Қауіпсіздікті қоғам бақылауға тиіс

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2022

"Атамекен" ұлттық палатасы тұтынушылардың құқығын қорғау үшін қоғамдық бақылауды күшейту керек деп есептейді.

Қауіпсіздікті қоғам бақылауға тиіс Фото: palata.kz

Кемероводағы қайғылы жағдайдан кейін атқа қонған қоғам белсенділері еліміздегі ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының қауіпсіздігіне айрықша назар аудара бастады. Осылайша, өзгенің қателігінен сабақ алуға тырысқан қазақстандықтар қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бағытында нақты ұсыныстарын да білдіруде. Әсіресе, елдегі бизнестің басын біріктіріп отырған "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы ұсынған бастамалар көпшілік тарапынан қызу қолдау табуда.

"Кемероводағы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл – нағыз трагедия. Бұдан бәріміз сабақ алуға тиіспіз. Бұл оқиға бизнестің жауапкершілігін одан әрі арттыра түскені анық. Сондықтан, Кемероводағы секілді қателіктерге жол бермес үшін жүйелі әрі жедел шараларды қолға алуға тиіспіз", – деді ұлттық палата ұйымдастырған "дөңгелек үстел" шарасына қатысқан "Атамекен" КҰП шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы Райымбек Баталов.

Райымбек Баталов "Атамекен" ұлттық палатасының бұл бағыттағы ұстанымын жеткізді. Кәсіпкерлер палатасы ірі орталықтардағы қоғамдық бақылауды күшейту қажет деп есептейді. Осылайша, қоғамдық ұйымдар кәсіпкерлерді тәртіпке салуы тиіс.

Еске сала кетейік, ұлттық палата ірі сауда орындарындағы қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бағытында өз ұстанымын жариялап, тиісті бастамаларын ұсынған болатын. Ол қандай бастамалар еді?

Біріншіден, "Атамекен" тұтынушылар құқығын қорғайтын қоғам құру қажет деп санайды. Өйткені, мемлекет тарапынан бақылау төмендеп, тексерулер саны азайған сайын кәсіпкерлер еркіндікке бой алдырады. Осының салдарынан төтенше жағдайлар орын алмас үшін қоғамдық ұйымдар тұтынушылардың мүддесін қорғап, кәсіпкерлерді тәртіпке шақырып, заңның орындалуын қамтамасыз етеді.

Екіншіден, ұлттық палата халықтың құқығын бұзу және шектеу қаупі бар салаларда кәсіпкерлерге қойылатын талаптарды күшейту қажет деп есептейді. Мәселен, автобустарда орын алған өрттер қоғамдық тасымалдау саласына реформа қажет екендігін көрсетіп отыр.

Бұдан бөлек, лифт қызметіне де талаптарды күшейту қажет. "Атамекен" бұл бағытта да тиісті ұсыныстар әзірлеуде.

Сондай-ақ, ұлттық палата қоғамдық тамақтану орындары, қонақ үйлер мен  сауда орталықтары, такси қызметін көрсететін компаниялар секілді нысандар арасында Ұлттық рейтинг жүйесін ұйымдастыруды ұсынады.

Жиынға қатысқан Astana Group компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Смағұлов MEGA кешендеріне өзі жүргізген тексерулер барысында кемшіліктер анықталғанын атап өтті. Қазір аталған кемшіліктерді реттеу шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай ірі орталықтар мен қоғам арасында байланыс дамымаған.

"Сондықтан, MEGA кешендерінің жанына қоғамдық кеңес құруды шештік. Көпшілік кемшілікті айтып отырса дейміз. Өйткені, мемлекеттік органдардың талаптары бір бөлек те, қоғамның талабы бір басқа. Мәселен, MEGA кешендерінде апат кезіндегі нұсқаулықтар ескірген. Өйткені, олардың әзірленгеніне көп жыл болды. Сондай-ақ, MEGA Silkway-да нысаннан шығу жоспарының белгісі көрінбейді. Осындай мәселелерді қоғамдық кеңеспен бірлесіп шешкіміз келеді", – деді Нұрлан Смағұлов.

Кәсіпкердің айтуынша, бизнес қауіпсіздікті сақтау үшін батыл қадамдарға баруы керек. Бұл ретте, нысандарды тексеруге кәсіпкерлердің өздері бейілді болуы қажет.

Сондай-ақ, Нұрлан Смағұлов Алматы мен Астана қалаларында төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттерге ірі сауда орындарында жоспардан тыс тексерулер жүргізуіне мүмкіндік берілуі керек деп есептейді. Бұл үшін арнайы меморандум бекіту қажет.

"Азаматтық жауапкершілікті арттыру керек. Сонымен қатар, "Атамекен" ұлттық палатасы ұсынған бастамалар да ақылға қонымды", – деді Нұрлан Смағұлов.

Кәсіпкердің айтуынша, көпшілік апатты жағдайда қалай әрекет ету керектігін біле бермейді. Сондықтан, жүйелі жұмыстарды жүргізу қажет. Бұл ретте, түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы мамандардың көмегі қажет. Оның сөзінше, бизнес пен мемлекеттік органдар және қоғам бірлесіп, жұмылатын болса, мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға мүмкіндік бар.

"Атамекен" ұлттық палатасы ұйымдастырған "дөңгелек үстелде" көкейге қонымды пікір айтқанның адамның бірі – ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рустамбеков. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 1500 ұйым құрылысты жобалаумен айналысады. Олардың тиісті лицензиялары бар. Алайда, аталған ұйымдардың біліктілігі әрдайым күмән келтіреді. Яғни, лицензия тиісті сомаға сатып алынады. Сондықтан, ең алдымен аталған саладағы талаптарды күшейту керек.

"Ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінші қабатындағы сауда орындарының жалға алу құны қымбат. Есесіне бұл – тұтынушылар көп келетін ең өтімді жер. Қабат жоғарылаған сайын, сауда орындарын жалға беру құны төмендей түседі. Ал балалар ойнайтын алаңдар, кинотеатрлар әдетте жоғары қабаттарда орналасады. Балалардың қауіпсіздігі үшін көпшілік жиналатын орындарды неғұрлым төменгі қабатқа орналастырған абзал. Әрине, бұл бизнес үшін кедергі. Бірақ, адам қауіпсіздігі үшін қажетті қадам", – деді Серік Рустамбеков.

"Атамекен" палатасының сауда комитетінің төрағасы Қайрат Мәжібаевтың айтуынша, тығырықтан шығудың бірден бір жолы – сақтандыру құралдары. Яғни, қызмет көрсетуші операторлар өз жауапкершілігін сақтандыруы қажет.

"Мәселен, мұндай жүйе автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бағытында енгізілген. Ол өзінің тиімділігін көрсетті. Сондықтан, барлық тараптың мүддесін қорғау үшін міндетті сақтандыру тетігін енгізу керек. Сонда ірі орталықтардың иелері келушілердің қауіпсіздігіне қаражат жұмсап, қауіпсіздік жүйесін қадағалауға мәжбүр болады. Әрине, мұндай жүйені енгізуге бірнеше жыл керек. Ең алдымен, жылжымайтын мүлік иелері инвентаризация жүргізуі керек. Ал сақтандыру компаниялары өнім түрлерін анықтап, тарифтерді бекітуі қажет. Бұл қадам барлық тарап үшін тиімді болады деп ойлаймын", – деді Қайрат Мәжібаев.

"Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жекелеген талаптар енгізілген жол картасын әзірлеген жөн деп есептейді.

Ал ҚР ІІМ төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Сәбит Битаевтың айтуынша, құрылыс үшін бизнес-қоғамдастықпен, жалпы қоғаммен байланыс орнату маңызды. Сондықтан, комитет аталған бағытта талқылаулар өткізуге дайын екендігін жеткізді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу