Қазақстан инновациялық төлем технологиясына көшеді

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3822

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу мен төлем жасаудың дәстүрлі түрі қатар жүреді. 

Қазақстан инновациялық төлем технологиясына көшеді

Елімізде интернет-банкингтің қызметіне жүгінетіндер мен түрлі төлемдердің транзакциясын карточка арқылы жасайтын жандардың қатары көбейді. Олар ақшасыз есеп айырысудың үлесін бір жылда 71%-ға жеткізді. Сәйкесінше осы уақытқа дейін қағаз ақшасыз атқарылған алыс-берістің көрсеткіші трлн теңгеден асты.

Жарты жылда ел экономикасында 1,2 трлн теңге айналды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 480 млрд теңгеге көп көрсеткіш. Дәл осы мерзімде төлем карталары арқылы 100 млн-ға жуық теңгенің қаржылық операциясы жасалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш  56,1 млн теңге болды.

Банк ұсынған электронды қызмет арқылы есеп айырысу сомасы 406,2 млрд теңгені құрады. Өткен жылы төлемнің дәл осы түрі арқылы 269,6 млрд теңге транзакцияланған еді.

Ақшасыз есеп айырысуда алматылықтар алдарына қара салдырған жоқ. Олар қаңтар-шілде айларында интернет-банкинг және карточка арқылы 595,4 млрд теңге жұмсады. Бұл ретте астаналықтардың көрсеткіші 159,4 млрд теңгені құрады. Ал жалпы Қазақстан бойынша POS-терминалмен төлем жасау 630,8 млрд теңгеге жетті.

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуда POS-терминалдар үлкен қызмет атқарып тұр. Былтыр виртуалды есеп айырысудың негізгі үлесі POS-терминалдардың еншісіне тиіп, 66,9%-ды көрсетті. Ал банкоматтар 16,4%-бен екінші орынға тұрақтады.

Қазақстан интернет бизнесі және мобильді коммерция қауымдастығының болжамынша, болашақта интернет-төлемдердің көлемі 1 млрд доллардан асуы мүмкін.

Соңғы жылдары қызмет көрсету саласы да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Адамдар жол жүру билеттерін қолма-қол ақшасыз сатып алуға көшті. Сәйкесінше қызмет көрсетудің осы саласында оң динамика байқалып, ол 4 есе ұлғайды.  

ҚИБҚ өкілі Виктория Торгунакованың айтуынша, нарықта банк карточкасына балама құралдар пайда болды. Тұтынушылардың басым көпшілігі электронды әмияндарды қолдануға көшті. Төлемді мобильді телефон арқылы жасайтындардың да қарасы көбейді.

Таяу болашақта Қазақстан инновациялық төлем технологиясы енгізілген экономикаға басымдық береді. Мұның алғышарты биыл ұйымдастырылған Астана экономикалық форумында жасалды. Mastercard технологиялық компаниясының біздің елдегі басшысы Алексей Малиновский мен АХҚО басқарушысы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Соған сәйкес Қазақстанда жаңғырған, жаңарған экономика алға жылжытылады. 

"Заманауи төлем технологияларының кең таралуы кәсіпкерлер, қаржылық ұйымдар мен мемлекет үшін жаңа мүмкіндік береді. Mastercard ұсынатын шешімдер әртүрлі салаларда: қала мен аймақты басқару, транспорт, қызмет көрсету саласы, туристік бизнес, білім саласында пайдаланылады. Mastercard пен АХҚО арасындағы серіктестік Қазақстандағы қолма-қол ақшасыз экономиканың дамуындағы маңызды қадам болмақ", – деген еді форумда Алексей Малиновский.

Айта кетейік, Mastercard-тың біздің елде қызмет етіп жатқанына жиырма жылдан асты. Осы уақыт аралығында компания инновациялық төлем технологиясының тетіктері қолданылатын экономиканың дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Мамандар алдағы 10 жылда қазақстандықтардың 90%-ы дәстүрлі төлемсіз есеп айырысуға көшетінін айтып жүр. Өйткені еліміздегі 10 адамның 9-ы банк картасы я болмаса смартфон арқылы төлем жасауды әдетке айналдыра бастаған.

Astana Best Consulting Group компаниясының экономисі Арман Байғановтың сөзінше, қағаз ақшамен есеп айырысу елімізге экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Өйткені бұл операцияға кететін шығын жалпы ішкі өнімнің 1%-ын құрайды.

"Монета сарайын, инкассацияны, күзет қызметі мен кассирлерді қамтамасыз етуге қыруар қаржы жұмсалады. Бұл шығындарды шектеуге болады. Швецияда қаржылық операциялардың 97% қолма-қол ақшасыз атқарылады. Оңтүстік Кореяда адамдардың 2-ақ пайызы қолма-қол ақшамен есептеседі. АҚШ-та бұл көрсеткіш 7, ал Еуроодақта 9%-ға тең. Бізге де осы тәжірибені қолдану қажет. Егер төлем транзакцияларын интернет-банкинг немесе карточка арқылы жүргізсек, бюджет шығыны қысқарады, жалған кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны азаяды және сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылады",– деді Арман Байғанов.

Оның пікірінше, көлеңкелі экономикадан құтылу үшін Қазақстан батыл қадамға бару керек. Бұл қадам ұлттық төлем жүйесін құрудан және қолма-қол ақша айналымынан бас тартудан басталады.

"Дәл қазір Қазақстан қолма-қол ақша айналымынан біржолата бас тарта алмайды" деген сала мамандарының пікіріне экономист: "Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшу мүмкіндігіміз бар екенін ресми мәлімдеді. Бұған халықтың өзі талпынуы керек",– деп жауап берді.

Оның сөзінше, отандық банктер  қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға тезірек көшуге мүдделі. Өйткені олар интернет-банкингтің қызметі үшін комиссиялық алым алады.

Еркеғали Бейсенов 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу