БЖЗҚ шығындарды 12 млрд теңгеге қысқартудың тетігін тапты

Аскар Муминов Аскар Муминов
2721

Ел тұрғындарының 51%-ы қорға жыл бойына 10-ға жуық жарна төлейді.

БЖЗҚ шығындарды 12 млрд теңгеге қысқартудың тетігін тапты

"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ында шығындарға жұмсалатын қаржыны барынша үнемдеу шарасы басталды. Аbctv.kz-тің ресми сұрауына келген жауаптан осындай тұжырым жасауға болады. Зейнетақы қорынан келген ақпаратқа сүйенсек, өзгертулер енгізілген жаңа жоспар 2017 жылға бекітілген бұған дейінгі құжатпен салыстырғанда шығындарды азайтуға негізделген.

Түзетулер енгізілген жоспарға сәйкес, БЖЗҚ-ның жалпы шығындары бұған дейін бекітілген құжатпен салыстырғанда шамамен 12 млрд теңгеге (28%)  қысқарады екен. Атап айтқанда, еңбекақы төлеу шығыны 2,47 млрд теңгеге (24%), операциялық жалдау шығыны 419,7 млн теңгеге (30%), іс-сапар шығындары 419,7 млн теңгеге (30%), зейнетақы активтерін сенімді басқаруға кететін шығындар 6,2 млрд теңгеге (33%) азаяды. Бірінші жартыжылдықтың нақты нәтижелерін өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырар болсақ, еңбекақы төлеу және іс-сапар шығындары 0,5 млрд теңгеге (12%), үй-жайларды ағымдық жалға алу шығыны 74,8 млн теңгеге (14%) қысқарды деп хабарлады зейнетақы қорындағылар.

2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,14 трлн теңгені құрады. Бұл жыл басындағы дерекпен салыстырғанда 450 млрд теңгеге немесе 6,3%-ға көп. Барлық зейнетақы жинағының 98,3%-ы міндетті зейнетақы жарналарының есебінен түскен. Осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жалпы түсім 364,9 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 221,8 млрд теңгемен салыстырғанда 64,5%-ға артық.

2017 жылдың алғашқы жарты жылдығында салымшылар 201,3 мың жеке зейнетақы шотын ашқан. 1 шілдедегі деректерге сүйенсек, барлық келісімшарттар бойынша шоттардың жалпы көлемі 10,07 млн теңгені құрады.

 Осы жылдың алты айында БЖЗҚ 121,25 млрд теңге зейнетақы төлемін төлеген. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі 96,59 млрд теңгемен салыстырғанда жалпы өсім 25,5%-ды құрады. Оның 86,6 млрд теңгесі (71,4%) зейнеткерлік жасқа жеткендерге төленсе, 14,7 млрд теңгесі (12,1%) зейнетақы жинақтарынан сақтандыру ұйымдарына аударылған. 9,7 млрд теңге (8%) тұрақты мекенін өзгерту арқылы басқа елге қоныс аударғандарға және 10,3 млрд теңге (8,5%) басқа да бірреттік төлемдерді төлеуге жұмсалған.

2017 жылдың бірінші жартыжылдығында міндетті зейнетақы жарналарының орташа сомасы бір шотқа 11300 теңгеден айналды. Өткен жылдың жарты жылдағындағы көрсеткіш 9600 теңге еді. 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы БЖЗҚ түсімдері шоттар санының артуынан емес, бір шотқа түсетін түсімдердің өсіміне байланысты ұлғайған.

Ер адам жинақтарының бір шотқа шаққандағы орташа сомасы 878 мың теңгені құраса, әйелдердің бір шоттағы сомасы – 665 мың теңге. Жинақтардың көбі 30-40 және 40-50 жастағы адамдардың еншісінде.

2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы таза инвестициялық табыс -  205,69 млрд теңге. 2017 жылдың 1 қаңтары мен 30 маусым аралығында салымшылардың шотына шаққандағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 3,7% деңгейінде ресми инфляциямен салыстырғанда 3,01%-ды құрады. Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы деректер бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция деңгейінен 0,5%-ға артты.

Зейнетақы қорындағылар дәйектелімдер децильдік топтарға бөлінбейтін еді деп түсіндірді. Алайда, 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша бірден үшке дейін жарна төлейтіндер белсенді салымшылардың жалпы көлемінің 20%-ын, төрттен тоғызға дейін жарна төлейтіндер 29%-ды, тоғыздан көп жарна төлейтіндер 51%-ды құрады.

2017 жылдың бірінші жартыжылдығында белсенді салымшылардың 20%-ы бірден екіге дейін, 38%-ы үштен беске дейін, 42%-ы ай сайын жарна төлеген. Бұл көрсеткіштерді өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырар болсақ, белсенді салымшылардың 20%-ы бірден екіге дейін, 39%-ы үштен беске дейін, 41%-ы ай сайын жарна салған.

БЖЗҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сәуле Егеубаева реквизиттерді электронды үкімет порталы арқылы өзгерістер енгізуге болатын қызмет түрінің қолданысқа енгізілгенін хабарлады. 2017 жылдың III-IV тоқсанында VTM-терминалдарды қолданысқа енгізу процесі аяқталады. Сатып алынған мұндай терминалдардың саны – 4. Аталған терминалдар тұрғындарға қордың операциялық қызметкерлерімен қашықтықтан интерактивті байланысқа шығуына мүмкіндік береді. БЖЗҚ үш мобильді офис сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша, мамандар шалғайдағы аудандар мен ауылдарды аралайтын болады. Егер бұл жоба өз нәтижесін берсе, екі-үш жылдың дерегінде қордың филиалдарын мобильді офистермен жабдықтау жоспарлануда.

2017 жылдың бірінші жартыжылдығында қорға барлық тораптар арқылы азаматтардан 192723 өтініш келіп түскен. Бұл 2016 жылғы 169159 өтінішпен салыстырғанда 14%-ға артық. Сондай-ақ бұл көрсеткіш 2016 жылдың бірінші жарты жылдығындағы 72420 өтініштен 2,7 есе көп.

Осы жылдың соңына дейін реквизиттерді өзгертуге электронды өтінімдер беру мүмкіндіктерін жүзеге асыру, Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің бірінің инфрақұрылымы арқылы БЖЗҚ электронды қызметтерді ұсыну және терминалдар арқылы өз-өзіне қызмет көрсету секілді қанатқақты жобаларын іске қосу, тұрғындарды ақпараттандыруды және қор қызметінің ашықтығын арттыру бойынша шараларды қолдану секілді мақсат-міндеттерді орындау жоспарлануда.

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің инфрақұрылымы арқылы БЖЗҚ-ның электронды қызметтерін орындау, жеке зейнетақы шоттарының барлық операциясы және жеке зейнетақы калькуляторын жүзеге асыру бойынша жалпы бірыңғай ақпараттық деректер базасын құру қордың алдағы уақыттағы жоспарларның қатарында тұр. Ішкі бақылу және тәуекелдерді басқарудың біріктірілген жүйесін дамыту үшін сапа менеджменті жүйесі бойынша стандарттарды енгізу көзделуде.

Еркебұлан Қыздарбек, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу