солар бекіткен екен.

Ақыр соңында 750 мыңнан астам тексеру жүзеге асырылды. Комбанктердегі кредиттер бойынша 1,9 миллиард мәлімет жиналған. Ол несиелер бойынша халық пен бизнес ұсынған, жалпы құны 2 триллион теңгеден астам 7 мыңдай кепілзат, 877 жылжымайтын мүлік нысаны қайта бағаланды. 

159 мыңнан аса заемшының кредиттік досьесі қосымша тексерілген.

AQR жүргізу кезінде біраз банк ревизорлар сенімсіздік танытқан ірі бизнесмендерге бұрыннан беріп келген несие желілерін жауып тастапты. Кейбір бизнесмендерді банкирлер жеке шақырып алып, "ультиматум" қойған: не қосымша ірі кепілзат ұсынуды, не несиені мерзімінен бұрын қайтаруды талап еткен.

"Бұл ретте көптеген банктер АСБ процесінің өзінде-ақ анықталған нәтижелерді ескеріп, төл портфельдерінің сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдады. Мысалы, бірқатар банк лимиттерді қысқартты. Проблемалық қарыз алушыларға қолданыстағы кредит желілері бойынша ары қарай транш бермеу туралы ресми шешімдер бекітті. Басқа банктер проблемалық қарыз алушыларды шақырып, олармен жұмыс жүргізді, олардан берешектерін өтеуді немесе қосымша кепілдікпен қамтамасыз етуді талап етті. Көптеген банктер АСБ аясында әшкереленген сәйкессіздіктерді жою үшін өз саясаттары мен процестерін, деректері мен жүйелерін жетілдіру жұмыстарын бастады", – делінген активтер сапасын бағалау туралы есепте.

Бұл тұтынушылар мен кәсіпкерлерге төнген құқайдың басы ғана болса керек. Ұлттық банк АСБ қорытындылары бойынша кепілзаттар мен жылжымайтын мүлікті бағалауға "анағұрлым қатаң талаптар орнатылатынын" жария етті. Мәселен, олардың құнын бағалауға тәуелсіз бағалаушы компанияны тарту талабы енгізілгелі тұр. Қарыз алған қазақстандықтар біледі: банк кепілге қойылатын баспанаға бағалау жүргізу үшін өзі сенетін компаниялардың тізімін ұсынады. Клиент соларға жүгінуі шарт. Енді олар сыртында қаржылық реттеуші қосымша тәуелсіз бағалауды талап етуі мүмкін. Бұл әрине, кредит құнын қымбаттатпақ. Себебі, кез келген тәуекел мен қосымша шығыстарды банктер несие құрамына қосатыны белгілі.  

АСБ қорытындысы бойынша биыл банктің әрқайсысы әртүрлі стресстік жағдайлардан өтудің бірнеше нұсқасын түзуі, тәуекелдерді азайту бойынша стратегияларының дұрыстығын қаржылық реттеуші алдында дәлелдеп шығуы тиіс болады.

Сондай-ақ бұдан былай банктер қаржылық сауықтыру жоспарын үнемі жаңартып отыруға және ұдайы тестілеуден өтуге міндеттеледі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу