"Қазақтелеком" үнемдегісі, акционерлер мол пайда тапқысы келеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4768

"Қазақтелеком" мен оның құнды қағаздарын сатып алған миноритарийлер арасындағы тайталас жаңа деңгейге шықты.  

"Қазақтелеком" үнемдегісі, акционерлер мол пайда тапқысы келеді

Телекоммуникация алпауыты өз акцияларын ұстаушылармен не себепті қырғи-қабақ болып жатқанына қатысты түсініктеме берді. Ол қарсыластарын пайда табу үшін инсайдерлік ақпаратты, яғни компанияның ішкі құпия мәліметтерін пайдаланып кеткен деп айыптайды.

"Жалпы алғанда, "Қазақтелеком" АҚ-ына өздеріне тиесілі "Қазақтелеком" акцияларын кері сатып алуды талап еткен миноритарлық акционерлерден 13 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 3 өтінішті себептерін түсіндірусіз, акционерлердің өздері кері алып кетті. Бізге бағытталған өтініштерде акционерлер "Қазақтелеком" АҚ директорлар кеңесінің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы "Кселл" АҚ акцияларын сатып алу жөніндегі ірі мәміле бекіту туралы шешімімен келіспеулеріне байланысты өздеріндегі акцияларды кері сатып алуды талап етеді", – деп түсіндірді компания.

Негізі, акцияларды кері сатып алуды талап ету құқығы ұлттық заңнамада қарастырылған және солай болса да, компаниялардың өз миноритарийлерімен дауласу оқиғалары көп кездеспейді.

Бұл ретте "Қазақтелеком" да өз акционерлерінің аталған құқығына еш шәк келтірмейтініне сендіріп бағады. Өйткені заңнамадағы бұл норма – акцияларға қаржы салған қатардағы азаматтарға, бизнесмендерге, инвесторларға құнды қағаздарды эмитентке кері сату арқылы сол қаражаттарын қайтарып алудың қарапайым әрі мөлдір тетігін ұсынатын қорғаушы шара болып табылады.

Осы орайда егер акция ұстаушы компанияның ағымдағы саясатымен, мәселен, әлдебір ірі мәміле бекіту туралы шешімімен келіспесе, онда акция қожайыны осы тетікке жүгіне алады.

Алайда "Қазақтелеком" дауласушы тұлғалардың құнды қағаздарды көп бұрын емес, дәл "Кселлді" иеленген кезеңде сатып алғанына сезіктене қарайды: егер бұл мәміле ұнамаса, онда неге мәміле жасалған тұста акция алады?  

"Өз акцияларын кері сатып алу туралы талаппен қайырылған акционерлердің үлкен бөлігі аталған акцияларды "Қазақтелеком" АҚ-ы және Telia Company мен Fintur Holdings BV арасында "Кселл" АҚ-ының дауыс беруші акцияларының 75%-ын сатып алу туралы келісімге қол қойылуына бірнеше ай қалғанда, дәл қол қойылған күні (2018 жылғы 12 желтоқсанда) және содан кейін сатып алған. Аталған кезеңде "Қазақтелеком" АҚ-ның құнды қағаздарына қатысты мәмілелер шектен тыс үлкен көлемде және қымбат бағада бекітілген. Осыған байланысты, компания жекелеген акционерлердің әрекеттері олардың өз құқықтарын сол құқықтардың мақсатына қайшы түрде пайдаланып отырғанын куәландырады және бұған жол беруге болмайды деп санайды", – деп мәлімдеді "Қазақтелеком" АҚ қоғаммен байланыс қызметі.

Мәселен, Қазақстандық қор биржасының (KASE) дерегінше, өткен жылы монополияға қарсы агенттік "Қазақтелекомға" "Кселлді" сатып алуына рұқсат беру не бермеу керектігін шешіп жатқанда, ұлттық байланыс операторының акцияларының құны 65%-ға артып шыға келген. Бұл KASE-де ұсынылған өзге қатысушылардың бірде-бірі қайталай алмаған ең жоғары өсім болған. Нәтижесінде, әрбір акцияның бағасы 33 мың 890 теңгеге дейін жетті. Салыстыру үшін айталық, әлемдік атом алпауыты "Қазатомөнеркәсіптің" 1 акциясы 4 мың 322 теңгеден орналастырылды. Сауда-саттық кезінде ең жоғарғы баға алты мыңға дейін жеткен. Дүниежүзінде уран өндірісі бойынша еш бәсекелесін алдына салмайтын, жаһандық нарықтың үштен бірінен көбін жалғыз өзі иемденген ұлттық атом компаниясына әрине, "Қазақтелеком" тең бола алмайтыны да құпия емес. Тиісінше, телекоммуникациялық компания өз құнды қағаздары үшін тым көп сома төлегісі келмейтінге ұқсайды.   

"Біздің ойымызша, бұл жағдайдың туындауына заңнама нормаларын бұрмалай түсінушілік, сондай-ақ миноритарлық акционерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды қосымша пайда табу тетігі ретінде пайдаланушылық себеп болуы мүмкін. Ол шаралар қатарына мәселен, 2006 жылы бекітілген "Қазақтелеком" акцияларын кері сатып алу кезінде олардың құнын анықтау әдістемесінің ережелері жатады. Ережелер миноритарийлерге акцияларды олардың нарықтық құнынан қымбат бағаға кері сатып алуды талап етуіне мүмкіндік береді. "Қазақтелеком" құнды қағаздарына қатысты мәмілелер жасау кезінде инсайдерлік ақпаратты пайдалану нышандарының бар болуына байланысты, компания Алматы қаласының мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеулер қызметіне жүгінді. Компания өтініші бойынша басталған сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. Қазіргі уақытта қылмыстық істің тоқтатылуы фактісіне қатысты "Қазақтелеком" АҚ-ының шағымын прокуратура органдары қарауда", – деп мәлімдеді "Қазақтелеком".

Жақында Falconry Capital тікелей инвестициялар қоры және миноритарийлер тобы "Қазақтелекомды" сотқа берген болатын. Олардың айтуынша, компания "акцияларды кері сатып алудан заңсыз бас тартып отыр". Осының алдында олар дауды Астана қаржы орталығының арбитражында шешпек болыпты, бірақ одан нәтиже шықпаған екен. Сондықтан Астана мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінуге мәжбүр болыпты.

Falconry Capital-дың хабарлауынша, бұл қорға "привилегиялық акцияларының 7%-ы тиесілі, бұл нарықта орналастырылған барлық акциялардың жалпы санының 0,19%-ын құрайды. Тағы екі акционер тиісінше 547 және 77 қарапайым акцияға ие".

Сотқа беру туралы өз шешімдерін миноритарийлер компанияның Kcell ұялы байланыс операторын сатып алуымен келіспейтіндерімен түсіндіреді. Олар бұл мәмілені "тиімсіз" санайды. 

KASE дерегінше, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша "Қазақтелеком" акционерлері қатарында 52,03% үлесімен "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры, 24,95% үлесімен SKYLINE INVESTMENT COMPANY S.A. (Люксембург), 9,35% үлесімен "Орталық құнды қағаздар депозитарийі" бар. Қалғаны миноритарийлер қолында.

Қалай болғанда, "Қазақтелеком" болашақта осындай даулар туындамауы үшін алдын алушы шаралар қабылдауда. Жуырда компания акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы басым дауыспен "Қазақтелеком" акцияларын кері сатып алу кезінде олардың құнын анықтаудың әдістемесіне өзгерістерді бекіту туралы шешім қабылдаған.

"Ол өзгерістерге сәйкес, акционерлердің талабы бойынша акцияларды кері сатып алған жағдайда, енді белгілі бір уақыт кезеңінде қалыптасқан нарықтық баға есепке алынады. Одан 20% көлемінде дисконт шегеріледі. Бұл – еліміздің нарығында бар тәжірибе және кері сатып алу кезіндегі қарапайым әрі түсінікті тетік болып табылады", – деп хабарлады "Қазақтелеком".

Яғни, келешекте кері сатып алуды табанды талап ететіндерге орташа нарықтық бағаға және 20 пайыздық дисконтқа келісуге тура келмек.

"Әдістемеге өзгеріс енгізілгенге дейін тиісті өтініштермен жүгінген акционерлерден акцияларды кері сатып алу кезінде "Қазақтелеком" АҚ-ы 2006 жылдан бері қолданыста болған әдістемені басшылыққа алуды жоспарлауда. Акциялардың қашан және қандай бағаға кері сатып алынатыны туралы шешімді прокуратура органдары процессуалдық шешім қабылдағаннан кейін "Қазақтелеком" директорлар кеңесі қабылдайтын болады", – деді компания.

Ұлттық байланыс операторының айтуынша, "Кселлді" сатып алу туралы мәмілені құптаған миноритарлық акционерлердің саны 16 мыңнан асады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу