Екі миллиондай "көне" көліктен қашан арыламыз?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
7915

Қазақстандықтарға әбден көнеріп, жүрістен қалған "темір тұлпарларын" мемлекетке тапсырып, қомақты сыйақы алудың тамаша мүмкіндігі екінші рет беріліп отыр.

Екі миллиондай "көне" көліктен қашан арыламыз? Фото: inform.kz

2017 жылдың 26 маусымынан бастап елімізде тозығы жеткен көліктерді тапсырушыларға жаңа көлік сатып алуына жеңілдік беретін сертификат бағдарламасы жаңадан іске қосылды.

Осы бағдарламаның орындалуына жауапты энергетика министрлігі мен оның "ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) операторы" әрбір жеңілдік сертификаты атаулы болып келетінін, бірақ оны өзгенің атына тіркеуге болатынын еске салады. Бұл ретте басқа біреуге тіркеу екі реттен артық жүргізілмейді. Бірақ бұл сертификатты мемлекетке қайтарып беруге және қолма қол ақшаға ауыстыруға тыйым салынған. Сертификат тіркелген күннен бастап 12 айға дейін жарамды. Осы уақыт ішінде "автохлам" тапсырушы адам мемлекет берген сертификаттағы қаржыны пайдаланып, жаңа автокөлік сатып алып үлгеруі қажет.

"Тозығы жеткен көлік құралдарын жою бағдарламасы отандық парктің жаңаруына, Қазақстандық автоөндірісті ынталандыруға және утилизация саласының инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деген ұстанымда энергетика министрлігі.

ӨКМ операторы жаңа өндірістік кезеңге көшті: бұдан былай автокөліктер қабылданатын бекеттерде олар бірден жоюға әзірлене бастайды. Яғни, экологиялық талапты сақтай отырып автокөлікті тасымалдау және оны жою процесі былай жүрігізіледі: аккумулятор, шиналар шешіп алынады, техникалық сұйықтар стандартқа сай арнайы ыдысқа құйып алынады.

"ӨКМ операторы" ЖШС-ның атқарушы директоры Сергей Юрчаның айтуынша, утилизациялауды қажет ететін көнерген көліктерді қайта өңдеу Қарағанды қаласындағы өндірістік алаңда жүзеге асырылады. Осы саладағы бірінші зауытқа айналып отырған бұл кәсіпорынның жылдық қуаттылығы шамамен 50 мың автокөлік бірлігін құрайды деп жоспарланған.

Оның мәліметінше, ескі көліктерді қабылдау бойынша былтырғы алғашқы пилоттық бағдарлама аясында шамамен 15 мың дөңгелек-шина, 14 мың аккумулятор, шамамен 4 мың тоннадай пайдаланылған машина майы жиналыпты. Олар осы салаларға маманданған кәсіпорындарға жөнелтілмек. Ал тозығы жеткен машиналардың темір-метал қалдықтарының барлығы Қарағандыдағы автозауытқа жеткізілуде.

"Көлік құралдарынан алынған барлық құрамдас бөліктер Қазақстанның өз ішіндегі утилизациялауға бағытталады. Тиісті кәсіпорындар бізде бар және оператормен белсенді жұмыс жасауда", – дейді Сергей Юрча.

ӨКМ операторы мәліметінше, бұл көліктерді кәдеге жаратудың "тереңдігі" 90%-дан кем болмайтын көрінеді.

Сонымен, жедел ақпарат бойынша бағдарлама бастау алған екі аптадай уақыт ішінде беріліп отырған осы екінші мүмкіндікті қазірдің өзінде 32 көлік иесі пайдаланып үлгеріпті.

"Тозығы жеткен көлік құралдарын жою бағдарламасы" аясында ӨКМ операторы жаңа көліктерді сатып алуға мүмкіндік беретін осынша жеңілдік сертификатын табыстады.

Оның ішінде 5 сертификат иегері ізін суытпай, берілген қаржыны жаңа көлік сатып алу кезінде жедел пайдаланған екен. Бұрыннан жоспарлап, таңдап қойса керек.

Әзірше ескі көліктерді тапсырудан Қостанай қаласы көш бастап тұр. Онда осы бағдарлама бойынша 5 көлік мемлекетке өткізілді. Одан кейінгі тұғырға 3 көлікпен Шығыс Қазақстан облысы жайғасты.

Қазіргі кезде жалпылай алғанда, 1 автобус, 5 жүк көлігі мен 26 жеңіл автокөлік жоюға тапсырылып отыр. Бұлардың барлығы 1980-1993 жылдар аралығында шыққан, яғни қолданыста болғанына кем дегенде ширек ғасырдай уақыт өткен көліктер.

Ресми мәлімет бойынша осы көліктерге ең төмен дегенде 315 мың теңге (жеңіл көлік) және ең қымбат дегенде 650 мың теңге (Neoplan автобусы) төленген.

Биылғы жылы энергетика министрлігі тозығы жеткен көлік құралдарын жою бағдарламасы бойынша жаңа көлікті жеңілдік сертификатымен сатып алуға "М1", яғни жеңіл көлік санаты бойынша – 20 мың ескі автокөлікке, "М2", "N1", "N2", яғни жолаушылар және жүк көлігі санаты бойынша – 1 мың 836, "М3", "N3", яғни салмағы 5 тоннадан жоғары жолаушылар тасымалдаушы көліктер және 12 тоннадан жоғары жүк көліктері бойынша – 1 мың 164 көлік құралдарына квота бөліп отыр.

Дегенмен, бағдарламаның қарқын алуына қарай бұл квота кеңейтіледі деп күтілуде. ӨКМ операторы 2017 жыл қорытындысында халықтан барлығы 40 мыңдай автокөлік жиюға ниет білдіруде.

Өткен жылғы ізашар бағдарламаның қорытындысы осыдан үміттенуге түрткі болса керек. Атап айтқанда, ӨКМ операторы дерегінше, 2016 жылдың 21 қарашасы мен 2017 жылдың 13 маусым айы аралығында елімізде алғашқы "Тозығы жеткен көлік құралдарын ынталандыру бағдарламасы" бойынша қабылдау бекеттеріне 23 мың 30 автокөлік тапсырылды. Ескі көліктерді тапсыру бойынша Шымкент қаласы бірінші орынды иеленді. Оңтүстікқазақстандықтар 2 980 автокөлік өткізіп отыр. Тозған техникадан арылу көрсеткіші бойынша Қостанай қаласы 1 825 ескі көлікпен екінші тұғырға көтерілді. "Үштікті" 1 597 көлікпен Алматы облысы тұйықтады.

Айта кету керек, былтыр тек жеңіл көліктер ғана қабылданған және барлық талап етілетін компоненттері толығымен бар ескі "темір тұлпарларға" ең көп дегенде 150 мың теңге төленген. Осылайша, бірінші бағдарлама аясында қазақстандықтарға 3 миллиард 440 миллион 700 мың теңге ақшалай өтемақы жасалыпты.

Бұл ретте мемлекеттің кәдеге жаратуына тапсырылған көнерген "темір тұлпарлар" арасындағы ең көбін "ВАЗ-2105", "ВАЗ-2106" және "ВАЗ-2101" құрапты. Сонымен қатар тозығы жеткен машиналардың арасында "Мазда", "Фольксваген", "Хонда" сияқты шетелдік автокөліктер кездеседі. Ең әйгілі маркілердің арасында 1996 шыққан "Toyota Land Cruiser" және 1985 жылы шығарылған "Porsche" маркілі автокөлік тапсырылды.

Жоюға өткізілген көліктердің орташа шығарылған уақыты 25-30 жыл. Бағдарлама бойынша тапсырылған ең ескі көлік – 1946 жылы шығарылған "Москвич" автокөлігі. Оны Семей қаласының тұрғыны өткізген. "Су жаңа" деген көлік 2014 жылы шыққан "Лада 21901" автокөлігі болды.

Биылғы жылы шетелде өндірілген маркалар үстем болады деп күтілуде.

Ауласында тот басып тұрған жүрмейтін көлігін тапсырып, жаңа көлікті алуға қажетті қаржыны толықтыруды қалаған азаматтарға энергетика министрлігі бұл арманын жүзеге асырудың қарапайым "төрт қадамын" ұсынады.

Біріншіден, сол көлікке қатысты "квотаның бар-жоқтығын анықтау", бұл үшін 8 800 080 08 65 телефоны бойынша тексеріп алуға болады.

Екіншіден, "көліктің тапсыруға жарайтын-жарамайтынын бағалау".

Үшіншіден, "машинаның өз меншігіңізде екенін растайтын құжаттарды әзірлеңіз". Автокөлікті өткізушінің құжаты жіті тексерілетін болады. Егер құжат күмән туғызса, оператор 3 жұмыс күннің ішінде қабылданған құжаттардың дұрыстығын анықтау мақсатында құқық қорғау органына тапсырады.

Төртінші қадам "тозығы жеткен көлікті тапсыруды" қарастырады. Яғни, оны өз қалаңыздағы және өңіріңіздегі қабылдау бекетіне өзіңіз жеткізуге тиіссіз.

Оператор көліктер Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Павлодар, Ақтау, Ақтөбе, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Орал, Шымкент, Қарағанды, Тараз, Атырау, Петропавл және Талдықорған қалаларында қабылданатынын еске салады.

Жоюға тапсырылатын көлік құралдарының шығарылған жылына, моделіне қатысты ешқандай да шектеу жоқ. Тек жолаушылар тасымалдайтын және жүк көліктері үшін жалғыз талап – М3, М3, N2, N3 санатындағы көлік құралдары техникалық жарамды болуы керек және барлық жабдықтар өз орынында болу тиіс.

Осы тұста "көліктің тапсыруға жарайтын-жарамайтынын бағалау" бойынша екінші қадамға түсініктеме бере кеткен жөн. Мемлекет қабылдау үшін ескірген жеңіл көліктің (М1 санаты) шанағы, шассиі, қозғалтқышы, радиаторы, беріліс қорабы, аккумуляторы, капот қақпағы, жүксалғыш қақпағы, есіктері, дөңгелектері, дөңгелек қоршаушы жабыны, меңгерікті басқару жүйесі болуға тиісті.

Жолаушылар көлігі (M2, М3 санаты) жүріп тұруы керек, сондай-ақ оның шанағы, шассиі, қозғалтқыш аспалы құрылғысы, қозғалтқышты салқындатушы радиаторы, беріліс қорабы, аккумуляторы, есіктері, дөңгелектері, газдарды сыртқа шығаратын жүйе детальдары (егер бар болса), өзге де салқындатқыш жүйелер немесе сұйықтықтары, таратқыш қорабы, белдемелері және белдеме редукторы, ірі торапты детальдары, жүрісті бөлік, кардан білігі, меңгерікті басқару жүйесі болуы талап етіледі.

Жүк көлігінің (N санаты) кабинасы, шассиі, қозғалтқыш аспалы құрылғысы, таратқыш қорабы, белдемелер және белдеме редукторы, ірі торапты детальдары, жүрісті бөлік, кардан білігі, меңгерікті басқару жүйесі, қозғалтқышты салқындатушы радиаторы, беріліс қорабы, аккумуляторы, есіктері, дөңгелектері, сорғы сияқты гидравликалық құрылғылары (компрессор) бак, цилиндрлері, таратушысы секілді барлық талап етілетін құрылымдары болса, тапсыруға таси беруіңізге болады.

Бағдарлама талабына бойынша ескі техниканы өткізушіге атаулы сертификат беріледі. Ол сертификаттың құны тапсырлатын көлік құралының санатына байланысты 315 мың теңгеден 650 мың теңге аралығында болады.

Бағдарлама бойынша отандық өндірушіден кез келген санаттағы көлік құралын сатып алғанда жеңілдік сертификатын пайдалануға болады. Және де бір автокөлік сатып алғанда 2 сертификатқа дейін пайдалануға мүмкіндік бар.

Тозығы жеткен көлік құралдарын жою бағдарламасы негізінде қандай автокөліктерді жеңілдікпен алуға болатындығын төмендегі сайттардан және телефон нөмірлерінен көруге болады: "БИПЭК АВТО" – www.bipek.kz немесе: 8 778 746 0698 телефоны бойыншы, AllurAuto дилерлік орталығы сайтынан: www.allurauto.kz, www.jac-motors.kz, "Astana Motors", "Вираж", "УЗАВТО АЗИЯ" дилерлік орталықтарынан: www.ssangyong.kz, www.peugeot.kz, www.iveco.com/kazakhstan, сондай-ақ 8 800 070 55 88 и 8 701 737 12 71.

Сертификат иелеріне қандай жаңа автокөлік – мейлі, жеңіл, мейлі, жүк көлігін сатып алам десе де, шектеу жоқ. Сертификат бойынша қазақстандық өндірушілер 115 автокөлік түрін ұсынып отыр. Оның ішінде жеңіл автокөліктен бастап, жүк көлігіне дейін кіреді.

Қазіргі кезде Қазақстанда ресми мәлімет бойынша көліктер саны 4 миллионға жуықтады. Дегенмен, сарапшылар олардың 2 миллионнан астамы ескірген көліктер екенін айтады. Бұлар ауаны ластайды, техникалық ақауларының жиі туындауы ықтималдығы бойынша жол қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сондықтан мемлекеттің азаматтарды оларынан арылуға ынталандыруы жөн-ақ. Әйтпесе, қалай дамыған елдер "отыздығына" кіреміз...

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу