Доллар үстемдігіне наразылық күшейіп келеді

4983

Вашингтонның ең жақын одақтастарының өзі долларға тәуелділіктен арылудың жолын іздей бастады.

Доллар үстемдігіне наразылық күшейіп келеді

Ғаламдық қаржының негізінде бір парадокс жатыр. АҚШ-тың дүниежүзілік экономикадағы үлесі соңғы он жылдықта кемімесе, артқан жоқ. Енді міне  Трамптың тұсында Америка Еркін әлемнің лидері деген дәстүрлі рөлінен алшақтай бастады. "Американың өзгеден еректігі мұнша тоқыраған емес", – деді Morgan Stanley Investment Management компаниясының басты ғаламдық стратег-сарапшысы Ручир Шарма қыркүйектің 24-де өткен Халықаралық қатынастар кеңесінің  симпозиумында.

Бірақ, соған қарамастан, Еуропа орталық банкінің мәліметінше, халықаралық қарыздың үштен екі бөлігі доллармен алынған, ғаламдық резервтік қорлардағы қаражаттың да сонша бөлігі Америка валютасымен сақталған. Мұнай мен алтын евромен емес, йенмен емес – доллармен бағаланады. Сомалилік пираттар да кепілге алған кемелерді доллар берсе ғана босатады.  Әлемнің төлем жүйесі доллармен жұмыс істейді. Сондықтан, Вашингтон Иранды, Солтүстік Кореяны, Ресейді осы жүйеден ажыратып тастаймын деп қорқыта алады. Қысқасы, Құрама Штаттар үшін валюталық үстемдік те әскердің айбыны тәрізді құнды. 

"Абсурд" жағдай
Алайда, қазір доллар гегемониясына қарсылық күшейіп келеді. Бұрын саяси лидерлер қаласа да, қаламаса да – бұл үстемдікті мойындағанды. Қазір олар сол позициядан шегініс жасай бастады. Өткен айда, Еуропа комиссиясының президенті Жан-Клод Юнкер еуропалық компаниялардың еуропалық ұшақтарды еуроға емес, америкалық валютаға сатып алып жүргеніне таңқалып, бұл жағдайды "абсурд" деп атады. Ал, наурызда Қытай мұнай келісім шарттарын юаньмен жасайтынын ескертіп, доллардың әлемдік энергетикалық нарықтағы доминанттық рөліне қауіп төндірді. Ресей болса, биыл долларды "халықаралық есеп айырысудың қауіпті құралы" деп жариялап, долларлық қорын қысқартты. Ал, тамызда Франция қаржы министрі Бруно Ле Мэр АҚШ-тан толық тәуелсіз инструменттерді қаржыландырғысы келетінін мәлімдеп, "Еуропаның вассал емес, егемен континентке айналғанын қалайтынын" атап өтті.

"Егер доллар басты рөлін жоғалтса, АҚШ-қа инвесторлардың сенімі сетінеуі мүмкін. Ал, Федералдық резервке өзге елдердің орталық банктері тәрізді аұша спекуляциясына жол бермеу үшін пайыздық үстемені көтеруге тура келеді. Бір қызығы, Құрама Штаттар он жыл бұрынғы ғаламдық қаржылық дағдарысқа түрткі болса да, инвесторлар одан әлі пана іздейді", – дейді "Блумберг" агенттігінің тілшісі Петер Кой.

Доллар – сыртқы саясат құралы
Бірқатар сарапшылардың пікірінше, АҚШ-тың, әсіресе, Иран және онымен бизнес жасаған елдерге қаржылық санкция қолдануы долларға тікелей қауіп төндіріп отыр. Қарашаның 4-де Вашингтонның Тегеранған жариялаған кезекті санкциясы өз күшіне енеді. Егер Еуропа компаниялары мен банктері бұл эмбаргоны бұзатын болса, Құрама Штаттар тарапынан жазаланады.

Бұны тәуелсіздікті бұзу деп қабылдаған Еуропа лидердері аймақтың өз төлем жүйесін жасау жолында жұмыс істеп жатыр. Ол жүйе еуропалық компанияларға АҚШ-тың қаржы министрлігі мен шетелдік активтерді бақылау басқармасының шектеулерін айналып өтіп, Тегеранмен бизнес жасауға мүмкіндік береді деген үміт бар. Болжамдарға қарағанда, мемлекет қаржыландыратын бұл жүйе банктер мен компаниялардың көмегіне жүгінбей-ақ, Иран мұнайын Еуропаның, бәлкім Ресей мен Қытайдың тауарларына айырбастап алумен (бартермен) айналысуы мүмкін.

"Еуропалықтар ретінде, өзгелердің, тіпті ең жақын одақтастарымыздың бізге кіммен жұмыс істеуді анықтап бергенін қаламас едік", – деді Федерика Могеринин қыркүйектің 26-да жасаған мәлімдемесінде.

Бақылаушылардың ойынша, Еуропада Вашингтонның санкцияларын айналып өтетін тәсіл әлі дайын болмаса да, сол тәсілді іздеудің өзі халықаралық аренада доллардың үстемдігіне наразылықтың күшейіп келе жатқанын білдіреді. Айта кетсек, 2016 жылы АҚШ-тың сол кездегі қаржы министрі Джейкоб Лью  "санкцияларды шектен тыс қолдану Американың әлем экономикасындағы жетекші позициясын құлдыратып, эмбарголардың тиімділігін жоятынын" ескерткен болатын.

Дегенмен, доллардың бәсекелестері әлсіз деген пікір бар. Мысалы, еуро  валюталық одақтан өкілдік еткенімен, оны салық жағынан, жұмсау тұрғысынан реттеп отыратын орталықтандырылған орган жоқ. Қазір юань да – дүниежүзілік "таққа" ұмтылып отырған ақша. Бірақ, халықаралық сауда мен капитал айналымына ашық әрі демократиялық билік қажет екен. Ал, экс-министр Льюге оралсақ, оның пікірінше, АҚШ өзінің қаржы жүйесін сыртқы саясатқа неғұрлым көп қолданса, өзге елдердің басқа валютаға көшу әрекеті соғұрлым күшейе түспек.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу