Бизнес медицина саласына сұранып отыр

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
3987

Астанада бірнеше кәсіпкер оннан астам медицина мекемесін жекешелендіріп алуға дайын.

Бизнес медицина саласына сұранып отыр

Бір апта бұрын Қазақстанның медицинасында зор өзгеріс болды. Бұл бастаманы медицинадағы ғылыми жаңалықтан гөрі, бизнестегі жаңалық деуге келеді. Ақтөбе қаласында жедел жәрдем енді мемлекеттік емес, жекеменшік медицинаға айналды. Және Ақтөбе мұндай жүйені қосқан еліміздегі тұңғыш қала. Шаһар билігі жедел жәрдем қызметінің сапасын жақсарту үшін шетелдік инвесторларды тартып, материалдық-техникалық базаны жақсартты. Ақтөбе қаласының әкімдігі хабарлағандай, 2016 жылдың желтоқсанында шетелдік инвестор 16 реанемобиль сатып берген.

Жалпы шетелдік инвесторлар ғана емес, өз кәсіпкерлеріміз де медицина саласында жұмыс істеуге көп ынта танытып жүр. Кәсіпкерлер бұл ойын қалалық кәсіпкерлер палатасының кезекті кездесуінде мәлім етті. Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағамбетовтің айтуынша, кәсіпкерлер медициналық мекемелерді жекешелендіріп алуға немесе сенімді басқаруға алуға әбден дайын.

"Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев әкімдіктің жаңа жұмыс тәсілін таныстырды. Яғни әкім ұсынып отырған тәсілге сай, әртүрлі жоба бұқаралық сипат алып, халықтың талқылауына ұсынулы тиіс. 2020 жылға дейінгі қаланы дамыту бағдарламасында әртүрлі саладағы қызмет сапасын жақсарту, сол салаларда бәсекелестікті күшейтуге басымдық берілген. Міне, осы жерде бизнестің жұмысы байқалады. Қаладағы кәсіпкерлер Астананың 2020 жылға дейінгі мақсатын орындауға, яғни әртүрлі саладағы қызмет сапасын жақсартуға дайын", – дейді Ғани Тасмағамбетов.

Қазірдің өзінде Астанада бірнеше кәсіпкер оннан астам медицина мекемесін сатып алып, кәсіпке айналдырғысы келеді. Олардың медицина саласына деген бұл ынтасына тоқталған Ғани Тасмағамбетов "кәсіпкерлер медицинаға келсе, яғни медицина мекемелерін ашып, зертхана саласында жұмыс істей бастаса, қазір мемлекет есебінен, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеп тұрған мекемелерге кететін шығын әлдеқайда азаятын еді. Сервис пен сапа жақсарады. Бәсеке артады. Тұтынушылар (науқас) таңдау жасай алады. Түптеп келгенде, мемлекет шығыны көп, бірақ тиімділігі жоқ мекемелерден арылар еді. Есесіне, артылған бюджетті ана мен сәби денсаулығын жақсартуға, туберкулез сияқты сырқатты емдеуге жұмсай алатын еді", – дейді.

Дегенмен Ғани Тасмағамбетов кәсіпкерлердің қолына қазір бере салуға дайын тұрған орындарды атаған жоқ. "Кәсіпкерлердің ұсынысын әкімдікке жібердік, қалалық әкімдік ұсыныстарды зерттеп, жауабын айтуы керек. Бір анығы, бұл мәселені биыл шешеміз. Нысандардың кейбірі қазірдің өзінде жекеменшікке беруге дайын", – дейді Ғани Тасмағамбетов.

Астананың жекеменшік медицинасы нарығын зерттеген кәсіпкерлер палатасы денсаулықты "бизнеске" айналдыра алған кәсіптің бірі – "ОЛИМП" зертханалар желісінің тәжірибесін ұсынды. Он жыл бұрын Қазақстанның жекеменшік медицина нарығына енген компанияның қазір Қазақстан мен Ресейді қоса алғанда, 200 емшара кабинеті мен 18 зертханасы бар. 2016 жылы компания 10 млн зерттеу жүргізген екен.

"Медицина – бизнес жүргізуге қолайлы салалардың бірі. Адам денсаулығынан ештеңе аямайды, бірақ науқастың сенімінен шығу үшін оған сапалы қызмет көрсету керек. Көп жағдайда клиент кезек күткенді және зертханалардағы кешігетін талдауларына қынжылады. Ал "ОЛИМП" клиникалық-даигностикалық зертханасы талдау, диагностика және емдеу шараларын кешенді қамтып отырған компания. "ОЛИМП" ISO15189 (ISO15189 – бұл денсаулық сақтау саласындағы зертханалардың сапасын тексеретін жүйе) менеджментіне сай, Еуропаның аккредитациясынан өткен Қазақстандағы алғашқы зертхана", – дейді "ОЛИМП" зертханалар желісінің директоры Ерлан Сүлейменов.

Ерлан Сүлейменовтің айтуынша, бұрын Қазақстанда өте сирек кездесетін генетикалық сыртқаттар анықталмайтын. Себебі тиісті технология жоқ болған. Ал кәсіпкер "ОЛИМП" зертханалар желісі неміс лабороторияларымен ынтымақтастыра отырып, Қазақстанға Еуропаның ең ірі екі зертханасы "Synlab" пен "Limbach" компанияларының тәжірибесін енгізген. "Кейбір генетикалық ауыр сырқаттарды анықтайтын тесттер "Synlab" пен "Limbach" зертханаларында жасалады. Біз бұл екі компаниямен 2015 жылы серіктес атандық", – дейді Ерлан Сүлейменов.

Яғни кәсіпкердің айтуынша, егер медицина мекемелері бизнеске берілсе, белгілі бір саланың аясы шетелге дейін кеңейіп, медициналық қызметтердің сапасы әлдеқайда арта түседі.

Бір айта кетерлігі, жекеменшік емханалардағы тариф қазір міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің аясында үкіметтік емханалардағы бағамен теңестіріледі. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова хабарлағандай, мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енген Қазақстандағы кез келген медициналық мекеме қор қаржысы есебінен науқастарға бірдей бағада көмек көрсетуі керек.

Жұмыс беруші 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, мемлекет 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшы үшін мемлекеттік медициналық сақтандыру қорына қаражат сала бастайды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап кез келген адам осы сақтандыру қоры арқылы ем қабылдау құқығына ие болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу