Қосымша құн салығы – маңызды мәселе

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
3698

ЖҚШ үшін ойын ережесі қайта белгіленеді.

Қосымша құн салығы – маңызды мәселе

Ауыл шаруашылығы министрлігі тағы да жеке қосалқы шаруашылықтарға (ЖҚШ) арналған заңнамалық негіз әзірлеуді жоспарлап отыр. "Жеке қосалқы шаруашылық туралы" заң жобасы 2018 жылға арналған заң жобаларының жоспарын енгізіледі, онда министрлік ЖҚШ-ға қойылатын негізгі талаптарды белгілейді.

"ЖҚШ-дағы мал өсіру үлесі  түрлі мал бастары бойынша – 75-85%-ды, өсімдік өнімдері бойынша 50-60%-ды құрайды. Бүгінгі күні өз жеріне дақыл егетін, мал ұстайтын барлық ЖҚШ-ның шамамен 10%-ның ғана өз өнімін сату  мүмкіндігі бар. Неге бұлай? Себебі бүгінгі күні ЖҚШ-ға өз өнімін өңдеуге жағдай жасалмаған. Заң жобасы ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы заңды толықтырып, осы мәселелерді жазып шығуға мүмкіндік тудырады", - деп түсіндірді abctv.kz-ке ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.

Бүгінгі күні еліміздегі ЖҚШ жұмысы реттелмейді десек болады. Тіпті  қандай жағдайда ЖҚШ деп есептеуге болатыны туралы нақты талап  жоқ. 2005 жылы ЖҚШ жұмысын заңнамалық деңгейде реттеуге талпыныс жасалған болатын, алайда заң жобасы үнемі белгілі бір қиындықтарға тап болып, сүрініп, парламенттен түзетуге қайтарылып жатты. Әр норма бойынша елдің түрлі аймағында ЖҚШ-ға рұқсат етілетін ауыл шаруашылығы жануарларының санынан бастап, салық салуға дейін қиындық туатын, себебі заңды мәртебенің берілуі автоматты түрде ауыл халқына  салық төлеу міндетін жүктейтін. Сондықтан арнайы заң қабылдау арқылы министрлік бір оқпен бірнеше қоянды атпақ: ЖҚШ-ға жатқызу талаптарын нақтылап, жеке шаруашылықтардың жұмысын бір ретке келтіреді және шаруашылықтың осы санатын көлеңкеден шығарады. Одан бөлек ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы кооперациясы бойынша жұмысты қайта жандандырды. 2021 жылға дейін шамамен 500 мың жеке шаруашылықты ауыл шаруашылығы кооперативіне тарту жоспарлануда.

Гүлмира Исаеваның айтуынша, бүгінде ЖҚШ қызметін реттейтін нормалардың бір бөлігі шашырап, жергілікті атқарушы органдардың актілерінде көрініс табады. Мысалға  ЖҚШ қарауында болуы тиіс мал саны туралы норма. Әзірленетін заң жобасы мақсатының бірі – осы нормаларды түрлі нормативтік актілерден іздемей бір құжатқа біріктіру.

"Қазір талқылауға шығарылған бірнеше мәселе бар. Қазақстанның ерекшелігі мынада, мұнда жеті табиғи-климаттық белдеу бар, солтүстік пен оңтүстікте мал өсіру жағдайлары бір-бірінен ерекшеленеді, осыған сәйкес өсіретін мал саны да әртүрлі болмақ. Менің ойымша,  түрлі климаттық зоналарға сәйкес келетін сараланған тәсілдер қолданылады", - дейді Гүлмира Исаева.

Ең өткір тұрған мәселенің бірі – салық салу. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұны түсінеді және бұл мәселені шешуге тырысып жатыр. Вице-министрдің айтуынша, өнімін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне  тапсыратын ЖҚШ үшін жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша жеңілдік беру  мәселесі қарастырылуда. Одан бөлек жаңа салық кодексі (ол күзде парламенттің қарауына беріледі деп болжанып отыр) аясында  ҚҚС мәселесі талқыланып жатыр.

"ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлеме енгізу қажет. ДСҰ-ға енуімізге байланысты біз нарықтың барлық қатысушыларына – отандық және шетелдіктерге бірдей жағдай жасауымыз керек.  Шаруа төлейтін салық төлемдері құрылымында ҚҚС 53%-ды құрайтынын естен шығармау керек. Оның үстіне қазір ҚҚС бойынша 70%-дық жеңілдік көзделген.  Егер қазір шаруаларға ҚҚС-ты  жеңілдіксіз толық мөлшерде төлеуді міндеттейтін норманы енгізсек, онда салық жүктемесі 2,5-3 есеге артады. Сол себепті мұнда сараланған мөлшерлеме белгілеу туралы сөз болуы тиіс және бұл мәселе қазір қызу талқыланып жатыр", - деді Гүлмира Исаева.

Ирина Севостьянова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу