Осыған орай "Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша бірқатар шаралар туралы" Қазақстан президенті жарлығының жобасы әзірленді.
Құжатқа сәйкес, "Қазақстандық инвестициялық даму қоры" атты жаңа мекеме жасақталады.
Ел үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаевтың негіздеуінше, бұл қадам "ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және Қазақстанның инвестициялық қызметін ынталандыру мақсатында" жасалып отыр.
"Қазақстандық инвестициялық даму қоры басқарушы компаниясы" акционерлік қоғамы 100 пайыз мемлекеттің иелігінде болады. Ол "Астана" халықаралық қаржы орталығында қолданылатын британ құқығына сәйкес жұмыс жасайды. Тиісінше, АХҚО аясында орналаспақ.
Аталған басқарушы компания қызметінің негізгі мақсаты ретінде осы жарлыққа сәйкес құрылатын Қазақстандық инвестициялық даму қорының инвестициялық портфелін басқара отырып, ел экономикасына инвестициялар тарту анықталды.
"Қазақстан Үкіметі бекітілген заңнамалық тәртіпте: 1) "Астана" халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығына сәйкес, жабық инвестициялық пай қоры түрінде қор құру бойынша қажетті шараларды қабылдасын; 2) осы жарлықты іске асыру үшін қажет басқа шараларды қабылдасын", – делінген жарлық жобасында.
Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізілмек.
Құжат жобасына қоса берілген түсіндірме жазбада үкімет жетекшісі аталған жарлықты қабылдау "теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға әкеп соқпайтынына", тек игілік әкелетініне сенім білдіреді.
"Жобада қарастырылатын мәселелер бойынша бұдан бұрын президент немесе үкімет актілері қабылданбаған. Жобаны қабылдаған жағдайда қолданыстағы заңнаманы оған сәйкестендіру қажет етілмейді. Жоғарыда айтылғанның негізінде, Қазақстан үкіметі Қазақстан президентінің қарауына жарлық жобасын енгізеді", – дейді Бақытжан Сағынтаев.
"Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша бірқатар шаралар туралы" президент жарлығы жобасына орай премьер-министр атына сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов та түсіндірме жазба жолдапты. Өйткені жаңа миссиясына сәйкес, шетелден инвестиция тартуға енді еліміздің сыртқы саясат ведомствосы да жауапты екені мәлім.
"Қазақстандық инвестициялық даму қоры басқарушы компаниясы" қызметінің негізгі мақсаты Қазақстан экономикасына инвестициялар тарту болады. Бұл жоба жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғамайды. Реттеушілік ықпалына талдау жүргізілмеді", – дейді Бейбіт Атамқұлов.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысында, елімізде негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 11 триллион 130 миллиард теңгені құрады. Бұл 2017 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 17,2%-ға көп екен.
Жаңа қор және оның басшылығы өз назарын негізінен алыс шетелге аударуы мүмкін. Ал таяудағы елдер арасынан тек шығыс көршіміздің белсенділігі жоғары. Мәселен, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚХР елімізге 15,6 миллиард доллар инвестиция салған екен. 2017 жылы бұл көрсеткіш 14,8 млрд доллар болған. Кейінгі үш жыл бойы шың елінен инвестициялық ағын 6,6% көлемінде жүйелі өсуде.
Қытайлық инвесторларды Қазақстанда негізінен тек 5 сектор көп қызықтыратыны аңғарылады. Бұлар көлік және қоймалау (4,9 млрд доллар), тау-кен өндірісі өнеркәсібі (2,6 млрд доллар), қаржы және сақтандыру қызметі (2,2 млрд доллар), құрылыс (2,1 млрд доллар) және өңдеу өнеркәсібі (2,1 млрд доллар). Соңғы осы сала "бестіктен" көтерме және бөлшек сауданы (833,1 млн доллар инвестиция ғана салынды) ығыстырып шығарды. Аталған бес сала үлесіне ҚХР-ден келген инвестициялардың 88,9% пайызы немесе 14 миллиард доллары тиесілі. Және қытайлар осы бестікке күш-жігерін барған сайын көп шоғырландыруда. Атап айтқанда, 2014 жылы оларға барлық инвестицияларының тек жартысындайын, 68,4%-дайын ғана бағыттаған болатын. Дегенмен, сарапшылар Қазақстанға ҚХР-дан тікелей инвестициялар салуды "Қытай-Қазақстан өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры" жүзеге асыратынын еске салады.
Ал санкциядан сансыраған солтүстік көршінің инвестициялық қауқары шамалы болып отыр.
"2018 жылдың бірінші жартыжылдығында РФ Қазақстанға 445 миллион доллар инвестиция салды. Салыстыру үшін айталық, дәл осы кезеңде Қазақстан Ресей экономикасына 314 миллион доллар инвестициялады. Қазіргі кезде Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялар көлеміндегі Ресейдің үлесі небары 5,1%-ды құрайды. Жалпы алғанда, еуразиялық одаққа мүше барлық елдердің Қазақстанға инвестицияларының ауқымы мен жалпы салмағы әзірше мардымсыз болып қалуда. Яғни, олар біздің елдің экономикасына елеулі ықпал ете алмайды", – дейді экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додонов.
Бақыт Көмекбайұлы