Ел экономикасы мен екінші деңгейлі банктерді несие құтқарып тұр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2227

Қарапайым халық банктерден алшақтай бастады. Есесіне қаржы институттарының заңды тұлғалармен байланысы нығайды.   

Ел экономикасы мен екінші деңгейлі банктерді несие құтқарып тұр

ҚР Ұлттық банкінің хабарлауынша, еліміздегі  инфляция деңгейі 2017 жылғы мамырда 0,5%, ағымдағы жылдың басынан бері 3,3% болды. Жылдық көрсеткіш бойынша инфляция 7,5% деңгейінде сақталды және 2017 жылға арналған 6-8% нысаналы дәліз шегінде қалды.

Бұл ретте азық-түлік тауарларының бағасы 9,7% - ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлардікі 7,8% - ға, ақылы қызметтер бағасы  4,7% - ға көтерілді. Халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағасы 2017 жылғы мамырда 6,1%  болды.

Банк активінің жартысынан көбі кредиттік қаражат

Банк секторының жиынтық активтері 2017 жылғы 1 маусымда ағымдағы жылдың басынан бастап 2,6% - ға азайып, 24 888,9 млрд теңгені құрады. Активтердің құрылымында ең көп үлесті кредиттер – 57,8%, бағалы қағаздар портфелі – 12,6%, қолма-қол ақша, тазартылған бағалы металдар мен корреспонденттік шоттар – 12,3% - ды иеленді.

90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің көлемі (NPL) 1 705,0 млрд  теңгені немесе несие портфелінен 11,1% - ды құрады.

Несие портфелі бойынша провизиялар 1 686,2 млрд теңге немесе несие портфелінен 11,0%  (2017 жылдың басында – 1 642,9 млрд теңге немесе 10,6%) мөлшерінде қалыптасты.

Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 3,4% - ға азайып, 2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 21 943,4 млрд  теңгені құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті тұтынушылардың салымдары – 76%, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 6,3%, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 6,8%-ды иеленеді.

Жиынтық міндеттемелерде банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері 2017 жылдың басымен салыстырғанда 7,4%-дан 6,0%-ға дейін (немесе 1 687,5 млрд теңгеден 1 311,1 млрд теңгеге дейін) төмендеді.

2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2017 жылғы қаңтар-мамыр аралығында 3,7%-ға ұлғайып, 2 945,5 млрд. теңге болды.

Екінші деңгейдегі банктер ағымдағы жылдың басынан алған бөлінбеген таза пайда 176,2 млрд теңге (2016 жылғы осындай кезеңде – 175,3 млрд теңге) болды.

Екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэд 2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша тиісінше 4,6% және 3,8%-ды құрады.

Ірі компаниялардың несие алуы көбейген

Банктердің экономиканы кредиттеуінің көлемі 2017 жылғы мамырдың соңында бір ай ішінде 0,1%-ға ұлғайып, 12 606,4 млрд теңгені құрады.

2017 жылғы мамырда заңды тұлғаларға теңгемен берілген кредиттердің көлемі 8 475,2 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға қысқарды, жеке тұлғаларға теңгемен берілген кредит  көлемі 4 131,2 млрд теңгеге дейін 1,2%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютамен бір айда берілген кредиттердің көлемі 1,0%-ға 8 903,5 млрд  теңгеге дейін өсті. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредит 0,5%-ға, ал жеке тұлғаларға берілген кредит 1,7%-ға өсті. Шетел валютасымен ұсынылған кредиттердің көлемі 3 702,9 млрд теңгеге дейін, яғни 1,9%-ға қысқарды, оның ішінде заңды тұлғаларға берілгені 1,7%-ға, жеке тұлғаларға берілгені 3,6% - ға төмендеді. Теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы бір айда 70,0% -дан 70,6% - ға дейін көбейді. Ұзақмерзімді кредиттер көлемі 2017 жылғы мамырдың соңында 10 558,5 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға ұлғайды, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 2 047,9 млрд теңгеге дейін 2,5%-ға төмендеді.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2017 жылғы мамырда 3 041,8 млрд. теңгеге дейін (экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінен 24,1%) 0,7% - ға қысқарды.

Салалар бойынша банктердің экономикаға берген кредиттерінің айтарлықтай сомасы сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 19,5%), өнеркәсіп (14,0%), құрылыс (7,6%), ауыл шаруашылығы (5,8%) және көлік (4,6%) сияқты салаларға тиесілі.

2017 жылғы мамырда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 13,3% (2016 жылғы желтоқсанда – 14,5%), жеке тұлғаларға 18,6% (18,4%) болды.

Депозит нарығында тоқырау бар

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 0,2%-ға төмендеп, 2017 жылғы мамырдың соңында 17 707,3 млрд теңгені құрады.

Заңды тұлғалардың депозиттері 10 130,8 млрд  теңгеге дейін 0,4%-ға қысқарды, жеке тұлғалардың депозиттері іс жүзінде өзгермей, 7 576,5 млрд. теңге болды.

2017 жылғы мамырдың соңындағы жағдай бойынша ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 9 164,7 млрд теңгені (бір айда 0,8%-ға ұлғайды), шетел валютасындағы депозиттердің көлемі бір айда 1,3%-ға қысқарып, 8 542,6 млрд теңгені құрады.

Үш ай қатарынан ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі шетел валютасындағы депозиттердің көлемінен артық болды. Долларлану деңгейі мамырда 48,8%-дан 48,2% - ға дейін төмендеді.

Заңды тұлғалардың ұлттық валютамен депозиттері 2017 жылғы мамырда 0,2%-ға ұлғайып, 5 766,4 млрд теңге болды, шетел валютасымен депозиттер 4 364,4 млрд  теңгеге дейін (заңды тұлғалардың депозиттерінен 43,1%) 1,2% - ға қысқарды.

Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 2017 жылғы мамырда 1,8%-ға ұлғайып, 3 398,2 млрд  теңгені құрады, шетел валютасымен депозиттер 1,4%-ға төмендеп, 4 178,2 млрд  теңге (жеке тұлғалардың депозиттерінен 55,1%) болды.

Мерзімді депозиттер мамырда 1,5% - ға қысқарды және 12 045,9 млрд теңге болды. Мерзімді депозиттер құрылымында ұлттық валютамен салымдар 5 778,6 млрд  теңге (бір айда 0,2%-ға ұлғайды), шетел валютасымен салымдар 6 267,2 млрд  теңге болды (бір айда 3,0%-ға төмендеді).

2017 жылғы мамырда банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютамен мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 8,7% (2016 жылғы желтоқсанда – 10,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 12,4% (12,2%) деңгейде қалыптасты.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу