Дәрі-дәрмектің құнын қымбаттатқандар лицензиясынан айырылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4703

Медициналық препараттардың бағасы жылына екі рет, қаңтар, шілде айларында бекітіледі.

Дәрі-дәрмектің құнын қымбаттатқандар лицензиясынан айырылады

Былтыр қаңтар-қараша аралығында Қазақстанға шет елден 21,7 мың тонна медициналық препарат жеткізілді. Бұл үшін біз экспорттаушыларға 819,4 млн доллар санап бердік.

Ресей бізге 70,9 млн долларға 6,4 мың тонна дәрі сатты. Қытай 2,6 мың тонна дәрі жөнелткені үшін Қазақстаннан 9 млн доллар қағып алды. Германияға 2,1 мың тонна медициналық препарат үшін 161,1 млн доллар ұсындық. Үндістан бізге жеткізген 1,6 мың тонна дәрі үшін 62,8 млн доллар алып кетті. Мұның сыртында Украинадан - 1,1 мың, Франциядан -1,1 мың, Беларусьтен -1,1 мың, Польшадан - 746 тонна дәрі-дәрмек сатып алдық.

Дәрі-дәрмек алуға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына жергілікті ауруханалар да "үлес" қосты. Бұл туралы таяуда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жергілікті ауруханалар мемлекет есебінен дәрі-дәрмекке артық тапсырыс беріп, республикалық бюджетке 80 млрд теңге шығын келтіргенін мәлімдеді. Министр тегін таратылуға тиіс 500 түрлі медициналық препарат сатып алу үшін аймақтардан 180 млрд теңгеге тапсырыс түскенін, оның едәуір бөлігі жалған болғанын және сатылып кеткенін айтты. Осыған қатысты орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова тегін таратылатын медициналық препараттарды сату фактісі бойынша бас прокуратура өңірлерде 20-дан астам қылмыстық іс қозғағанын баяндады.

Бұдан біраз бұрын еліміздегі дәрілік заттардың қол­жетімділігін арттырып, дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз етуде мемлекет шы­ғынын азайту үшін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң күшіне енді. Құжатқа сәйкес, дәрі-дәрмек бағасы жылына екі рет, қаңтар, шілде айларында бекітіледі. Көрсетілген уақытта дәрі өн­ді­ру­шілер мен сатушылар өнімдерін бекітілген бағамен өткізеді.

Айта кетейік, Қазақстанда 8 мыңнан астам дәрі түрі тіркелген және оның 2 мыңнан астамының бағасы бекітілген. Болашақта ел аумағында тіркелген бар­­лық дәрі-дәрмектің бағасы бірдей болады. Дәрі-дәрмектің  бағасы туралы ақпарат денсаулық сақ­тау министрлігінің фармация комитеті мен барлық об­лыс­тық денсаулық сақтау бас­қар­маларының ресми  сайттарына жарияланады.

"Бұдан былай дәрі-дәрмек жеткізу және сатумен айналысатын ұйым­дар денсаулық министрлігі бекіткен дәрі-дәрмектің бағасын реттеу ережесіне сай жұмыс істеуге тиіс. Бекітілген ереже сақ­талмаған жағдайда, яғни дәрі бағасы заңсыз көтерілгені анық­талса, ұйым әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылады немесе лицензиясынан айырылады", – деді Людмила Бюрабекова.

Жаңа заңда "СК-Фармация" ЖШС бір­ың­ғай дистрибьюторы мен басқа да медициналық ұйым­дар электронды сатып алуға көшетіні нақтыланған.

"Қазіргі таңда тестілеу ре­жімінде 2019 жылға бір­ың­ғай дистрибьютордың дәрі-дәр­мек сатып алуын іске қос­тық. Аталған қызметті қаржы министрлігінің электронды сатып алулар порталы атқарып отыр. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Себебі қазір жет­кізу­шілер мен тендерлік комис­сия мүше­ле­рі арасында еш­қандай байланыс жоқ. Барлық үдеріс онлайн режимде, электронды форматта өтеді", – деді фармация комитетінің төрағасы.

Бір қарағанда барлығы жақсы сияқты, алайда мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров дәрі-дәрмек бағасына қатысты дабыл қақты.

"Өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда, 2019 жылдың бірінші тоқсанында дәрі-дәрмек бағасы 8,4%-ға қымбаттаған. Бұл тұтыну бағасының деңгейінен 1,7 есе артық. Баға өсу қарқыны бойынша дәрі-дәрмектің құны азық-түлік пен азық-түлік емес тауарлардың алдына шығып отыр. Дәрі-дәрмек нарығының қатысушылары бағаны қолдан көтеріп отырғанын байқап отырмыз. Бағаны бір қалыпта ұстайтын механизмдер енгізілгенше, жеткізушілер дәрі-дәрмектің жаңа құнын қалыптастырады. Бұл жағдай шұғыл түрде дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауының объективті және субъективті себептерін анықтауды қажет етеді", – деді Айқын Қоңыров.

Оның сөзінше, дәрі-дәрмектің бағасы халық үшін тек қана әл-ауқаттың ғана емес, сонымен қатар денсаулықтың маңызды көрсеткіші. Бағаның қымбаттауы халықты дәрі-дәрмекке жұмсайтын ақшасын үнемдеуге мәжбүрлейді немесе медициналық препарат қолданудан бас тартуға итермелейді.

"Статистика комитетінің мәліметінше, былтыр бір отбасы орта есеппен дәрі-дәрмекке 26 300 теңге жұмсаған. Ал 2019 жылдың алғашқы тоқсанында дәрі-дәрмек пен амбулаторлық қызмет құны күрт қымбаттаған. Халықтың денсаулығын сақтауға жұмсап отырған шығыны медицина қызметкерлерінің жалақысына оң әсер еткен емес. Дәрі-дәрмектің қымбаттауы нарықтағы ойыншыларға ғана пайдалы болып отыр", – деді халық қалаулысы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу