Қашағанның бюджеті 200 млрд долларға өсті

2119

Кен орнының операторы үнемдеу тәсілін тапты.

Қашағанның бюджеті 200 млрд долларға өсті Фото: etoday.kz

Қашағанды толық игеру (үш саты) құны 200 млрд долларға бағаланады, ал жобаны одан әрі қаржыландыру туралы шешім шығару сынақтық-өнеркәсіптік әзірлеу жұмысының нәтижесі бойынша жоспарланады. Бұл туралы abctv.kz-ке Қазақстан билігі мен "Норт Каспиан Оперейтинг Компани" консорциумының мүшелері мәлімдеді. Кен орнының операторы 2019 жылға жоспарланған жобаны кеңейту кезінде қаражат үнемдейді.

"Қашағанды толық игеру бойынша соңғы нүкте әлі қойылған жоқ. Сынақтық-өнеркәсіптік пайдалану нәтижелері негізінде толық деңгейде  игеру туралы шешім қабылданады", - деді abctv.kz-ке "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ тасымалдау, өңдеу және маркетинг жөніндегі атқарушы вице-президенті Данияр Берлібаев.

Қашағанның бюджеті 136 млрд доллардан 200 млрд долларға дейін өсті. Мұнай бағасының құбылуы кен орнының операторы - "Норт Каспиан Оперейтинг Компани" консорциумы (NCOC)  акционерлерінің инвестициялық шешім шығаруын тежеп отыр, -  деп баса айтты энергетика министрі Қанат Бозымбаев abctv.kz-пен әңгіме барысында.

"Мұнай бағасы анықталғаннан кейін, барреліне 100 доллар болғанда, акционерлер келіссөзді өздері бастайды, себебі инвестицияның қайтарымы қамтамасыз етіледі.  Ал баға 50-55 доллар шамасында болғанда, біреу 200 млрд (доллар – ескерт.) инвестиция салады деп айтудың мәні жоқ", - деп түсіндірді энергетика министрлігінің басшысы.

Одан бөлек, Қашағанның акционерлері мен Қазақстан үкіметі "бірінші сатының екінші кезеңі" - 01-Айдау орталығының бюджетін (01-АО) бекітті. Ол бастапқыда жоспарланғаннан гөрі жылдам әрі арзан жүзеге асырылады. Бұдан бұрын 01-АО-ның құны 5 млрд долларға жетіп, 5 жылдық мерзімде (2019-2024 жылдары)  іске асырылады деп айтылған болатын. Нәтижесінде мұнай өндіру тәулігіне 370 мың баррельден 450 мың баррельге дейін немесе 2025 жылдан бастап жылына 16 млн тоннаға арттырылады. Шикі газды қайтадан жер қыртысына жіберу үшін қосымша теңіз аралы жасалады.

"Егер бұрын 01-АО-ның құны 5 млрд долларға бағаланса және құрылыс мерзімі айтарлықтай ұзаққа созылса, енді NCOC құрылысты арзандатып, жеделдетудің жаңа тәсілін тапты. Бұл тиімділік тұрғысынан жобаға жақсы әсер етеді", - деп мәлім етті вице-министр Мағзұм Мырзағалиев.  

Еске салсақ, 2016 жылы NCOC Қашаған кен орнын сынақтық-өнеркәсіптік әзірлеуге кірісіп кетті (бірінші саты, СӨӘ), соған сәйкес тәулігіне 370 мың баррель немесе жылына 13 млн тонна мұнай өндіру көзделген. Кен орнына бүгінгі күнге дейін 55 млрд доллар инвестиция салынды. 2017 жылы Қазақстандағы мұнай өндіру мөлшері 81 млн тонна деңгейіне жетеді деген болжам жасалды, оның 5 млн тоннасын Қашаған өндіреді.

Қашағанды игеру тұжырымдамасы өзгерді ме?

Қашағанның операторы - "Норт Каспиан Оперейтинг Компани" консорциумы (NCOC) мұнай бағасының тұрақсыздығынан  жобаға жұмсалған шығынның өтелетін мерзімін нақты айтудан бас тартқаны туралы мәлімдеме жариялады өткен аптада энергетика министрлігі. Қашағанның бірінші сатысы "ондаған жылдарға шамаланғаны" және "қысқа мерзімнен гөрі, ұзақ мерзімді болашақта қарастырылуы керек" делінген мекеменің хабарламасында. Бұл  Өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК 2041 жылға дейін) мерзімі аяқталғанға дейін  акционерлер тек бірінші кезеңді (СӨӘ) және кеңейтуді (01-АО) ғана іске асыра алады деген сөз. Бұдан бұрын егер консорциум республикада жаңа өнеркәсіптік немесе инфрақұрылымдық жоба жасаса Қазақстан келісімшартты ұзарту мәселесін қарастыратынын  энергетика вице-министрі Мағзұм Мырағалиев мәлімдеген болатын.

Kazenergy қауымдастығының бас директоры Болат Ақшолақовтың айтуынша, кен орнын игеру тұжырымдамасы өзгерді. Толық игеру (үш саты) бойынша ӨБК-де белгіленген міндеттемелер енді NCOC-ға бекітілмеген.

"Кен орнын игеру тұжырымдамасы өзгертілді, енді ол кезең-кезеңмен іске асырылады. Толық деңгейлі игеру деген жоқ, жұмыс кез келген сатыда тоқтатылуы мүмкін. Екі не үш саты іске асырылуы мүмкін. Түптеп келгенде, бұл өте қымбат", - деп назар аударды ол.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев өз кезегінде NCOC консорциумына артылған бұрынғы міндеттемелер сақталғанын және тұжырымдаманы қайта қарау туралы акционерлермен келіссөз жүргізілмегенін алға тартты.

"Келісімшарт мерзімі аяқталғанша олар (NCOC консорциумы – ескерт.) толық деңгейлі әзірлемені бастауы тиіс", - деп түсіндірді энергетика министрлігінің басшысы.

NCOC-тың акционері болып табылатын (16,88%) "ҚазМұнайГаз" (ҚМГ) ұлттық компаниясы да осындай көзқараста.

"Тұжырымдама қайта қаралған жоқ.  Толық деңгейлі игеруді де ешкім қайта қараған жоқ, бұл іс қол қойылған ӨБК аясында консорциум өзіне алған міндеттемелер шегінде іске асырылады. Бұл анық", - деп түсіндірді компанияның топ-менеджері Данияр Берлібаев.

Болжам орындала ма, орындалмай ма?

Қазақстанның мұнай-газ саласының тарихында шикізаттық жобалардың мерзімі мен бюджеті бірнеше рет қайта қаралды. Мысалға, Қашағанды іске қосу бастапқыда 2005 жылдан 2010 жылға ауыстырылды, ал одан кейін 2013 жылға кейінге шегерілді. Әйтеуір 2016 жылдың қазан айында кен орнынан алғашқы өнім өндірілді.

Екінші мысал, Қарашығанақ газ конденсат кен орнын кеңейту жөніндегі шешім  2011 жылдан бері кейінге шегерілуде. Еске сала кетейік, 2011 жылдың соңында аяқталған, Қазақстанмен дау-дамайды реттегеннен кейін "Қарашығанак Петролиум Оперейтинг Б.В." консорциумы (KPO) кен орнын игерудің үшінші сатысы бойынша жоба ұсынуы тиіс еді. Ол кезде Қазақстан жобадағы үлеске ие болды. Алайда тұжырымдаманы таныстыру 2013 жылға ауыстырылды, бірақ кен орнының қорын қайта санау туралы қабылданған шешім белгіленген мерзімдерге түзету енгізді. Енді Қарашығанақты кеңейту жөніндегі шешімді 2017 жылы қабылдау жоспарлануда, ал жаңа нысандарды енгізу 2020 жылға белгіленді. Жоба тұрақты мұнай өндіру кезеңін ұзартуға бағытталған және кен орнынан газ өндіру мөлшерін арттырады. Жобаның құны 6 млрд доллардан асады деп күтілуде. Тілге тиек етсек, Қарашығанақ жобасы төрт кезеңнен тұрады.

Қарашығанақты кеңейу аясында мұнай өндіру зауытын (МӨЗ) ашу жоспарда бар. 2012 жылы оның құрылысымен Eni және Petrofac компаниялары айналысқысы келген, бірақ 2016 жылы оларды Shell компаниясы ауыстырды. Әрине  компанияның ниеті әзірге нақты емес, бірақ Shell, "ҚазТрансГаз" АҚ және энергетика министрлігі бірлесіп мұнайгазхимиялық кешеннің болашағын бағамдай бастады. Ал KPO мен үкімет мұнай сатудан түскен табысты бөлуде әділдік орнату бойынша дауласып жатыр. Тоғыз айдың ішінде Қарашығанақтың акционерлері Қазақстанға ұсыныспен шығуы тиіс.

Құралай Әбілғазина 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу