Шығыс Қазақстан облысының бюджетінен жергілікті жердегі сүт өңдеу зауыттарына 1,4 млрд теңгенің мемлекеттік тапсырысы жасалады. Аймақ басшысы Даниал Ахметов осы қолдаудың қайтарымы болмай тұрғанын айтып, кәсіпорындардың жұмысын сынға алды.
"Жылына 1,4 млрд теңгенің мемлекеттік тапсырысын берсек те, сүт өңдеуші кәсіпорындар міндеттерін толық орындамай отыр. Егер сүт тұрақты қабылданса, ақшасы мерзімінде төленсе, сүт тапсырушылардың саны артар еді. 1,4 млрд теңге деген аз ақша емес. Қолдаудың қайтарымы болуы керек", – деді Даниал Ахметов.
Облыс әкімінің сөзін облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев қостады. Ол бір кездері "Восток-Молоко", "Эмиль", "Исток" сияқты зауыттар шикізатпен толық қамтылмағанын алға тартып, мәселені шешу үшін 2015 жылдан бастап халықтан сүт жинау жобасы жүзеге асырыла бастағанын айтты.
"Мақсатқа жету үшін ірі ауылдарда сүт қабылдау бекеттері ашылды", – деді басқарма басшысы.
Белгілі болғандай, 2021 жылға қарай өңірдегі сүт зауыттарын 89% шикізатпен қамту көзделген. Бұл үшін жылына 134 мың тонна сүт өңделуі тиіс. Жоғарыдағы кәсіпорындар қазір 65% қажетті шикізатпен қамтылып отыр. Үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 27-29% көлемінде ғана болатын. Алғашында ерекше қарқынмен басталған тауарлы-сүт фермаларын құру жобасының екпіні уақыт өткен сайын бәсеңсіп келеді. Бүгінге дейін салынған фермаларда 17,5 мың емес, 15,9 мың бас сиыр тұр. 2021 жылы кәсіпорындар пайдаланатын 134 мың тонна сүттің 84,9 мыңын тауарлы-сүт фермалары беруі тиіс. Бұл үшін биыл тағы 8 нысан салынып, 6 нысан қайта жарақталуы қажет.
Асқар Жақыпбаев фермерлердің ынтасын арттыру үшін 400 бастан артық сиыр ұстаған фермаларға облыс қоржынынан 333 млн теңге көлемінде қосымша субсидия төлеу қажет деген ұсынысын жеткізді. Оның бір бөлігі асыл тұқымды бұқаға төленсе дұрыс болатынын айтты басқарма басшысы.
Ал Даниал Ахметов сиырдың санына қарай субсидия төлеу тиімді бастама емес екенін жеткізді.
"Еңбек өнімділігін қолдау қажет. Сондықтан субсидия жылдық сауын көрсеткішіне қарай төленуі керек. Жылдық сауын көрсеткіші 4 мың литрден асқан жағдайда ғана облыс бюджетінен қосымша субсидия төлейміз. Сиыры көп, сауыны жоқ адамдарға субсидия берілмейді", – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, алдағы уақытта шалғайдағы аудандарды жергілікті сүт өнімдерімен қамтамасыз ету үшін аудан орталықтарында шағын цехтар ашылуы мүмкін. Цех ашқан кәсіпкерлер жергілікті білім ошақтары мен әлеуметтік нысандар тарапынан мемлекеттік тапсырысқа ие болады. Осылайша өндірген өнімінің жыл бойы қиындықсыз қабылдануына кепілдік алады.
Есімжан Нақтыбайұлы