Көлеңкелі бизнес көл жағалап жүр

4538

АШМ Павлодар облысындағы коммерциялық меншікте тұрған Маралды және Қызылқақ тұзды көлдерін сот арқылы қайтарып алды.

Көлеңкелі бизнес көл жағалап жүр

Павлодар облысындағы екі тұзды көл сот дауының туындауына негіз болды. Конкурс арқылы пайдалануға берілген 42 ащы-тұщы көлдің екеуін ауылшаруашылығы министрлігі қайтарып алды.

"Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы" ММ өткен жылдың қараша айында балық шаруашылығының су қоймаларын ұзақмерзімді пайдалануға беру бойынша конкурс өткізді. Конкурсқа ұсынылған тізім ішінде бүгінгі дауға іліккен Маралды және Қызылқақ көлдері бар. Бұл көлдер "ҚұрылысБиоРесурс" ЖШС-ның пайдалануына 44 жылға берілген. Тұзды көлдерге деген басты қызығушылық Artemia Salina қызыл құртын өндіруге байланысты болып отыр. Сонымен қатар бұл екі су тоғаны тізімде тұрғандардың ішінде ең ірісі саналады.

С.Торайғыров атындағы ПМУ доценті ихтиолог Александр Убаськиннің ақпары бойынша, Қызылқақ облыстағы бірегей көл.

"Қызылқақ әлемнің бағалы су қоймаларының тізіміне кіреді. Көлдегі Artemia Salina-ның табиғи қорынан 1990 жылдардың басында бір маусымда 400 тоннаға дейін қызыл құрт өндіруге болатын, ал қазір небәрі 100 тоннаға ғана өндіріледі. Мұның барлығына құрғақшылық пен браконьерлік себеп болып отыр. Мұндай көлдерді жыл сайын зерттеу керек", – деді Александр Убаськин.

Белгілі болғандай, ауылшаруашылығы министрлігі конкурсты сот тәртібі арқылы даулады. Оларды Павлодар облысының соты қолдап, Маралды және Қызылқақ көлдері кәсіпкердің пайдалануына заңсыз берілген деген шешім шығарып, арыз берушінің келісімшартты бұзу туралы талабын қанағаттандырды.

Сот казуистикасы
Павлодар облысының азаматтық істер бойынша сот алқасының қаулысында: "Хабарландыруды беру мерзімі сақталмаған, конкурстың құжаттары заңда көрсетілген мерзімнен кейін орналастырылған, жануарлар әлемін пайдалану мерзімі нақтыланбаған, конкурсқа төлқұжаттың типтік формасына сәйкес келмейтін су қоймалары қойылған, журнал жүргізу бойынша заң бұзушылық бар", – деп көрсетілген.   

Сондай-ақ арыз беруші конкурсқа Павлодар облысы әкімдігінің 2010 жылдың 12 ақпанындағы № 31/2 "Павлодар облысының жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су тоғандарының тізімін бекіту туралы" қаулысында көрсетілмеген Маралды және Қызылқақ көлдері конкурсқа шығарылып, содан кейін пайдаланушыға берілген де көрсетті.  Аталған су тоғандарын тізімге енгізу туралы шешім Павлодар облысы әкімдігінің 2016 жылдың 25 қарашадағы № 349/8 қаулысымен қабылданған. 2016 жылдың 29 қарашасында № 5281 болып Павлодар облысының әділет органдарында, яғни байқау біткеннен кейін тіркелген".

Арыз беруші бұл көлдерді  жергілікті маңызы бар балық шаруашылығының су тоғандары тізіміне енгізуге болмайды, өйткені олар бірегей табиғи-су нысандары деген дәрежеге ие екенін, су тоғандарының дәрежесін тек ҚР үкіметінің шешімі бойынша өзгертуге болады деп есептейді. 

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы болса: "формалды рәсімдер толық сақталды, оларды сол министрліктің өзі бекіткенін" алға тартып отыр.

"Рас, бұл бірегей көлдер, бірақ бұл жерде балық шаруашылығымен айналысуға тыйым салынбаған", – деді басқарма өкілі Равиль Калиев. Осы орайда жер қойнауын пайдалану басқармасының басшысы және оның қарамағындағылар  abctv.kz-пен әңгімелесуге құлық танытпады.

Ақырында сот алқасы жер қойнауын пайдалану басқармасы мен "ҚұрылысБиоРесурс" ЖШС-ның жануар әлемін пайдалануға жасаған келісімшартын бұзуды міндеттеді. Ал басқарма мамандары Жоғарғы соттан әділдік іздеп көрмекші.

Ақыры немен бітеді
Облыстағы 56 ащы-тұщы көлге қатысты коммерциялық қызығушылықтың барлығы көлеңкелі бизнеске қатысы болды. Жергілікті халықтың қызыл құрт аулауына ешқашан қадағалау болған емес. 2011 жылы бұл көлдерді конкурс арқылы жекеменшікке беру тәжірибесі енгізілді. Қызыл құртты өндіру көлемі квота арқылы реттелетін болады деп жоспарланып отыр. Жер қойнауын пайдалану басқармасының мәліметі бойынша, 2013 жылы бұл көлем 685, 2014 жылы 651, 2015 жылы 807, 2016 жылы 819 тонна болған. Жер қойнауын пайдаланушы циста өндіруді жыл сайын бірыңғай коэффицент бойынша төлейді, ол 1 келі  үшін 1 АЕК-тен 0,045-ті құрайды және жергілікті бюджетке түседі.

Сонымен қатар Павлодар облысының билігі Ресейдің шекаралас "Яровое"  демалыс орнымен бәсекелес Маралды көлінде демалыс орнын құруды жоспарлаған болатын. Құрылыс биыл жазда басталды, онымен "ҚұрылысБиоРесурс" ЖШС  айналысып жатыр. Сот материалдарына сәйкес, кәсіпорын көлге 25 млн теңгеден астам қаржы салып қойған.

Көл орналасқан Шарбақты ауданының әкімдігінде бұл жағдай қалай өрбитінін анықтау мүмкін болмады. Сондай-ақ осы мәселеге жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының атына жіберілген сұраныс та жауапсыз қалып отыр. 

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу