Қазақстанның Қырғыз еліне сауда экспансиясы

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5171

Жанармай экспорты жолға қойылса, Қазақстанның Қырғыз еліне экспорты одан сайын арта түспек.

Қазақстанның Қырғыз еліне сауда экспансиясы

2018 жылдың алғашқы 9 айында қазақ-қырғыз сауда айналымы 625,7 млн АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 9,9 пайызға артық.

Жалпы, Еуразиялық одақ елдерімен Қазақстанның саудасы жыл басынан бергі тоғыз айда 8,7 пайызға ұлғайған екен. Бұл дегеніңіз, Қазақстанның одақтас өзге елдерге қарағанда Қырғызстанмен өзара саудасы жақсы жүріп тұр деген сөз. Дегенмен, Қазақстанның сыртқы саудасындағы Қырғыз елінің үлесі бар болғаны 0,9 пайыз ғана екені де жасырын емес. 

Өзара сауданың ұлғаюына Қазақстанның экспорты себеп болып отыр. Былтырғымен салыстырғанда Қазақстанның Қырғызстанға сатқан тауары 22 пайызға көбейсе, импорт керісінше, 13 пайызға азайып кеткен екен.

Естеріңізге сала кетейік, екі ел өзара сауданы арттыруға күш салып, Назарбаев 2020 жылға дейін бұл елмен арадағы сауданы 1 млрд АҚШ долларына жеткізуді жоспарлап отыр.

2018 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанның Еуразиялық одақ елдерімен арадағы саудасының 82 пайызы Ресейге тиесілі болып шықты. Ал екінші орындағы Қырғыз Республикасы одақтас елдермен тауар айналымының 4,5 пайызына ие. Үшінші орындағы Беларусьтің үлесі 3,6 пайыз. 

Экспорт бойынша да Қырғыз Республикасы одақтас елдер ішінде Ресейден (88,1%) кейін екінші орында (10,4%). Ал импорт бойынша Қырғызстан 1,8 пайызбен үшінші орында. Бірінші орында Ресей (93,6%) және екінші орында Беларусь (4,5%).

Жоғарыда аталғандай, қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанның Қырғыз Республикасына экспорты 22% ұлғайып, 452 млн АҚШ долларын құрады. Ең қарқынды өсім отын-энергетика кешенінде. Бұл саладағы өсім былтырғыдан 2,5 есеге артқан.

Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев алдағы уақытта Қазақстанның Қырғыз Республиксы мен Ресейге жанармай экспорттай бастайтынын айтқан еді. Олай болса, Қазақстанның Қырғыз еліне экспорты әлі де еселеп артады деген сөз.

Қырғыздан келетін импортқа тоқталар болсақ, жыл басынан бергі тоғыз айда Қазақстан көрші елден 173,4 млн АҚШ долларының тауарын сатып алыпты. Соның ішінде құрылыс материалдарына сұраныс қарқынды өскен. Былтырғымен салыстырғанда биыл Қырғыз елінен кіретін құрылыс материалдары көлемі 5 есеге бір-ақ артқан. Ал текстиль өнімдері керісінше 88 пайызға күрт азайып кеткен көрінеді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу