Фируза, Фирузажан, Фируза-қыз, Рингте сұлулардың бәрі жалғыз

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4345

Бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасының бас бапкері Вадим Присяжнюктің кәсіпқой боксшы қыздарымызға шақырту жіберді.

Фируза, Фирузажан, Фируза-қыз, Рингте сұлулардың бәрі жалғыз

Сөз төркінін әріден бастасақ. Маймөңкелемей, турасын айтар болсақ, қазақ спортында "еркетотайлар" аз емес. Олар өздерін мемлекет үлде мен мүлдеге орауы керек деп ойлайтындай болып көрінеді, кейде. Сырттан қарасаң, солай. Үйдегі ерке балаға ешкім көңіл аудармаса, әлгі кішкентай сәби ата-анасының назарын өзіне аудару үшін әйтеуір бірдеңе ойлап табады ғой. Ал қазақ спортында...

Әлқисса, қазақ спортында "басқа бір мемлекет уыстап көк қағаз ұсынып отыр, өз елімнің патриоты болғандықтан бас тарттым, ал күнім мынау, ақша жетпейді" деп, көз жастарын сығып алатындар бар. "Өз елдерінің төлқұжаттарын ұсынды, ақшаны үйіп-төгуге уәде берді" дегендерді де естігенбіз, көргенбіз. Тағысын тағы...

Бабаларымыз "жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды" деп бекер айтпаған ғой. Бәлкім, оларға ұсыныс жасағандар немесе емеурін танытқандар болған да шығар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ егемендік алғалы, "Грекияға кетем", "Ресей қолқа салып отыр", "Канада шақырды" дегендердің кетіп қалғандарын көрген жоқпыз.

Керісінше, осындай "алтын көрсе де, жолдан таймаған періштелеріміздің" бәріне болмаса да, көбісіне мемлекет тарапынан жан-жақты қолдап көрсетілді. Қаржы тапшылығын көрмеді деуімізге болады. Осылай халық ертегісіндегі "сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе" немесе "тоғыз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе" дегендей, қазақ спортының "Кенжекейлері" мен "Ер Төстіктері" пайда болды...

Рас, олардың ішінде сенімді толығымен ақтап, Олимпиада ойындарында жүлде әпергендері де бар. Бірақ допинг қолданғандары әшкере болып, абыройымызды айрандай төккендері де жетерлік. Біздің айтпағымыз бұл емес. Мәселе – халықаралық аренада ерен жетістіктерге қол жеткізе бастаған кейбір спортшыларымыздың солар секілді қазақ спортының "Кенжекейі" мен "Ер Төстігі" болуға асығып тұратындығында...

Жақында (биылғы жылдың басында) кәсіпқой бокстан көрермендер көзайымына айналып жүрген Фируза Шарипованың баспасөз қызметі оның менеджері Сергей Завилейскийдің сөзіне сүйене отырып, қызықты мәлімдеме жасады. Онда бұрынғы КСРО сапында болған елдердің бірінен және Азияның бір мемлекетінен, яғни екі бірдей ұсыныс түсіп, екіншісінде қомақты сыйақы да көлденең тартылғандығы мәлімденді. Егер Фируза осы елдің атынан Олимпиада ойындарына қатысса, олар бір миллион доллар және сыйақы төлейтін болған...

Бірақ Фируза олардың мұндай адам қызығарлық ұсыныстарынан бас тартып, тек Қазақ елінің намысын қорғайтындығын білдірген. Сонымен қатар, еліміздегі электронды басылымдарда Қарағандыда туған, бірақ жас кезінде ата-анасымен Германияға қоныс аударған, бұл күнде кәсіпқой бокста тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүрген, WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы болған Кристина Хаммердің де Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан өнер көрсеткісі келетіндігі жарияланды.

Негізі, Фируза Шарипованың бір миллиондық ұсынысы жайлы мәселеге қатысты ҚР кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко өз пікірін бүкпесіз айтқан болатын. Не айтса да, турасын айтатын, әрі тоқ етерін кесіп айтатын Демяьненко мұны пиар-қадам деп бағалады. Өйткені, оларды ешкім де бір ауыз сөздері үшін Олимпиада ойындарына алып бара алмайды.

Неге дерсіз. Ол үшін аталған спортшылар Қазақстан құрамасының сапына ілігулері керек. Ұлттық құрама сапына ілігу үшін ел ішінде теңдессіз екендерін іс жүзінде дәлелдеу қажет. Мәселен, ел чемпионатында – топ жару, тым болмаса жүлдегер атану. Содан соң халықаралық лицензиялық турнирлерге (мәселен, әлем чемпионатына) қатысып, Олимпиада жолдамасын жеңіп алу қажет.

Осы ретте бір көңіл аударарлығы, аталған спортшылар Қазақстанға келіп, біздің боксшы қыздармен жұдырықтасуға дайын ба? Ал егер, ғайыптан біздің қыздарымыздың бірінен ұтылып қалса, бұл жеңілістері олардың кәсіпқой бокс рингінде бірнеше жыл қасықтап жинаған абырой-атақтарына нұқсан келтірмей ме? Бұл жерде кәсіпқой бокс пен әуесқой бокстың сәл де болса, өзгешелеу екендігін де ескеру керек-ақ...

Ал бүгін бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасының бас бапкері Вадим Присяжнюк ресми түрде мәлімдеме жасап, осы мәселені түпкілікті шешіп алуды ұсыныпты. Әрі Олимпиада ойындарында Қазақ елінің намысын қорғағылары келетін қыздарды елімізге шақырған:

"Біз бір емес, бірнеше рет Фируза Шарипованы шақырғанбыз. Кристина Хаммердің де туыстарына телефон шалғанбыз. Олардың Қазақстанға келіп, өздерін іс жүзінде көрсетулерін өтінгенбіз. Бірақ оларға ылғи қандай да бір жағдайлары мұрша бермеді. Енді, мен Қазақстан бокс федерациясы атынан және бас бапкер ретінде Шарипова мен Хаммерді ресми түрде Қазақстанға шақырамын. Жақын арада екі турнир өтеді. Бірі – мамыр айында Шымкентте өтетін республикалық Спартакиада, екіншісі – шілдеде Нұр-Сұлтанда жалауы желбірейтін Президент кубогы. Жан-жақты жәрдем көрсететінімізге уәде беремін. Токио Олимпиадасына уақыт тым аз қалды. Сөзден іске көшейік. Келіңіздер. Немесе осы тақырыпта пиар жасауды доғарып, бұл мәселені енді қайтып қозғамайық".

Сонымен қатар, 60 келі дәрежесіндегі Қазақстан құрамасының бетке ұстар қыздары, яғни Карина Ибрагимова, Айжан Қожабекова және Римма Волосенко үшеуі бейнежолдау арқылы Фируза Шарипованы елімізге шақырған. "Фируза біз сені сыйлаймыз және сенің кәсіпқой боксқа ауысқан шешіміңді қолдаймыз. Біз сені Спартакиадада күтеміз. Бізде Президент кубогы өтеді. Кел, өзіңнің бізден күшті және артық екеніңді дәлелде", – депті қыздар.  

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу