Елімізде тері өңдейтін кәсіпорын жетіспейді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
7840

Ол ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптің екеуіне де қолбайлау болып тұр.

Елімізде тері өңдейтін кәсіпорын жетіспейді

"KAZNEX INVEST" мәліметі бойынша, 2016 жылдың бірінші жарты жылдығында тоқыма мен тоқыма бұйымдарының экспорты 52,5 млн долларды құрады. Бұл өткен жылдың осы мерзімдегі көрсеткішімен салыстырғанда 18,3%-ға артқан.

Ал толық бір жылдың статистикасына үңілетін болсақ, жеңіл өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 9,4 пайызға артса, соның ішінде шұлық өндірісі 5,7 пайызға, үй текстилі өндірісі 45 пайызға, трикотажды киім тігу 69 пайызға ұлғайды.

2017 жылдың алғашқы екі айында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру тауар құнымен есептегенде өткен жылдың осы уақытындағы көрсеткіштен 9,4 пайызға артып, 10,26 млрд теңгеге ұлғайды.

Соның ішінде республикалық көрсеткіштің тең жартысы үш өңірге: Оңтүстік Қазақстан облысы (3,14 млрд теңге), Алматы облысы (1,03 млрд теңге) және Ақмола облысына (1,03 млрд теңге) тиесілі.

Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің 55 пайызы текстильге тиесілі. Бұл сала бір жылда 6,3 пайызға ұлғайып, 5,64 млрд теңгеге көбейді. Одан кейінгі орында киім тігіні. Киім тігу көрсеткіші бір жылда 10,2 пайызға ұлғайып, 3,93 млрд теңгеге көбейген. Бұл сала жалпы жеңіл өнеркәсіп өндірісінің 37,3 пайызын құрап отыр.

Көпжылдық динамикаға көз салатын болсақ, жеңіл өнеркәсіп саласы жыл сайын тұрақты өсім көрсетеді. Мәселен, 2015 жылы сала 13,3 пайызға ұлғайса, 2016 жылы 11 пайыздық өсім көрсеткен. Тек 2014 жылы ғана 2,8 пайыз құлдыраған еді.

Мемлекеттік қолдау

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің индустриялды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің мәліметіне сүйенсек, Бизнесті қолдау мен дамытуға арналған "Бизнестің жол картасы-2020" бірыңғай бағдарламасы аясындағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарды қаржылық қолдау жұмыстарының нәтижесінде 2016 жылы 5,09 млрд теңгеге 35 жобаның пайыздық үстемесін субсидияланған. Олардың арасында 10 жоба текстиль бұйымдарын шығаратын болса, 20 жоба киім тігумен айналысады. Тағы 5 жоба былғары өнімдерін өндіруге маманданған.

2016 жылы осы саланы дамыту үшін "KAZNEX INVEST" АҚ отандық бес ірі кәсіпорынды шетелдік үлкен көрмелерге ертіп барып, сол шараларда 1,08 млн долларлық келісімшарт жасалды.

Сонымен қатар, 2016 жылы отандық өнімді ішкі нарықта ілгерілету шығындарын өтеу бойынша "Қазақ саңыраулар қоғамы" ҚБ, "Семирамида" тігін фирмасы" ЖШС, "Ажар" тігін фабрикасы" ЖШС мен "Семспецснаб" ЖШС қаржылық қолдау алған.

Саланы алға сүйреуші өндіріс түрлері

2017 жылдың қаңтар-ақпан айларында текстиль және тігін өнеркәсібінде мақта өндірісі айтарлықтай көбейіп, былтырғымен салыстырғанда 2,7 есеге артты.

Ең қарқынды өскен өндіріс түрлерінің қатырында үйге арналған текстиль бұйымдары. Бұл өндіріс өткен жылғымен салыстырғанда 44,6 пайызға ұлғайған.

Киім тігінінде шұлық тігу өндірісі айтарлықтай ұлғайды. Жыл басындағы екі айда осы кәсіппен айналысушылар былтырғы жылмен салыстырғанда 5,7 есе артық өнім шығарып, 1,26 жұп шұлық тіккен.

Сонымен қатар, трикотаж киімдері өндірісі 69,3 пайызға ұлғайса, ішік өнімдері өндірісі 42,6 пайызға көбейді.

"Ауыл шаруашылығы кінәлі"

Ал былғары өнім өндірісінде жылдық есепте құлдырау байқалады. Ірі қара және жылқы терілерінен дайындалатын былғары өнімдерінің өндірісі бірден 76,4 пайызға қысқарса, былғары аяқ киім өндірісі 48,8 пайызға азайды.

Мамандардың пікірінше, жеңіл өнеркәсіпте былғары өндірісі саласының тәуекелі жоғары. Себебі, бұл сектор тікелей ауыл шаруашылығы өнімдеріне, соның ішінде мал басына тікелей тәуелді болғандықтан, сектор өз бетінше дами алмайды.

Қымбатшылықтың арқасында пайда көбейді

Жалпы, Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің табысы өндірістің артуынан емес, бағаның қымбаттау есебінен көбеюде. Соның ішінде футболка, кроссовкалар мен нәресте киімдері 10-11 пайызға қымбаттап кеткен.

Ал дүкен сөрелерінде ұсақ-түйек киімдері 8 пайызға, балалар киімдері 11,1 пайызға қымбаттаған.

Аз адам көп киім тігеді

Дей тұрғанмен, жеңіл өнеркәсіп өнімінің қымбаттауы, екіншіден, өндірістің артуы ұлғайғанымен, бұл салада белсенді жұмыс істеуші кәсіпорындар саны азайғаны байқалады. Мәселен, 2016 жылы жеңіл өнеркәсіптегі белсенді өндірушілер саны 27 пайызға кеміп, 79-дан 58-ге дейін азайған.

Оның ішінде кәсіпкерлер негізінен тоқыма өнеркәсібінен кетіп жатқаны анықталған. Жеке сектор ретінде 33 пайыз немесе 12 кәсіпорын жұмысын тоқтатқан тоқыма өндірісінен кейін киім тігуші кәсіпорындар саны сегізге азайып, былғары өнімдерін жасайтын алты кәсіпорын ғана қалған.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу