Қазақстандықтардың долларға сұранысы азайды

Камила Абдиева Камила Абдиева
2138

Халықтың шетел валютасын сатып алуға жұмсаған шығыстарындағы рубльдің үлесі сәуірде 53 %-ға жақындап, рекорд жаңартып жатыр.

Қазақстандықтардың долларға сұранысы азайды

Қазақстандықтар валюта айырбастау пунктерінен шетел валютасын сатып алудағы таза шығыстары биылғы жылдың сәуірінде 146,14 млрд теңгені құрады. Бұл наурыздағы көрсеткіштен 0,5 %-ға (+651млн теңге) және былтырғы жылдың осы кезеңіндегі деңгейден 1,6 есе артық, екенін ҚР Ұлттық банктің халықтың айырбастау операциялары жөніндегі статистикасынан аңғаруға болады.

Бір ерекшелігі сол, валюталар арасында ресей рублі және аздап еуро бойынша өсіп байқалса, доллардың саудалануы 33%-ға құлдырап кеткен. Сәуірде "көк қағазды" сатып алуға 44,5 млрд теңге жұмсалды, бұл наурыздағы мөлшерден 13,6 млрд-қа кем.

Десек те, 2017 жылдың сәуіріндегі сатып алынған көлеммен салыстырар болсақ, АҚШ долларына сұраныстың 1,6 есе өскенін, немесе 17 млрд болғанын аңғаруға болады. 2017-2018 жылдардың сәуіріндегі шетел валютасының таза саудасындағы доллардың үлесі 0,5 пайыздық тармаққа, сәйкесінше 30%-дан 30,5%-ға өскен. Аймақтар арасында қолма-қол валюта саудасының 42%-ы Алматыға тиесілі. Сондай-ақ сәуірдегі күрт құлдырау да оңтүстіктегі бас шаһардың үлесінде. Оның көлемі37% немесе 14 млрд теңгені құрады.

Халықтың шетел валютасын сатып алуға жұмсаған шығыстарының 77,3 млрд теңгесі немесе 52,9%-ы тиесілі болған (2017 жылғы сәуірдегі 46%, немесе 42,3 млрд-пен салыстырғанда) ресей рубліне деген сұраныс ай ішінде таза сатып алуда 14%-ға (немесе 9,2 млрд), былтырғы деңгеймен салыстырғанда 1,8 есеге (34,9 млрд теңгеге) өскен. Сұраныс негізінен солтүстік көршімен қоңсы жатқан өңірлерде (сондай-ақ Астана мен Алматыда) байқалды, сірә бұл екі елдің көрші аймақтарының сауда-саттығындағы өсіммен байланысты болса керек.

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың І тоқсанында 3,85 млрд долларды құрады. Бұл былтырғы сәйкес көрсеткіштен 8,4%-ға көп, екенін ҚР ҰЭМ статистика комитетінің мәліметінен аңғардық. Ресейден келген импорт – 8,7%-ға, 2,68 млрд-қа дейін, ал осы елге экспорт 7,3%-ға, 1,17 млрд долларға дейін өскен.

Саудасы қызған валюталардың үштігін еуро түйіндеп отыр. Еуропа валютасына деген сұраныс ай ішінде төрттен бірге (25%) және жыл аралығында 8%-ға өсті. Дей тұрғанмен шетел валютасының таза саудасында 7,5 пайыздық тармаққа, 15,8%-ға (23,1 млрд теңге) қысқарды. Еуроның таза саудасының 49,1%-ы (11,3 млрд) Алматының үлесінде болса, былтыр оның саудасы бойынша Астана (34%, 7,3 млрд теңге) алда болған еді.

Ал халықтың айырбастау пунктерінде британ фунты және қытай юані секілді валюталар бойынша жасаған айырбастау операцияларының көлемі жиынтықтай келгенде 1%-дан аспайды. Осыған байланысты аса қызығушылық тудырмайды.

Гүлназ Ермағанбетова, Каила Абдиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу