Цеснабанк Ұлттық банкке қарыз емес

3011

FHS брокерлік компаниясы Цеснабанкке 70 млрд теңге қаржы құяды. 

Цеснабанк Ұлттық банкке қарыз емес

2017 жылдың қазанында Цеснабанк қаржы секторын сауықтыру бағдарламасына қатысып, Ұлттық банктен ақша алғанына қарамастан, 2018 жылдың тамыз айында қаржы реттеушісінен тағы да қарыз сұрады. Бұған екінші деңгейлі банк пен квазимемлекеттік компаниялар арасындағы келісімнің мерзімінен бұрын бұзылуы, яғни заңды және жеке тұлғалардың ақшаларын банктен алып, оның қазынасын ортайтып тастауы себеп болды.

Ұлттық банк Цеснабанктің қаржылық жағдайын жақсарту туралы сұранысын қанағаттандырып, оған 150 млрд теңге көлемінде қысқармерзімді қарыз берді. Кейін бұл сомаға тағы 50 млрд қосып, Цеснабанктің борышын 200 млрд теңгеге жеткізді. Сол кезде бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев: "Ұлттық банк Базель 3 шеңберінде өтімділік бойынша жаңа коэффициенттердің күшіне енуін ескере отырып, банкке нарық талабымен 150 млрд теңге мөлшерінде қарыз түрінде қолдау көрсетті", – деді.

Данияр Ақышев Ұлттық банк Цеснабанкке қарызды оның қаржылық ахуалын бақыланатын жағдай деп бағалағандықтан бергенін айтты.

Бір қызығы, Цеснабанк Ұлттық банктен алған қарыздың 100 млрд теңгесін бір айда қайтарған. Осыған қатысты Цеснабанктің баспасөз-қызметі: "2018 жылдың тамызында "Цеснабанк" АҚ өтімділіктің қосымша қорын қамтамасыз ету мақсатында ҚР ұлттық банкінен 150 млрд теңге көлемінде қысқамерзімді несие тартылды. Аталған қарыз Қазақстан Республикасының "Банктер және банк қызметі туралы" заңына және ҚР ҰБ-ның нормативтік актілеріне сәйкес берілген. 2018 жылдың 5 қыркүйегінде "Цеснабанк" АҚ 100 млрд теңге қарызды ішінара жапты, ал қалған сома сыйақысымен бірге жақын арада төленеді. Қысқамерзімді қарыз банктің өз қаражаты есебінен жабылды", – деп хабарлағаны есте.

Бұдан бөлек үкімет пен Ұлттық банктің шешімімен "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ Цеснабанктен  604 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы несиелерінің портфелін сатып алды. Нәтижесінде банктің капиталына жаңа инвестор тартылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге қосымша қолдау көрсету және олардың жылдам қалыпқа келуі үшін жағдай жасалды.

Таяуда First Heartland Securities (FHS) брокерлік компаниясы Цеснабанк АҚ акцияларының бақылау пакетінің иесі атанды. Алдағы уақытта жаңа акционер Цеснабанкке 70 млрд теңге қаржы құяды. Айта кетейік, бұл компания Назарбаев университеті, Назарбаев интеллектуалды мектептері және Назарбаев қоры кіретін компаниялар тобының инвестициялық бөлімшесі саналады. Айтпақшы Назарбаев университетінің президенті, Назарбаев зияткерлік мектептері қамқоршылық кеңесінің төрағасы және Назарбаев қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Шигео Катсу Цеснабанк АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне кірісті. Аты аталған азамат 2010 жылдың желтоқсан айынан бері Назарбаев университетін басқарып келеді. Бұған дейін Дүниежүзілік банкте түрлі қызмет атқарған.

Жоғарыда тізбектелгеннің барлығы Цеснабанкке жайлы жағдай жасалғанын көрсетеді. Өз кезегінде Цеснабанк те қол қусырып отырмағанға ұқсайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков: "Цеснабанктің қаржылық жағдайы толық сауықтырылды. Дәл қазір ол клиентері мен салымшыларының алдындағы міндеттемесін толық орындап отыр",– деп мәлімдеді.

Олег Смоляков Цеснабанк Ұлттық банктен алған қарызын қайтарғанын да тілге тиек етті.

"Үкімет пен Ұлттық банк жүзеге асырған шаралар кешені және Цеснабанкке жаңа инвестор тарту Цеснабанк АҚ-ның қаржылық жағдайын қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта банкте Ұлттық банктің ең төменгі талаптарынан асатын капиталдандыру және өтімділік көрсеткіштері бар. Цеснабанк АҚ несие портфелінің құнсыздануынан болған барлық ықтимал шығындарды өтеу үшін жеткілікті сомаға қосымша провизия қалыптастырды. Сондай-ақ Ұлттық банк ұсынған тұрақтандыру қарызын толық көлемде өтеді", – деп қорытты сөзін Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу