Берекесі қашқан бесобалықтар

2145

Жеті жыл бойы пәтер ала алмай жүр.

Берекесі қашқан бесобалықтар

Шыдамы таусылған Бесоба үлескерлерінің бір тобы бүгін салынып жатқан тұрғын үйге келіп, наразылықтарын білдірді.

Көпшілік білетіндей, 2012 жылы айдың күннің аманында Қарағандыдағы Бесоба тұрғын үй кешені кескен теректей құлап түскен болатын. Мұнда алаңсыз тұрып жатқан тұрғындар абырой болғанда үйдің қабырғалары қақырай бастағанын көріп, бой тасалап үлгерген еді. Сараптамаға сәйкес, Бесоба ықшам ауданындағы барлық үй апаттық жағдайда тұр, іргетасы әлсіз деген қорытынды жасалды. Құламаған өзге үйлер де сүріліп, тұрғындарды билік уақытша баспанаға орналастырған еді. Содан бері жеті жыл өтті. Өкінішке қарай, жүз оннан астам отбасы пәтерге қол жеткізе алмай жүр. Тұрғындарға үй 2015 жылы беріледі деп уәде етілген көрінеді.

Баспанаға жете алмай жүрген жанның бірі – Бақытжамал Ибраева. Ол отбасымен бірге әкімшілік берген қаланың шетіндегі уақытша баспанада тұып жатыр. Үлескерлердің барлығы баспаналарын күте-күте шаршағанын айтып қапалануда.

"Уақытша берген баспаналарын өзіміз біраз жөндеп, әуре болдық. Енді онда қашанғы тұра береміз. Осы жақта кейбір үйлердің құрылысы біздікінен кейін басталған. Оның құрылысы әлдеқашан аяқталып, жұрттың тұрып жатқанына үш жыл болды. Біздің үйдің құрылысы тоқтап тұр. Құрылысшылар қайда?! Жұмыс қайда жасалған?! Пәтерлердің іші астан-кестен. Тағы 7 жыл тосамыз ба енді?!", – деп қынжылады Бақытжамал Ибраева.

Дүйім жұртты шулатқан Бесобаның орнына Шапағат ықшам ауданы салына бастаған. Мұндағы үйлердің құрылысына үкіметтің резервтік қорынан ақша бөлінген. Сол кезде үйдің әр шаршы метріне 90 мың теңгеден бөлсе, кейін мұны 140 мың теңгеге дейін көтерген. Бүгінде үйдің әр шаршы метрінің құны 200 мыңнан 250 мың теңгеге дейін бағаланады. Осы жайттар әуелде тұрғын үйлердің салынуына кедергі келтіріпті.

Шенеуніктердің мәліметінше, бастапқыда үйдің құрылысын жүргізген мердігерлер инвестор болған. Олар үйдің бірнеше пәтерін өздеріне алып, соны сатып жетпей қалған қаражатты шығарып алмақ болыпты. Алайда уақыт өте келе мердігерлер бұған шамасы келмейтінін айтқан. Осыдан соң құрылыс жұмыстары да тоқтаған. Амалы құрыған биліктегілер басқа инвестор іздеуге кіріскен. Айтуыларынша, қазір инвестор табылған. Құрылыс та қайта жанданған.

"Бүгін үйдің дайын тұрған бір блогын тұрғындарға көрсеттік. Мұны арнайы комиссия қарап, қабылдап алу хаттамасына қол қойылған. Дегенмен лифт қондырғысын зерттеуден өткізу керек әрі бірнеше қабаттағы пәтерлердің еденіне линолеум төсеу, тоқ көздерін тарту тәрізді жұмыстары қалды. Ол жағын мердігерге ескертіп отырмыз", – дейді Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жақсылық Шалабеков.

Осылайша, Бесобадан зардап шеккен 117 үлескер отбасы пәтерлерін күтіп жүр. Шенеуніктер жаңа жылға дейін 20 отбасына баспана кілттерін табыс етеміз дейді. Ал қалғандарына келесі жылды күтуге тура келеді. Дегенмен, әбден зәрезап болған жұрттың "бұл мерзім тағы созылып кетпесе жарар еді" деген күдігі де жоқ емес...

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу