Қазақстан ескі инвесторларының тамырын тап баспақшы

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3877

Бұл қадам жаңа шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан ескі инвесторларының тамырын тап баспақшы

"Kazakh Invest ұлттық компаниясы" АҚ ұлттық инвестициялық стратегиясының жобасы ҚР сыртқы істер министрлігінде таныстырылды.

Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бұл жоба кейбір дипломатиялық корпус өкілдері мен басшылары, инвесторлар және басқа компания өкілдерімен түрлі алаңдарда талқыланғанын атап өтті.

Сонымен бірге үкімет инвесторлармен жұмыс жүргізуді толығымен қайта ұйымдастырмақ екенін айтты.

"Біз бұл жұмысқа халықаралық сарапшыларды, Дүниежүзілік банкті тарттық. ЭСДҰ-ның барлық ұсынысын ескердік. Үкіметте бірнеше рет таныстырылды. Біз ауқымды жұмыстың мәнін өңірлік әріптестерімізге түсіндірдік, себебі өңірлерде көп сұрақтар туындауы мүмкін", – деді үкімет басшысы.

"Бұл мәселеде қайта құрулар, бұл жұмысты қайта ұйымдастыру қажет екенін түсінеміз, бірақ іс  өңірлерде тұралап қалмасын дейміз, сондықтан инвестиция мәселесіне жетекшілік ететін облыс әкімдерінің орынбасарларымен қосымша әңгімелестік. Олардың бір бөлігі бұл салада жұмыс істеуге дайын емес екенін көрдік, олар тілді тиісті деңгейде меңгермеген және өңірлеріндегі өзге мәселелермен айналысуда. Біз хат дайындап жатырмыз", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек жүргізілген реформалардың арқасында Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде 41-орыннан 35-орынға көтерілгенін айтты.

"Биылғы жылдың ақпан айында ЭСДҰ кеңесі Қазақстанды ЭСДҰ-ның инвестициялар комитетінің қауымдастырылған мүшесі ретінде шақыру туралы шешім қабылдады. Қабылданып жатқан шаралар елдің көрсеткіштеріне әсер етпей қоймады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағымы 2015 жылға қарағанда 40%-ға артып, 20,6 млрд долларды құрады. Оның ішінде шетелдік инвестициялардың өсімі тау-кен өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, электр қуатын тарту және ақпараттық технологиялар салаларында байқалды", – деді ол.

Нақырақ айтсақ, инвесторлар металлургияға, химия мен машина жасау өнеркәсіптеріне ақша салды. Тікелей шетел инвестициялары ағылған елдер бойынша алсақ, мына мемлекеттер алдыңғы шепке шығады: Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Франция, Қытай және Ұлыбритания.

"Біздің алдымызда тұрған міндет инвестиция тартып қана қоймай, оны ұстап қалуымыз керек. Қайта инвестициялау үшін барлық жағдай жасау керек. Біз бұл мәселеге жүйелі қарап отырмыз. Ол үшін маусым айының соңында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, инвестиция тарту бойынша ұлттық стратегия жасалады. Қайдан, қалай және қайда инвестиция тарту қажет екені осы стратегиядан көрінеді, – деді министр. –  Ол мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру мехнизмін айқындайды. Олардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау тәртібі, мақсатты инвестиция көздері белгіленеді, сондай-ақ ЭСДҰ-ның жаңа ұсыныстар жинағына сәйкес инвестициялық климатты одан әрі жетілдіру шараларын көздейді".

Осы міндеттерді шешу үшін Kazakh Invest компаниясы құрылды, оның шетелдік және өңірлік филиалдары бар. Компанияға ерекше мәртебе берілді – оның директорлар кеңесін премьер басқарады.

"Директорлар кеңесінің құрамына салалық министрліктердің басшылары мен беделді шетелдік кеңесшілер кірді. Бұл Қазақстан үшін инвестиция тарту және инвесторларға қолдау көрсету – аса маңызды басымдық екенін көрсетеді. Ұлттық компания үкіметтің атынан мақсатты трансұлттық компаниялармен, ірі инвесторлармен келіссөз жүргізеді. Одан бөлек, ол шетелдік инвесторларға Қазақстанға кіруге жол ашатын мекеме ғана емес, оларды бір терезе қағидасы бойынша инвестициялық жобасы іске қосылғанған дейін алып жүреді. Қазіргі кезде өңірлерде инвесторларға қызмет көрсететін 19 сектор бар. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін "бір терезе" онлайн-тәртіпте жұмыс істейтін болады. Өңірлердегі ұлттық компанияның өкілдеріне әкімдердің штаттан тыс кеңесшілері деген мәртебе беріледі", - деп жан-жақты түсіндірді  Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, инвесторлармен жасалған барлық келісімдердің іске асырылуы қатаң бақылауға алынады.

"Қазіргі кезде follow up ақпараттық-бақылау жүйесі жасалуда, ол инвесторлармен жұмыс жүргізуге жауапты тұлғалардың барлығын біріктіреді. Айта кету керек, инвесторлардың өзі де бұл жүйеге кіре алады. Онлайн-кабинеттерде инвесторлар жобаларын іске асыруға қажетті мемлекеттік қызметтің көрсетілу барысын бақылай алады, сондай-ақ пайда болған мәселелер туралы дер кезінде белгі бере алады. Аталған жүйе жергілікті және орталық деңгейде жобаны жүзеге асыру барысын бақылап, туындаған мәселелерді уақытында шешуге мүмкіндік береді. Инвестордың бірде-бір бастамасы назардан тыс қалмайды", - деп уәде етті Жеңіс Қасымбек.

Қиындықтардың бірі – инвесторларға ұсынатын дайын жобалардың болмауы.  Осыған байланысты жуырда халықаралық стандарттарға сәйкес "арзан жобалардың жиынтығы" пайда болатынын айтып кетті.

"Сонда бұл жобалар шетелдік ірі инвесторлар үшін тартымды болады. Осы жұмыс қорытындысы бойынша барлық қажетті ақпарат Қазақстандағы  шетел мемлекеттерінің елшіліктеріне ұсынылады", – деді ол.

Қазақстан стратегияны көпшілікке таныту үшін әртүрлі халықаралық форумдарды пайдалануды ойластырып отыр. МДМ және СІМ бірлесіп қазақстандық тараптың қатысуы ұсынылып отырған шетелдік форумдар кестесін әзірледі.

Дүниежүзілік банк кеңсесінің басшысы Иван Нимак стратегия Қазақстанның өңдеу секторына құйылатын инвестиция үлесін арттыруды ынталандыру керек.

"Елімізге көптеген инвесторлар келуде. Экономиканы әртараптандыру процесін жеңілдету үшін инвестицияның түрі өзгертілу керек. Олар тек шикізат ресурсына ғана бағытталмай, басқа да сапалы және сандық инвестиция түріне ауысуы керек. Біз тауар мен қызмет өндірісін жақсартып, экономиканың құнын өсіріп, экономиканы әртарапандыруға әкелетін инвестицияларды қарастырудамыз", – деді ол.

Инвестицияларды тарту мен ұстап қалуға қатысты ұлттық стратегия –  Қазақстанда  ТШИ-ды әртараптандыруға қатысты Жол картасын және тиімділікті арттыруға бағдарланған жоғары қосалқы құны инвестицияларының үлесін арттыру. 

Стратегияға сәйкес, ТШИ-дың жылсайынғы көлемі 2016 жылғы 20,8 млрд доллардан 2022 жылы 25,3 млрд долларға дейін немесе 22%-ға өседі. Оның ішінде табиғи ресустарға бағытталған ТШИ 2022 жылы 12,7 млрд, нарыққа бағытталған ТШИ 6,1 млрд ; тиімділікті арттыруға бағытталған ТШИ 3,5 млрд; жекешелендіру және МЖӘ-ге бағытталған ТШИ - 3 млрд доллар.

Мұндай нәтижеге инвестициялардың жаңа түрін тарту есебінен қол жеткізу жоспарлануда.

Стратегия үш негізгі бағытта– инвест ахуалды жақсарту бойынша реформалар, халықаралық нарықта инвестицияларды жылжыту мен жайғастыру, жекешелендіру және МЖӘ арқылы іске асатын болады.

Бұл мәселеге қатысты наразылық та болмай қалған жоқ. Қазақстандағы Франция елшісі Франсис Этьен  Франция  осы уақытқа дейін Қазақстанның энергетикалық секторын, көлік, құрылыс, химия, АӨК және өнеркәсібін инвестициялап келгенін, сондықтан қазіргі инвесторлар да үкімет жұмысына қатысты болуы керек екенін айтты. "Қазақстанның әртараптануын дамыту үшін жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол. – Дәл қазір көрген таныстырылымда бұрынғы инвесторларды қалдыру туралы бірінші рет естіп, қуанып қалдым. Қазақстанның болашағына сеніп, жұмыс жасаған инвесторларды ұмытпау керек".

Франция елшісі жаңа инвесторларды алуға Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан инвесторлар көмек болатынын айтып кетті.

"Бұрынғы инвесторларға көңіл бөлі керек деп есептеймін. Бұл біз үшін және басқа да инвесторларды тарту үшін керек", – деді ол.

Бұған премьер-министр бірден жауап қатты.

"Елімізге тікелей шетелдік инвестицияларды  тартуда басқа елдермен қатар күресетін боламыз. Бұл жерге келетін инвесторлар ең бірінші бұрынғы инвесторлардың қалай жұмыс істеп жатқанына қарайтынын жақсы түсінеміз. Олар бұрынғы инвесторлардың қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанына, Қазақстандағы бизнесін тастап кеткен инвесторларға, олардың кету себебіне жіті мән беретінін жақсы білеміз. Біз бұған саналы түрде келе жатырмыз. Сондықтан 1990 жылы бізге сеніп келіп, қаражат салған инвесторларды осы жерде қалдыру мәселесіне баса мән беріп отырмыз", - деді премьер-министр.

Оның айтуынша, үкімет бұған ерекше мән береді.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу