Девальвация болады деп күткендер шығынға батуда

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
2946

Инвесторлар арзандаған валютада салым жасауға жақсы мүмкіндік алды.

Девальвация болады деп күткендер шығынға батуда

Америкалық доллар кезекті рекордтық көрсеткішке жетіп, төмендеуін жалғастыруда. Дүйсенбі, 19 ақпан күнгі, KASE-ның таңғы сессиясында доллардың теңгеге қатысты бағасы  0,19 пайыздық көрсеткішті жоғалтып, 319,23 теңге болды. Күндізгі сессия динамиканы біршама дұрыстап, долларды 0,1 пайыздық көрсеткішке нығайтып, 319,32 теңгеге дейін жеткізді. Бұның алдында доллар апта бойына әлсіреп, апта соңындағы сауданы 319,49 теңге шамасында жауып, 2017 жылдың маусымынан бері бірінші рет төмендеді.

Сарапшылар теңгенің нығаюын әдеттегідей мұнай бағасының өсуімен, сондай-ақ доллар/рубль жұбымен байланыстырады.  

Сонымен бірге Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) басқарушы директоры Павел Афанасьев жылдың басынан бері теңгенің нығаюында IV тоқсандағы мұнай-газ секторы компаниялары үшін салық төлемдерінің кезеңі (биылғы жылы ол 26 ақпанда аяқталады) шешуші фактор болады деп отыр. Мысалы, өткен жылы да теңге қаңтар айының басынан 24 ақпан аралығында бір доллар үшін 333,29 теңгеден 311,39 теңгеге дейін жетіп, өсім 21,8 теңгені құрады.

Аbctv.kz-тың 2017 жылы теңге неге осыншалықты қатты нығайды деген сауалына жауап берген сарапшы жылдың басынан бері жүйедегі теңгелік өтімділік көлемі былтырғы жылға қарағанда төмен болғанын айтты. Осыдан барып, бағам динамикасы қатты болды, яғни шетелдік валюта нарығының өтімділігі аз болды. Бұл да бағамның құбылмалы болуына себепші.

"Базалық мөлшерлеме 12% деңгейінде (қазіргі деңгей – 9,75%) болды, бұл теңгелік міндеттемелерге қызмет көрсету құнының жоғары болғанын көрсетеді", – деді сарапшы.

Ұлттық банк мәліметіне сәйкес, осы жылдың басынан ақпанның ортасына дейін ашық нарық операциялары 1,1 трлн теңгеге, 3 трлн теңгеден 120 млрд теңгеден 4 трлн 226 млрд теңгеге дейін артқан. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2017 жылдың осындай кезеңінде операциялар 2 трлн 379 млрд теңгеден 2 трлн 982 млрд теңгеге дейін өскен.

Ал ревальвациялық кезеңнің қаншаға созылатынына келсек, онда сарапшының  бұл сұраққа нақты жауабы болмады.

"Бұл тағы бірнеша айға созылуы мүмкін, бірақ содан кейін бірден девальвациялық қозғалыс болуы міндетті емес. Былтырғы жылы да бағам еш өзгермеген болатын, яғни девальвация болады деп күткендер шығынға батып қалғанын еске салып кеткім келеді", – деп атап кетті Павел Афанасьев.

Салық факторына компаниялардың салықты біркелкі төлемейтіндігі де әсер етеді, жыл бойына төленуі тиіс барлық салықтың 30%-ы осы алғашқы екі айда төленеді. Бұл– пайдалы қазбаларды өндіру салығы, корпоративтік табыс салығы, ренттік салық, әртүрлі роялтилер, жоғары табысқа салынатын салық және елдің аралық үлесі.

Павел Афанасьевтің айтуынша, бұл салықтың үлкен болуының себебі әр жылдың соңында компаниялар салықтың қалдық сомасын бірақ аударуы мүмкін. Оң экономикалық факторларды, оның ішінде сыртқы экономикалық факторларды есепке ала отырып, осы жылы салық төлемдері жоғары болады деп күтілуде.

2018 жылдың басты ерекшелігі мұнай бағасының өсуінде болып отыр. Мұнай бағасы 20%-ға артқан, өсудің негізгі динамика 2017 жылдың IV тоқсанында қалыптасты. Сонымен қатар өндірілген мұнайдың жеке көлемі де өсуде, бұл жерде Қашаған басты драйвер болып отыр. Ал бұл салықтық түсімдер үлкен болады деген сөз. Экспорттаушыларға қызмет көрсетуге маманданған банктер желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында нетто-позицияны саудаға дайындады. Тап қазіргі уақытта биржада доллармен жасалып жатқан сауда аз, алайда долларды сату сатып алудан асып кетіп тұр.

Бұл ретте доллар-теңге бағамына басқа да факторлардың әсер етуін ҚҚҚ өкілі аз деп бағалады. Жыл басынан бері банк секторының активтерін қорда сақтаудың жаңа ережесі жұмыс істейтін болады. Ақшаның қосымша санын арттыру валюта нарығында ұсынысты арттырады ма? Павел Афанасьев ҚЕХС 9-ға сәйкес банктердің қалыптастыратын провизиялары ақшалай болмауы мүмкін екенін айтты. Оларды бекітілген нормативтер аясында өз капиталдарын өзгерту арқылы теңгеруге болады. Сонымен қатар қолма-қол валютаға сұраныстың төмендеуінен банктердің шетелдік валютадағы қарыз қоржынының үлесі азаяды.

"Қазақстандық банктердің провизиясы қаншалықты өсетінін айту қиын, әзірге статистика жоқ. ҚЕХС 9 және Ұлттық банктің бастамасымен жасалған реттеушілік төлемдер тұрғысынан алып қарайтын болсақ, биылғы жыл бейімделу жылы болады. Егер басқа елдердің ҚЕХС 9-ға көшу тәжірибесін қарайтын болсақ, онда өсу қазіргі провизиядан 20-30%-ға дейін болуы мүмкін. Әсер ету болғанмен де ол шамалы ғана. Оның әсерін бағалау әзірге ерте. Ол бағамбелгілеуші деп айта алмаймыз", – деп түсіндірді сарапшы.  

Кейбір сарапшылар "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" компаниясының қазір өз акцияларын және GDR-ды сатып алуы доллар/теңге бағамына қосымша қысым жасайды деп есептейді. Өйткені компанияның валютаны сатудан түскен ақшаны арттыру арқылы бағамға ықпал ету ойы бар. Еске сала кетер болсақ, оның әр данасы 14 доллар, жалпы сомасы 1,2 млрд доллар болатын 85 млн дана жаһандық қолхат өтеуін төлеп алуға жатады және есеп айырысу доллармен жасалмақ. Сондай-ақ әрқайсысы 84 доллардан тұратын 410 мыңнан астам акция да  өтеуін төлеп алуға жатады, ал бұл тағы 34 млн доллар деген сөз.

"Бай-бэк доллармен жасалатындықтан және экспорттаушы-компаниялар резервтерінде долларды көп ұстап отырғаны бағам динамикасына әсер ете қоймайды, – деп ойлайды сарапшы. – 34 млн доллар деген биржа саудасы үшін соншалықты көп ақша емес, бұл шамамен 140-150 млн доллар. "ҚМГ" компаниясының өтімділігі жеткілікті, олар бұған депозиттерді де қолдана алады".    

ҚҚҚ-тың жасаған консенсус-болжам кәсіби қауымдастықтың мұнай бағасы, базалық мөлшерлеме мен инфляцияның шамасы, теңгенің рубльге, рубльдің долларға қатысы сияқты басты индикаторлар бойынша айдың және жылдың соңына қарай күтілетін болжамдарын көрсетті. Сауалнаманың соңғы кезеңі ақпан айының соңында теңгенің долларға қатысты бағамы орташа есеппен алғанда 325 теңге болатынын көрсетеді. Егер доллардың жыл соңында қанша тұратынына келсек,онда бұл 332-333 теңге. Жылдың соңына жасалған болжам ай соңындағы болжамнан асып кетіп отыр. Бұл келешекте мұндай көрсеткіштер мәнінің тұрақсыздығын көрсетеді.

Павел Афанасьев іргелі көрсеткіштер Қазақстанның ағымдағы шот төлем балансының тапшылығы жақсаратынын жоспарлап отырғанын айтты.  Сауалнама алу барысында белгілі болғандай, әсерлер болмағандықтан, бағам көрсетілген мәннен асып кетеді деуге негіз жоқ.  Егер болжамдардың нәтижелігіне келер болсақ, онда ол біршама қызықты десе болады. Сегіз болжам кезеңі сауалнамаға қатысқан сарапшылардың тек 22%-ы ғана мұнай бағасының өзгеруін дұрыс есептей алғанын көрсетті. Сонымен қатар 25%-ы рубль/доллар бағамын, ал 29-30%-ы доллар/теңге жұбының бағамын  дөп баса алған. Рубль/теңге жұбы бағамының аса құбылмалы болмайтынын сарапшылардың басым бөлігі айтып отыр. 

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу