G20 елдерінің қаржыгерлері Баден-Баденде бас қосты

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2505

Үлкен жиырмалықтың дәстүрлі саммитінің тақырыбы еркін сауда айналымы туралы болды.

G20 елдерінің қаржыгерлері Баден-Баденде бас қосты

2017 жыл "тұйықталу жылы" ретінде танылды.  Атап айтар болсақ, Трамптың протекционистік саясаты мен Еуропадағы "Брексит" әлем бойынша жаһандануға кері әсерін тигізген еді. Нәтижесінде дүние жүзіндегі еркін сауда айналымы ақырындап, әкімшілік кедергілер көбейе түскен.

Ірі қаржыгерлердің бас қосқан шарасында ең үлкен жиырма елдің қаржы министрлері өзара сауда айналымын қалай арттыруы керектігі мен сауда айналымын барынша еркіне жіберу жайын талқылады.

Шарада негізінен мамандар Трамптың саясатын сынаумен болды. Ақ үй төріне келе салысымен Транс-Тынық мұхиты сауда ұйымынан шығып кеткен Трамп арада бірнеше апта өткенде АҚШ пен Еуропа арасындағы Трансатланттық сауда ұйымының шарттарына өзгертулер енгізгені де белгілі.

Жалпы, АҚШ-тағы сайлаудың әлем экономикасы үшін биыл айтарлықтай мәні болды. Трамптың ішкі нарықты күйттеу шаралары доллардың құнын көтеріп, сонымен қатар, АҚШ Федералды резерв жүйесінің өткен жылдың соңы мен осы аптадағы доллардың базалық мөлшерлемесін көтеруі және биыл тағы да екі рет осындай қадамға баратынын мәлімдеуі доллар-еуро қатынасында Еуропаның ортақ ақшасының әлсіреуіне әкеп соққан.

Бұл туралы шарада сөз алған АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин Трамптың бұл туралы ойын жеткізді. Министрдің айтуынша, Ақ үй басшысы доллардың әсіре қуатты болып отырғанын мойындайды. Дегенмен юань мен еуроның да құны тым төмендеп кеткенін ескеру керек. Қаржы қатынасындағы бұл жасандылықтар Қытай мен Германияға халықаралық саудада қосымша мүмкіндіктер ұсынып отырған көрінеді.

Сонымен қатар АҚШ бас қаржыгері өткен аптадағы доллардың базалық мөлшерлемесінің көтерілуі халықаралық саудаға қосымша ауыртпалық беріп отырғанын мойындайтынын жеткізді.

"Трамп үшін қазір долларды күшейту басым бағыттардың бірі болып тұр",- деді министр.

Сонымен қатар Мнучин сыртқы саудада қосымша табыс табу үшін ұлттық валюталарын әдейі девальвациялайтындарды сынады. Бұл тұрғыда АҚШ өкілі алдымен Қытайды тұспалдағаны анық.

Биылғы жиында әр елдің қаржы министрлерінің ортақ сөзге тоқтағанынан гөрі мүдделерінің қайшы келген кездері көп болды. АҚШ қаржы министрінің жоғарыдағы сынынан кейін Франция, Италия, Қытай мен Бразилия өкілдері де өз сөздерінде АҚШ-тың протекционистік саясатын құптамайтындықтарын жеткізіп, шекараны жауып, еркін саудадан бас тарту халықаралық сауданы былай қойғанда, әлем экономикасы үшін жасалған қастандық екенін айтты. Бұл тұрғыда Еуроодақ атынан Германия бейтараптық ұстанып қалды.

Екінші бір тартысты мәселе жаһандық жылынуға қаржы бөлу турасында болды. Ең үлкен донор саналып келген АҚШ биыл бұл бағыттағы қаржыландыруды қысқартатын сияқты. Олай дейтініміз, өткен апта Дональд Трамп АҚШ-тың БҰҰ-ға бөлетін қаржысын айтарлықтай азайтып тастаған еді. Бұл тұрғыда қазір тиісті ұйымдар Вашингтонның ресми жауабын күтіп отыр. 

Сайлауға түскен кезінен бастап қоршаған орта мәселесіне оншалықты бас қатырмайтынын білдірген Трамп ең алдымен АҚШ-тың өнеркәсіптік қуатын көтеру үшін елдің энергетика саласын, соның ішінде дәстүрлі шикізаттық сектордағы мұнай мен газ өндірісін еселеп арттыруға уәде берген еді. Бұл Трамптың алдыңғы президент Обамадан басты айырмашылықтарының бірі ретінде танылып отыр.

Дегенмен, саммитте үлкен жиырмалық елдерінің ортақ сөзге келген тұстары да болды. Мәселен, киберқауіпсіздік мәселесінде барлық мемлекеттер банк саласындағы хакерлікпен бірлесе күресуге келісті.

Банк секторындағы киберқорғаныстың нақты биыл өзекті болып отырған себебі түсінікті. АҚШ-тағы сайлаудың бағытын бұрып жіберуге шақ қалған кибершабуылдар бүгінгі таңда банк саласы үшін ең үлкен қатер ретінде аталды.

Сонымен қатар, өткен жылы Бангладеш орталық банкінен ұрланған 81 млн доллар қаржы да сала мамандарын ойлантып тастаса керек.

Ең ірі жиырма ел осылайша өз банктерін кибершабуылдан бірлесе қорғауға келісе отырып, орыс хакерлерін ең үлкен қауіп төндірушілер ретінде атады. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда үкіметтер кибершабуылдың қатерін өз деңгейінде ұға алмай отыр. Айтуларынша, қазіргі заман хакерлері әлемнің экономикалық бет-бейнесін өзгертіп жіберуге қауқарлы.

Өз кезегінде Еуропа орталық банкі алдағы уақытта одақтағы барлық банктердің кибершабуылға қаншалықты төтеп бере алатынын тексеру үшін арнайы шара қолданбақ.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы Жолдауында киберқорғанысқа аса үлкен маңыз бөлінген еді. Онда мемлекет басшысы тиісті ведомстволарға Қазақстанның киберқорғанысын қалыптастыруды тапсырған. Әзірге бұл нақты қай салаларды қамтитыны белгісіз. Белгілісі ақпарат және коммуникациялар министрлігі жазға қарай  үкіметке аталған бағдарламаның жобасын ұсынбақ. Мүмкін сол бағдарламаның ішінде елдегі екінші деңгейлі банктерге жаңа талап енгізілуі де мүмкін.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу