Блокчейн технологиясы келісімшарты құрылыс индустриясынан басталады

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
7013

Көлеңкеде жүретін ойыншылардың жұмысын реттеуге келгенде, блокчейн технологиясының "миы" шаршап қалады.

Блокчейн технологиясы келісімшарты құрылыс индустриясынан басталады

Өткен жылдың аяғында блокчейн технологиясына бейім салаларды анықтап, кезең-кезеңімен жүргізу қажеттігі туралы үкімет мінберінде нақтыланған болатын. 2018 жылдың алғашқы айында Қазақстанның құрылыс индустриясындағы ең ірі ойыншылар – BI Group, "Базис-А" құрылыс компаниялары блокчейн келісім-шарттарды енгізу туралы "AIDA Service IT" компаниясымен меморандумға қол қойды.

Бағдарлама авторы – Уәлихан Нысанов abctv.kz порталы тілшісімен кездескен кезде бұл бағдарламаға BI Group және "Базис-А" құрылыс компаниялары ықылас танытып отырғанын, бірнеше айға созылған кездесулер мен талқылаулардан кейін келісімге келгенін айтты.

"Қазір BI Group құрылыс компанияны блокчейн технологиясына енгізудің тестілеу жұмыстары басталды. Ал "Базис-А" құрылыс компаниясы тестілеу жұмыстарын аяқтады. Олар екінші тоқсаннан бастап блокчейн келісімшарттарды қолданысқа енгізуге дайын", – дейді Уәлихан Нысанов.

Уәлихан Нысанов бағдарламаны талдаған кезде, ең алдымен құрылыс компанияларының айналасында жүрген делдалдардың санын оңтайландыру мәселесіне басымдық бергенін айтады. Себебі, бүгінге дейін құрылыс компанияларының өнімдері тұтынушыға жеткенге дейін, кем дегенде 5-6 делдалдың қолынан өтеді екен.

"Сондықтан құрылыс компаниялары мен тапсырыс беруші тараптың арасындағы делдалдардың рөлі және соңғы нәтижедегі олардың пайда үлесі туралы зерттеу жүргіздік. Зерттеу нәтижесінде белгілі болғанындай, делдалдарға жұмсалған шығын құрылыс компаниясының тұрғын үй құрылысына жұмсалған қаржыдан бірнеше есе көп болып шықты. Алматы мен Астана қаласындағы тұрғын үй бағаларының Ыстанбұл немесе Берлиндегі тұрғын үй бағасынан бірнеше есе қымбат болуы себебі енді анықталды. Блокчейн келісімшарты делдалдар санын қысқартудан басталады. Мұның нәтижесінде тұрғын үй бағасы 20-25 пайызға арзандауы тиіс", – дейді Уәлихан Нысанов.

Уәлихан Нысанов құрылыс компаниялары мен ашық нарық арасындағы процестерді автоматтандыруға немесе кейбір тұстарына түзетулер енгізуге тырысса да, көлеңкеде жүрген қатысушыларына ықпал ете алмағанын айтады. Оған тіпті технологияның өзі әсер ете алмайтын көрінеді. Себебі, құрылыс индустриясында көлеңкеде жүретін ойыншылардың жұмысын реттеуге келгенде, тіпті блокчейн технологиясының "миы" шаршап, бағдарламалар жүрісінен жаңылып қалады екен.

"Біз көлеңкеде жүретін ойыншылардың жұмысын бірыңғай стардартқа көшіруге, сөйтіп заңдастыруға тырыстық. Бірақ олардың табиғаты ешбір технологияның стандартына сыймайды екен. Делдалдардың саны өскен сайын баға да өсіп отырады. Сондықтан, делдалдардың жұмысын оңтайландырдық. Себебі, басы артық делдардардың көптігінен нарық шаршады. Кұрылыс компаниялары да біздің ұсынысымызды құп көрді. Енді құрылыс компаниялары мен сатып алушылардың арасын тек делдалдар тізбегі емес, электронды смарт-карта байланыстырып тұрады. Онда құрылысқа қажетті тауарлардың электронды тізбесі енгізілген. Құрылыс компаниялары делдалдар арқылы емес, сол смарт-картаға кіріп, тапсырыс береді, тұрғын үй бағасын делдалдар емес, құрылыс компаниялары шығындарына қарап белгілейді", – дейді Уәлихан Нысанов.

Нарық заңы бойынша, басты ойыншы өнім өндіруші мен тапсырыс беруші . "Ал біздегі жағдай неге керісінше болды? Делдалдардың бәсі басым болып келу себебі не? " деген сұраққа Уәлихан Нысановтың жауабы дайын болып шықты.

Кез келген зауыт немесе құрылыс компанияларының тауарларды сатумен дистрибьюторлардың  айналысатыны нарық заңына қайшы емес. Ал бізде мәселені қиындатып тұрған мәселе дистрибьюторлардың  иелігіндегі алып-сатарлықпен айналысатын делдал топтардың тым көбейіп кеткені және мемлекеттік тапсырыстардың солардың уысында кететіні.

"BI Group пен "Базиз-А" компаниялары бірінші кезекте тендер айналысындағы жемқорлықтың ықпалын әлсіретуге басымдық беретіндерін, блокчейн технологиясы келісім-шарттары жемқорлықтың ықпалын әлсіретеді деп үміттенетінін айтты. Блокчейн технологиясы бойынша делдал қызметін дистрибьютер де, делдал да емес, смарт-карт атқарады. Онда тапсырыс берушілер жайлы мәлімет және құрылысқа қажетті тауарлар тізбегі жазылады. Құрылыс компаниялары өздеріне қажетті тұсқа белгі қойса болды, қалғанын технология шешеді. Қазақстандағы ең ірі компаниялардың IT технологиялық мүмкіндігіне сенуінің өзі маңызды. Қазір тек ірі ойыншылар емес, шағын компаниялар да тапсырыс беруге ниетті екенін айтып жатыр", – дейді Уәлихан Нысанов.

Құрылыс саласының мамандары құрылыс индустриясындағы құрылыс компанияларының блокчейн технологиясындағы келісім-шарттар жүйесіне көшкенін жақсылыққа балап отыр. Алматыдағы құрылыс компаниясының бас инженері Евгений Таргоний бізге берген сұхбатында мемлекеттік сатып алулардың бәріне қатысатынын, бірақ ұтқан кездерінің аз екенін айтады. Әкімшілік жариялаған тендерлер кезінде делдал компаниялардың пайда болып, солар ұтып кетеді екен.

"Олардың қандай жобаларға қатысқаны туралы ғаламторда мәліметтер аз. Соған қарағанда ондай компаниялардың шынымен бар екеніне сенбеймін. Тендердің нәтижесі белгілі бола салысымен, жеңімпаз компаниялардың өкілдері "материалды біз сатып алайық, құрылысты сендер жүргізе беріңдер" деген ұсыныспен шығады. Демек оларда тек байланыс бар, құрылысты жүргізетін тәжірибе жоқ. Олар үшін бар мәселе құрылысқа пайдаланатын құрылыс материалдарының бағасы және өздерінің пайдасы болып тұр ғой. ЕЭО-тағы Ресей мен Беларусьте мемлекеттік тапсырыс беруде IT көмегімен жүргізіледі. Беларусьтегі әріптестер блокчейндік келісімшарттарға көшететінін айтып жатыр. Ал біздің елде мемлекеттік тапсырыстың уақыты жақындап қалған кезде ғаламторда тендер ұтып береміз дейтіндер өздерін-өздері ашықтан ашық жарнамалай бастады. Құрылысты тендер ұтып алған делдал компания емес, құрылыс компаниялары жүргізуге тиіс", – дейді Евгений Таргоний.

Евгений Таргонидің пайымдауынша, бұл мәселе бізде халықаралық өлшемдердің шеңберінен шығып кетті.

"Бұл жайт құрылыс индустриясындағы бәсекеге кері әсер етіп жатыр. Шетелдік компаниялардың өзі шыдас бермей, қайтып кетеді. Блокчейн технологиясының тиімділігі үкіметтік деңгейде айтылып жатыр. Блокчейн технологиясының смарт картасында Қазақстанда тіркелген құрылыс компаниялары жайлы және олардың профайлдері ендірілген. Технологияның табиғаты үшінші адамның ықпал ету мүмкіндігін шектеп тастаған. Құрылыс индустриясындағы әбден асқынып кеткен жемқорлықты блокчейн технологиясының көмегімен ауыздықтайтын шығармыз", – дейді Евгений Таргоний.

Евгений Таргонийдің айтуынша, 2017 жылы ірі және ұсақ құрылыс компанияларының жалпы кірісі 35 млрд көлемінде болыпты. Бірақ бұл 2016 жылмен салыстырғанда 4,5 есеге аз. 2016 жылы 31 млрд теңге пайда көрсе, 2017 жылы 45 млрд теңге шығын көріп отыр.

"Индустрияландыру-4" тек бізде емес, барлық елде қолға алынды. Жан-жағымызда бұл процес жылдамдай бастады. Цифрландыру, блокчейн технологиясына біз қалағандықтан емес, қажеттіліктен барып отырмыз. Себебі жан-жағымыз күн ертең келісім шарттардың бәрін блокчейн технолгиясындағы құжаттармен талап етеді. Сондықтан, ерте бастан дайындықты бастағандар ғана ұтылмайды", – дейді Евгений Таргоний.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу