Британияда оқуға ниетті қазақ жастарын дайындау тиімділігі күшейтілмек

Райхан Рахметова Райхан Рахметова
2270

Жылына Қазақстанның мыңдаған студенті шетелдік жоғары оқу орындарында білім алады.

Британияда оқуға ниетті қазақ жастарын дайындау тиімділігі күшейтілмек

Соның ішінде Ұлыбританияға білім іздеп баратын Қазақстан жастарын тартуға қызығушылық білдірген Британияның атақты Лестер университетінің басшылары елімізден өздеріне талапкер дайындауға ниетті болып отыр.

96 жылдық тарихы бар университеттің басшылығы былтыр Алматыда өкілдік кеңсесін ашып, Қазақ ұлттық заң университетімен алғашқы ынтымақтастығын бастап кеткен. Ал биыл британиялық оқу орнының ректоры Пол Бойл бастаған ұжымның жетекшілері осы ынтымақтастықты тереңдету мақсатындағы ұсыныстарымен алғаш рет Астанаға келіп, ҚР президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына ат басын бұрды. Қатарынан бірнеше жоба қарастырылған ақылдасу жиыны еліміздің білім саласына оң ықпалын тигізер жақсы бастамаларға негіз болғалы тұр.

Нақтырақ айтқанда, британ құқығы негізінде жұмыс істейтін "Астана" халықаралық қаржы орталығының кадрлық резервін даярлау жөнінде болашақ әріптестікті қарастыру, британиялық мамандардың көмегімен Академия негізінде ағылшын тілі және заң мектептерін ашу, Лестер университетінің студенттеріне field trips ұйымдастыру, келешекте Лестер университетіне және Ұлыбританияның басқа да оқу орындарына түсуге ниетті талапкерлерге Академия қабырғасында Foundation бағдарламасын ашу, елордада кампус құрылысына британиялық жоғары оқу орындарының инвестиция тарту мүмкіндігі сөз болды.

"Мұның тиімділігі неде? Қазақстан студенттері шетелге оқуға барғанда ол жаққа біздің диплом жарамайды, міндетті түрде дайындық курсынан өтіп барып, бір жылдан соң бірінші курсқа түседі немесе негізгі оқуын жалғастырады. Ал бүгін айтылған жобалар жүзеге асса, осында Лестер университеті бағдарламасының ізімен білім алған қазақ жастары осы оқу ордасына барғанда дайындық курсынан өтпеуіне болады. Бұл ата-анаға оқу шығынын үнемдеу үшін де тиімді. Сонымен қатар британиялық негіздегі тіл курстарының да берері көп", – дейді университеттің Қазақстандағы аймақтық менеджері Әсел Базылғаламова.

Әлемдік рейтингте үздіктер қатарына кіретін ұлыбританиялық Лестер университетінде 20 мыңға жуық студент білім алса, соның 23%-ы әлемнің 117 елінен келген жастар. Бірақ Орталық Азиядан барып оқитындар тым аз көрінеді. Сондықтан олар Қазақстанға келіп, өз ұсыныстарын білдіріп отыр.

"Ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігін қарастырып, көптеген шара, кездесу ұйымдастырамыз. Бүгінгі ұсыныстарымызды әлі бірнеше мәрте талқылап, ендігі кездесуге нақты жоспармен келуге дайындаламыз. Қаржы мәселесін реттеу керек. Жақын болашақта ойлаған істі бастап кетеміз деген сенімдеміз", – дейді Пол Бойл журналистерге берген сұхбатында.

Лестер университетінде әзірге Қазақстаннан екі заңгер студент білім алып жатыр. Келесі семестрде олардың қатарын арттыру көзделіп отыр. Оқытушыларының 95 пайызы ғылыммен, зерттеумен айналысатын британиялық оқу орнының қабырғасында білім алып келген жастарға артылар үміт зор. Олар шетелдік озық тәжірибені өз еліміздің білім жүйесіне әкеледі деген сенім мол.

"Бүгінгі кездесуде ЛУ заң мектебінің директоры Франсуа Де Буа мырза тек заңгерлермен шектелмей, қаржы, банк ісі және тағы басқа да салада маман дайындауға болатынын жеткізді. Бұл жобалардың барлығы Лестер университетінің дипломын елден сыртқа шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді. Алайда оны жүзеге асырудағы басты талаптардың бірі – инфрақұрылыммен байланысты болып отыр, яғни ғимарат, аудитория, ЛУ оқытушыларына тұратын жер керек. Біз керекті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып жатырмыз", – дейді ҚР президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Әлтаир Ахметов.

Тараптар нақты жобалармен ақпанның аяғында қайта кездесуге келісті.

Райхан Рахметова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу