Huawei неге жазалы болды?

5269

Трамптың әлемнің екінші смартфон брендін жазалауы қытайлық қана емес, америкалық компанияларға да зиян тигізейін деп отыр.

Huawei неге жазалы болды?

Трамп әкімшілігінің сауда соғысы Huawei-ге салқынын тигізді. Сондықтан қытайлық технологиялық компанияны компьютерлік чиптермен қамтамасыз етіп отырған америкалық фирмалардың акциялары дүйсенбі күні төмендеп, Huawei-дің смартфон саудасына құлдырау қаупі төніп отыр. Өйткені оның Google-дің танымал бағдарламасы мен сервистерінен қол үзетін күн алыс емес. 

Осылайша, Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда соғысы тіпті ушықты. Бірақ Құрама Штаттардың бұл қадамы уақыт өте келе Қытайды технологиялық майданда өзіне ғана сенетін үлкен күшке айналдыруы ғажап емес.  Державааралық даудың ар жағында не тұр және бұл тайталас нені білдіреді?

Мәселенің мәні неде? 
Өткен аптада АҚШ-тың сауда министрлігі Huawei-ді "қара тізімге" енгізді. Содан кейін бұл қытайлық корпорацияға америкалық фирмалар үкіметтің келісімінсіз технология сату құқығынан айрылды.

Дегенмен Google Huawei-дің осы күнге дейін шығарылған смартфондарын қолдауды жалғастыра береді. Бірақ Huawei-дің болашақ телефондарында Gmail Map, Gmail және тағы басқа флагмандық қосымшалар болмайды. Huawei – желілік жабдықтарды сату бойынша әлемдегі жетекші технологиялық кәсіпорын. Алайда ол сол қондырғылардың компьютерлік чип тәрізді компоненттерін АҚШ-тан алады. Кейбір зерттеулерге қарағанда Huawei-ге мұндай заттардың үштен бір бөлігін америкалықтар беріп отыр.  

Huawei-дің кінәсі
АҚШ-тың әскери және барлау мекемелері Huawei-ді баяғыдан бері Бейжіңдегі "репрессивтік үкіметтің" агенті деп айыптап келеді. Алайда Вашингтон осы күнге дейін бұған нақты дәлел келтірген жоқ. Американың шектеулері бір жағынан Huawei-дің жабдықтарын Еуропаның да сымсыз желілерінен алшақтатуға бағытталған шара ретінде қарастырылып отыр. Қысқасы,Трамп Huawei-ді жазалай отырып,"Қарт құрлықтағы" одақтастарын қытайлық технологиядан бас тарттыруға да ниетті. Вашингтон мұның бәрі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет дейді және оның сөзінше, Huawei Иранға қарсы санкцияларды айналып өткені үшін жазалануға тиіс. Бірақ кейбір бақылаушылардың ойынша, бұл даулардың астарында экономикалық, технологиялық үстемдікке ұмтылыс жатыр. 

Трамп әкімшілігі сауда соғысын өршіте отырып, АҚШ-тың әскери және сауда құпияларын Қытайдың ұрлауына жол бермеуді көздеп отырғанын алға тартып отыр. 

Сауда соғысының салдары
Сарапшылардың болжамынша, тұтынушылар енді Huawei-ден шектеулі Android  үшін бас тартып, басқа компаниялардың өнімдерін таңдауы мүмкін. Осының салдарынан әлемнің екінші ірі смартфон сатушысы телефон саудасында Apple-ге есе жіберіп, үшінші орынға ығыстырылуы ықтимал. 

Huawei-ді кімдер бәрібір қолдануы мүмкін?
АҚШ-тағы тұтынушылардың көбі Huawei-дің атын дұрыс атай алмай отырса да, бұл бренд өзге әлемнің елдерінің басым бөлігінде өте танымал және оған сұраныс жоғары.

Huawei табысы төмен отбасыларға люкстік үлгідегі арзан телефондарды ұсына отырып, ойламаған жерден дүниежүзінің смартфон индустриясының жұлдызына айналды. Ол сатылым жағынан Қытай мен Еуропада Apple мен Samsung компанияларынан озды деуге болады. Gartner ұйымының есебінше, Huawei гаджеттерінің 13 пайызы бүгінде Еуропада сатылады. Ал, IDC зерттеу компаниясы мәлімдегендей, қарапайым формуласының арқасында Huawei биылғы жылдың алғашқы үш айында смартфон сатудан әлемде екінші орынға шықты: қаңтар-наурыз айларында қытайлық алпауыт дүниежүзілік нарыққа 59 миллион смартфон өткізген екен. Apple сатқан телефондардың саны  бұдан 23 миллион данаға аз.

Жағымсыз әсер
Трамптың санкциялары АҚШ-тың өзіне де жағымсыз әсер етпек. Өйткені Huawei смартфондарға, компьютерлерге, интернет-жабдықтарға және өзге де гаджеттерге қажетті технологиялар мен микропроссерлардың көбін америкалық компаниялардан сатып алып келді.

Санкциялардан ең көп зардап шегетін фирмалар тізіміне Micron Technologies, Qualcomm, Qorvo және Skyworks Solutions тәрізді фирмалар енді. Олар жылдық есептерінде Huawei-ді негізгі клиентіміз деп көрсеткен. Осы саладағы сарапшылардың болжамынша, Huawei-ге қарсы шаралардан Xilinx, Broadcom, Texas Instruments компаниялары да зиян шегейін деп отыр.

Технологиялық тәуелсіздікке ұмтылыс 
Huawei қазірдің өзінде желілік жабдық жеткізуден әлем бойынша ірі ғаламдық кәсіпорынға айналды. Енді ол барлық компоненттерді өзі шығаруға көшуі мүмкін. Бүгінде Қытай 2025 жылға дейін технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізу саясатын жүргізіп жатыр.

Америкалық компаниялар болса, сатылымдар деңгейі төмендесе, қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болады деген болжам бар. Есептеуіш техника өндірушілер қауымдастығының мәліметінше, қазір АҚШ-тың технологиялық секторында  52 мыңнан астам жұмыс орны Қытай экспортымен тікелей байланыста екен.

Google-ге зияны  қандай? 
Google кейбір лицензиялық төлемдерді жоғалтып қана қоймай, Huawei телефондарын жарнамалау мүмкіндігінен де айрылып, мол табыстан қағылуы ғажап емес. Google – биылғы жылды 160 миллиард доллар кіріспен аяқтауға үміттеніп отырған Alphabet корпорациясының еншілес компаниясы. Демек бір емес, екі фирма қаржыдан ұтылмақ.

Apple-ге әсері 
Теория бойынша, Трамптың санкцияларынан Huawei-ге келген шығын Samsung пен Apple үшін табысқа айналуы мүмкін. Қазір бұл екі компания үшін өздерінің дереу құлдырап кеткен смартфон саудасын қайта өркендетуге мүмкіндік туып отыр.

Бірақ Қытай Америкаға қарсы жауап ойластыратын болса, одан Apple жапа шекпек. Apple-дің осал тұсы сол – оның "айфондарының" көбі Қытайда жиналады. Мысалы, Қытай үкіметі "айфон" құрастырумен айналысатын зауыттарға маңызды құрал-жабдықтарды жеткізуге тыйым сала алады. Бұндай жағдайда, iPhone смартфондарының құны өсіп, Apple-дің табысы азайып кетуі мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу