Бизнеске талап қойылып, жағдай жасалды

2600

Билік пен бизнес біріксе, бағындырылмайтын белес болмайды.

Бизнеске талап қойылып, жағдай жасалды

Кәсіпкерлер үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы 3 жылда микро және шағын бизнес өкілдерін табыс салығынан босату сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге 3 жыл тыйым салу туралы тапсырмасы өтіп бара жатқан жылдың жағымды жаңалығының бірі болды. Десек те, бизнес өкілдерінің арасында салықтан босатылмайтындар да бар екен.

Жоғарыдағы мораторий микро және шағын бизнес өкілдерінің екінші тынысын ашуға тиіс. Бұл бастама билік пен бизнесті жақындата түседі.

Естеріңізде болса, үкімет жаңа жылдан бастап патентпен жұмыс істеуге тыйым салып, онлайн бақылау-кассалық аппаратын орнатуды талап етті. Салық кодексіне сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық бизнес субъектілері онлайн бақылау-кассалық аппаратын орнатуға тиіс.

Өтіп бара жатқан доңыз жылында "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының нәтижесі жарияланды. Министрлер кабинеті аталмыш бағдарламаның көрсеткіштері туралы бірнеше рет есеп берді. 

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов "Бизнестің жол картасы - 2025" мемлекеттік бағдарламасы осыған дейін қолданыста болған "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасының жалғасы болатынын баяндады. Ол жаңа бағдарламаға қанша қаржы қарастырылатынын айтты. 

Биыл еліміздің ТОП-50 компаниясына Alibaba.com. алаңының премиум мәртебесі беру бастамасы көтерілді. Сонымен қатар JD, Tencent, Amazon, Walmart сынды жаһандық электронды сауда платформаларын пайдаланып, тауар жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берілді. Бұл бастама электронды сауданың көкжиегін кеңейту үшін жасалды. 

2019 жылы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың бас болуымен елордада кәсіпкерлердің VI конференциясы өтті. Онда астанадағы кәсіпкерлікті дамыту жоспары талқыланды. Жиында Нұр-Сұлтан қаласында шамамен 130 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар екені, шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнім көрсеткішіндегі үлесі республика бойынша 58,8%-ды құрайтыны айтылды. Белгілі болғандай, Нұр-Сұлтанда жұмыспен қамтылғандардың 72% кәсіпкерлікпен айналысады. 

Кәсіпкерлердің VI конференциясында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев "Атамекен" көлеңкелі экономикаға жол бермейтінін баяндады. Сөз арасында төралқа төрағасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жайлы пікір білдірді. Ол шет елде әріптестік аясындағы 1 долларға жекеменшіктен 3 доллар, ал бізде 1,5 долларға 1 доллар тартылатынын тілге тиек етті.

2019 жылдың қорытындысында елорда да "Алтын сапа" және "Парыз" сыйлықтары тапсырылып, үздік тауар өндірушілер мен үздік киім дизайнерлеріне құрмет көрсетілді. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу