Қазақстан 2050 жылға дейін мұнайдан біржола бас тартуы тиіс

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2578

Мұнай қоры жаңаша транзакцияланбайтын болса, қазынада қаржы қалмауы мүмкін.

Қазақстан 2050 жылға дейін мұнайдан біржола бас тартуы тиіс

Қазақстандағы шағын және орта бизнеске салынған қаржы жалпы инвестицияның 25%-ын құрағанына қарамастан, оның ЖІӨ-дегі үлесі 1,2%  ғана. Бұл – өте нашар көрсеткіш.

Мұнайдан бас тартатын уақыт келді

Астана экономикалық форумы аясында "Қазақстанның 100% баламалы энергетикаға көшу туралы таныстырылымы" атты баспасөз конференциясында жасыл экономика саласын зерттеуші, профессор Кристиан Брейер Қазақстан 2050 жылға дейін мұнайдан 100 пайыз бас тартуы тиіс екенін айтты.

Кристиан Брейер өзінің зерттеуінде Қазақстанның баламалы энергетикадағы дәрежесі мен әлеуетін басқа әлемдік елдермен салыстырып көрген екен.

"Норвегия гидроэнергия мен жел энергиясын пайдаланатыны белгілі. Латын Америка елдері ішінен Парагвайда да көбіне гидроэнергия қолданылады. Осы орайда Коста-Рика ресурстарға өте бай, өйткені бұл ел тек гидро емес, күн, жел, биоэнергияларды да өз пайдасына жаратады. Бүкіл әлемде жел және гидроэнергиямен қамтамасыз етуге басымдық беріліп жатыр. Үндістан күн энергетика саласында жақсы дамып келе жатыр, сондықтан бұл мемлекетте күн энергиясының нарығы қалыптасып келе жатыр", – деді профессор.

Автор өз еңбегінде Қазақстанның баламалы энергетикаға көшуінің үш түрлі кезеңін сипаттайды. Оның ойынша, 2050 жылға қарай еліміздің энергетикалық жүйесінде жасыл энергияға көшу әлеуеті қарқынды болады.

Кристиан Брейердің айтуынша, баламалы энергетикаға көшу моделі су тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, энергияны түрлендіру мүмкіндігін береді.

"Қазақстан энергетика саласында негізінен, көмірге тәуелді. Сіздерде гидростанция, мұнай және газ бар. Сіздердің елдеріңізге ең қолайлы баламалы энергия – күн энергиясы деп толыққанды айта аламыз. Бірақ ресурстарға бай Қазақстан үшін энергияның барлық түрін пайдалануға болады", – Кристиан Брейер.

Шағын және орта бизнестің халі мүшкіл

Өз кезегінде Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша бас экономисі Кристос Костопулос Қазақстан мұнай қорының қаржылық активінің ұзаққа жетпейтінін алға тартты.

"Қазақстан мұнайлы экономиканың бағытын бұрмайтын болса немесе мұнай қорын жаңаша транзакцияламайтын болса, қазынада қаржы қалмауы мүмкін. 2008-2016 жылдары Қазақстан экономикасы мұнайдың қымбаттауы есебінен жылына 10-15% - дық өсім көрсетті. Осы қарқынның бетімен соңғы дағдарыс кезінде мемлекет өзінің қорын азайтып алды", – деді бас экономист.

Оның айтуынша, екінші бір мәселе елдегі жемқорлықтың тыйылмауы. Осы келеңсіздік мемлекеттік сатып алулардағы ірі келісімшарттар кезінде экономикаға үлкен зардап әкеледі.  

"Мемлекет алдымен қаражатты тиімді жұмсауды үйренуі керек. Сонымен қатар жеке сектордың дамуы да маңызды. Мұнай бағасының төмендеген уақытында ел экономикасының құрылымын өзгерту керек", – деді сарапшы. 

Кристос Костопулостың айтуынша, ірі компанияларға негізделген экономикада шағын және орта бизнесті дамыту қиын. Қазақстандағы жағдай да сондай.  

"Қазақстандағы шағын және орта бизнестің үлесі өте төмен. Қазақстан экономикасы өте тиімсіз жұмыс істеп жатыр. Соңғы бірнеше жылда ШОБ-қа салынған инвестиция елге тартылған жалпы қаржының 25% - ын құрағанымен, оның ЖІӨ-дегі үлесі 1-2% ғана", – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Қазақстан өңірлердегі бизнесті дамытуы керек.

"Бұл тұрғыда екі бағытқа назар аудару керек. Бірі агломерация немесе халықтың қоныс аударуы. Қазақстанда ондай жұмыс жасалып жатыр. Бірақ айтарлықтай әсер әлі жоқ. Жұмыссыз өңірлердің тұрғындары жұмыскер керек жерлерге көшу керек. Екіншіден, кәсіпкерлер өз кәсіптерін басқа жаққа барып ашудан сескенбеуі тиіс", – дейді ол.

Шетелдіктер әлі кіре алмай жүр

Қазіргі таңда берілген несиелердің жұмыс істемей тұрғанына қарамастан, алдағы уақытта Қазақстанға несие ағыны ұлғая түспек.

"Соңғы жылдары "нашар" несиелердің үлесі азайды. Үкімет мұнай және зейнетақы қорлары секілді ірі конглометтардың көмегімен ондай несиелердің үлесін азайту мақсатында жұмыс атқарды. Өкінішке қарай, мұнайға салынатын жалпы инвестиция көлемі азайып кетті. Бұл мемлекеттің экономикадағы басымдылығынан", – деді Дүниежүзілік банк өкілі.

ЕЫДҰ мәліметінше, Қазақстанның экономиканы басқару көрсеткіші 3,8 балл деңгейінде. Бұл өте жоғары. Аргентина, Қытай мен Ресейдің өзінде бұл көрсеткіш 1,5-2,5 балл аралығында. Қазақстанның мемлекеттік активтерінің үлесін қазіргі  46 пайыздан 10-15 пайызға дейін азайту туралы бастамасы өте орынды. Оны жекешелендіру арқылы жасау керек. Сол кезде шетелдік инвесторлар келе бастайды", – деді сарапшы.

Ал Кремний алқабынан келген инвестор Павел Хозряковтың айтуынша, шетелдік ірі инвесторлар үшін Қазақстан экономикасының есігі әлі де жабық. Оның айтуынша, Қазақстандағы жеке капитал нарығы әлі күнге дейін ірі инвестициялық қорлар тарапынан, басқаша айтар болсақ, олигархтар тарапынан басқарылады.

"Қазақстанда миллиард долларлық айналымы бар инвестициялық қорлар жоқ. Миллиард теңгелік инвестиция құйғыңыз келсе, жекелеген тұлғалардың "алдынан өтуіңіз" керек", – деді инвестор.

Оның айтуынша, ел үкіметі осы келеңсіздікті жоюы үшін инвесторлармен келісімшарттардың ашықтығын қамтамасыз етіп, корпоративті басқару мен халықаралық есептілік жүйесін енгізуі шарт. 

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу