Экспортты еселейтін бағыт – етті мал шаруашылығы

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5287

Ол үшін елдегі ірі қара және ұсақ мал өсіретін фермерлік шаруашылықтардың санын 20 мыңнан 100 мыңға жеткізу керек.

Экспортты еселейтін бағыт – етті мал шаруашылығы

Өмірзақ Шөкеев басқаратын ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттын арттыруды көздеп отыр. Бұл ретте, әлеуеті жоғары бағыт ретінде етті мал шаруашылығы таңдалған.

"Ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары бағыттарды айқындап алдық. Жағдайды бағдамдап отырсақ, біздегі экспорттық әлеуеті жоғары бағыт етті мал шаруашылығы екен", – деді халық алдында есеп берген ҚР премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев.

Министрдің сөзінше, бүгінде ауыл шаруашылығы саласының және өңделген азық-түліктің жалпы экспорты 1,4 млрд теңгені құрап отыр. Ал етті мал шаруашылығының әлеуеті 2,6 млрд теңгеге дейін жетеді екен.

Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, елдегі етті мал шаруашылығын дамытудың негізін үлкен компаниялар емес, отбасылық фермалар құрайды. Сондықтан ведомства отбасылық фермаларды қолдамақ. Бұл ретте, министрлік АҚШ, Канада, Аустралия, Аргентина, Уругвай секілді ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған елдерде тиімділігі дәлелденген даму моделін ұстанып отыр.

"Бүгінде Қазақстанда 150 асыл тұқымды шаруашылық бар. Біздің міндет олардың санын 10 жылдың ішінде 310-ға жеткізу. Бұдан бөлек, ірі қара мал ұстайтын 16 мың фермерлік шаруашылық, ұсақ мал ұстайтын 4 мың фермерлік шаруашылық бар. Барлығы – 20 мың. Біздің ендігі міндет – олардың санын 10 жылда 100 мыңға жеткізу", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Деректерге сүйенсек, соңғы үш айда еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 47%-ға, оның ішінде өңделген өнімдер экспорты 26%-ға артқан. Салаға тартылған инвестиция көлемі 1,4%-ға ұлғайып, 88 млрд теңгені құраған. Министрдің сөзінше, соңғы уақытта ауыл шаруашылығы экспорты нарығындағы жағдай айтарлықтай өзгерген.

"Нарықта бәсеке қыза түсті. Шаруашылықтар өндірген өнімін өткізе алар емес. Оның үстіне біз де "өнімді көбейтіңдер" деп алқымнан аламыз. Ал өткізу, сұраныс, сапа, экспортқа шығу деген дүниелерге көңіл бөлінбей келеді. Жағдай түбегейлі өзгеріске ұшырауда. Қазір Ресейде түсім жақсы. Бұл елдің нарығындағы баға айтарлықтай түсіп кеткен. Аталған жағдай біздің нарыққа да әсер етеді", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Мәселен, көрші елдегі жағдай бидай бағасына әсер еткен. Сол себепті өткен жылдың желтоқсанында бұл іске министрліктің араласуына тура келді. Қазақстандағы диқандар бір тонна бидайды 35-37 мың теңгеге сата алмай қиналған. Ақыры министрлік диқандардан бидайдың тоннасын 42 мың теңгеден сатып алу туралы шұғыл шешім қабылдаған. Осылайша, нарықтағы жағдай қалпына келген.

"Бүгінде бидайдың бағасы өсіп келеді. Қазір оның тоннасын 47 мың теңгеге сату туралы келісімшарттар бар. Демек, біз шаруаларға көмек қолын соза алдық. Екінші жағынан корпорация да ұтты. Сондықтан, біз өнімдерді өткізу мәселесіне ерекше назар аудара бастадық. Отызға жуық өнімге талдау жасадық", – деді ауыл шаруашылығы министрі.

Қазіргі уақытта азық-түліктің негізгі 30 түрінің 25-і бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 80%-ды, ал кейбір түрлері бойынша 100%-ды құрап отыр. Импортқа тәуелді құс еті, алма, ірімшік және сүзбе, шұжық, қант, балық бұл тізімге кірмейді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу