Бизнес пен билік арасындағы алтын көпір

Қажет Андас Қажет Андас
2583

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасына 5 жылда 22 мыңнан астам өтініш түсіп, оның 40%-ы кәсіпкерлердің пайдасына шешілген.

Бизнес пен билік арасындағы алтын көпір

Осы арқылы бизнес өкілдерінің жалпы құны 92 млрд теңгені құрайтын құқығы мен мүддесі қорғалған.

"Бес жылда кәсіпкерлердің ұлттық палатасы 20 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілердің жобасын сараптамадан өткізді. Ал палата ұсынған ескерту мен ұсыныстың 73%-ын мемлекеттік органдар назарға алды. Ең бастысы палатаның қатысуымен жаңа салық кодексі әзірленіп, шағын және орта бизнес өкілдері үшін арнайы салық режимі мен қосылған құн салығының мөлшері сақталып, әкімшілендіру жеңілдетілді", – деді жетісулықтармен жүздескенде "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев.

Айта кетейік, былтыр "Атамекеннің"  съезінде 2020 жылға дейін бірыңғай медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мерзімін ауыстыру ұсынылды.

Бұған қоса ұлттық палата өкілдері қадағалау-бақылау функцияларының талап қою құзіретін 56%-ға қысқартты. Қылмыстық және әкімшілік заңнаманы ізгілендіруге  атсалысып, "Жалған кәсіпкерлік" бабының  алынып тасталуына қол жеткізді.

Ұлттық палата тарапынан атқарылған осындай игі істер өңірдегі кәсіпкерлердің жұмысын  жандандырды. Әсіресе  бизнес пен жергілікті биліктің арасындағы ынтымақтастықты бекемдей түсті.

Тимур Құлыбаев  осы бағытта Алматы облысы әкімдігі өңірлік кәсіпкерлер палатасын қолдап, өнімді жұмыс атқарып жатқанын ерекше атап өтті.

Таратылған мәлімет бойынша, өткен жылы облыс әкімдігінің қолдауымен жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 9,3 млрд теңге бағытталып, 1052 кәсіпкерге мемлекеттік қолдау көрсетілген. Нәтижесінде 2500 жұмыс орны ашылған. "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы шеңберінде 3,6 млрд теңге бөлініп, 210 кәсіпкерге жағдай жасалған. 

"Өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 74,7 млрд теңге түсім түсті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 42%-ға жоғары", – деді жиында облыс әкімі Амандық Баталов.

Өз кезегінде Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов атқарған жұмыстары жайлы есеп берді.

Оның сөзінше, өткен жылы облыстық палатада кәсіпкерлердің құқығын қорғауға қатысты 233 өтініш тіркеліп, оның 80%-зы кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Республикалық және жергілікті 40 әкімшілік кедергі анықталып, оның 13-і алынып тасталған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 42 тегін семинар ұйымдастырылып, 1338 жетекші және жұмысшы біліктілігін арттырған. 145 ауылшаруашылық кооперативі  құрылып, оның 28-і қаржыландырылған. Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бойынша құны 5 млрд теңге болатын 432 бизнес-жоспар әзірленіп,  68 жобаға  217,1 млн теңге бөлінген. 8 мың кәсіпкерге 6437 сервистік қызмет көрсетіліп, кеңес берілген.

"Бастау бизнес" жобасы аясында 285 қатысушы 1 млрд  теңгеден астам несиеге қол жеткізген. Отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін 1,4 млрд теңгенің келісімшарты рәсімделген.

Рас, өңірлік кәсіпкерлер палатасының атқарған жұмысына мін тағу мүмкін емес. Бірақ жетісулық кәсіпкерлерге қолбайлау болып отырған мәселелер жоқ емес.

"Жаркенттіктердің  дені жүгері өсірумен айналысады. Алайда жүгері дақылын субсидиялау мәселесі шешілмегендіктен дихандар егіс көлемін ұлғайта алмай отыр", – деп мәселені төтесінен қойды Панфилов ауданындағы "Ернар" шаруа қожалығының басшысы Тасқын Жапарқұлов.

Шынымен, жаркенттік дихандардың аты жүгері өсірумен шыққан. Оның үстіне  300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып, күніне 90 тонна өнім шығаратын Жаркент крахмал-сірне зауыты да осында. Өкінішке қарай,  жылына 350 мың тонна шикізат қабылдап, өңдеуге қауқары жететін зауыт жүгеріге деген қолдаудың болмауынан қазір жылына 200 мың тонна ғана шикізат өңдеп отыр.

Шаруаның ұсынысына  "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов: "Қазір үкімет ет бағытындағы шаруашылықтарды субсидиялау ісін қарап жатыр. Алдағы уақытта ұлттық палата жүгері дақылын өсіретін шаруа қожалықтарын субсидиялау мәселесін де көтеретін болады", – деп жауап берді.

Кейінгі кездері Жетісу жерінде алма бағын өсіріп, өңдеу ісімен айналысатындардың қатары көбейген. Бүгінде облыста алма шырынын өндіретін 8 зауыт жұмыс істейді. Оларды шикізатпен қамту ісі де көңіл көншітпей тұр. Өйткені  қолдау жеткіліксіз. Бүгінде 5 гектардан жоғары алма бағын өсірген дихандарға ғана субсидия төленеді. Алайда өңірдегі бау-бақша өсірумен айналысатындардың иелігіндегі алма бағының дені 5 гектарға жетпейді. Осы мәселені назарға алған "Сарғалдақов" шаруа қожалығының төрағасы Жанатбек Сарғалдақов ұлттық палата өкілдерінен алма бағын субсидиялаудың аумағын 1 гектарға дейін азайтуға ықпал етуді сұрады.  

"Алма бағын субсидиялау тек жетісулықтарға ғана емес, Оңтүстік өңірдегі шаруалардың да бас ауруы болып отыр. Бұл ұсынысты үкіметке жолдап, оң шешілуіне ұлттық палата бар күшін салады", – деді Абылай Исабекұлы.

Текелі тау-кен комбинатының директоры Бақыт Шалбаев Текелі қаласынан комбинатқа дейін газ желісін тарту ісіне көмектесуді сұрады.

"Текелі қаласынан тау-кен комбинатына дейінгі аралыққа газ желісін тартуға 300 млн теңге қаржы кетеді. Зауытты іске қосу үшін бар қаржымызды жұмсадық.  Газ желісін тарту жұмысына кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетілсе жақсы болар еді", – деді ол.

Оның ұсынысын құп көрген  облыс әкімі Амандық Баталов өз тарапынан көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

"Атамекен" КҰП ресми өкілі Жігер Әзбергеновтан білгеніміздей, осы күнге дейін "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасында арнайы мәселелердің тізімі құрылған. Оған енгізілген ұсыныстардың 68%-ы шешімін тапқан.  Демек осы жолғы ұсыныстар да назардан тыс қалмайды.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу