Кредиттік тарихты түзетудің жолы бар

9887

Қазақстанда қарызға өмір сүруге арланатын адамдардың атында да кредит бекітіліп тұруы ықтимал. Оны қалай білуге болады?

Кредиттік тарихты түзетудің жолы бар

Байырғы кезде әр қазақ өз шежіресіне баса мән беріп, оны ұрпағына аманаттап отырса, қазіргі заманда бұған қоса азаматтардың тағы бір тарихының тазалығы мен мәртебелілігі маңызды болуда. Қаржы тілінде оны "кредит тарихы" деп атайды.  

Қаржыгерлердің мәліметінше, Қазақстандағы 18 миллионнан астам тұрғынның 7,8 миллионы өз өмірінде бір рет болса да несие алған адамдар болып табылады. Ал қалған қазақстандықтар сарапшылар тілімен айтқанда, "кредиттік пәктігін" сақтап отыр, яғни бір де бір рет қарыз сұрап, қаржылық ұйымдарға жүгінбеген. Әрине, олардың саны сағат санап, азая берері сөзсіз. Өйткені көлік алуды, оқуды, баспана иеленуді, жөндеу жасауды, саяхаттауды, тіпті той-томалақ ұйымдастыруды несиемен қаржыландыру белең алуда.

Демек, қазақстандықтардың үлкен бөлігі үшін кредиттік тарихты бүлдіріп алмау күн тәртібінде тұр. Ұлттық банктің дерегінше, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қазақстандықтарға банктер берген барлық 4 триллион 259,1 миллиард теңгенің 414,5 миллиарды қайтарылмайтын кредит күйіне көшіпті. Ал қаржы министрлігі қазіргі кезде елімізде 1,2 миллион адамның мемлекет алдындағы салықтар бойынша қарызы 19,1 миллиард теңгеге жеткенін еске салады. Бұл ретте сот үкімі шыққанымен, атқару қағазы негізінде өндіріп алар дүние-мүлкі жоқ жандардың "армиясы" 2014 жылғы 25 мың адамнан енді 937 мың адамға, ал олардың берешегі 44 миллиард теңгеден 142,8 миллиардқа өсіп отыр.

Сарапшылар банкке несие сұрап бармас бұрын, азаматтарға және бизнесмендерге алдымен кредиттік тарихын біліп алуға кеңес береді. Өйткені ол тарихта өтелмеген қарыздар, тіпті ол адам ешқашан алмаған, яғни әлдебір алаяқтар рәсімдеп қойған кредиттер есепте тұруы ғажап емес көрінеді. Мұны білу үшін жыл сайын не екі жылда бір рет өз кредиттік тарихыңызды анықтап қойыңыз.  

Қазақстанда бұл ақпаратты egov.kz "электронды үкімет" порталы арқылы, сондай-ақ "Бірінші кредиттік бюро" агенттігінің порталы (www.1cb.kz) не "Кредиттік тарихтар бюросы" (https://www.1cb.kz/getpko) арқылы онлайн білуге болады, бұл жағдайда цифрлық электронды қолтаңбаңыз болуы шарт. Немесе жеке куәлігіңізді алып, халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) не "Қазпошта" бөлімшелеріне жол тартқаныңыз жөн. Бұл ретте ұйымға 250 теңге комиссия төлеу керек болады.

Дербес кредиттік есепті Қазақстан азаматтары бір жылда 1 рет тегін ала алады. Егер бір жылда қайталай сұратса, ақылы: шамамен 400 теңге тұрады. ХҚКО-ға немесе "Қазпоштаға" жүгінсеңіз, бұл сомаға әлгі 250 теңгелік комиссия да қосылады.

Ал аталған порталдар арқылы қайталама есеп алу үшін кез келген отандық банктің төлем картасының болуы талап етіледі. Бұл порталдарда да кредиттік есеп 400 теңгеге бағаланады, оның үстіне банктің 100 теңге шамасындағы комиссиясы алынады. Рас, бір артықшылығы сол, олардың қызмет көрсету режимі ХҚКО-дағыдай шектелмейді, яғни тәулік бойы онлайн түрде қолжетімді.

Мұның сыртында egov.kz порталында кредиттік тарихты қадағалау қызметі бар. Бұл қазіргідей алаяқтар азаматтардың жеке бас құжаттарын қолдан аса сапалы етіп жасап, кредит рәсімдеуге маманданған қазіргі шақта аса маңызды. Сол себепті "электронды үкімет" жүйесі ұдайы негізде сіздің кредиттік тарихыңызға мониторинг жүргізіп, сізге есеп жолдап отырады.

Осылай алынатын дербес кредиттік есепте заемшы туралы барлық ақпарат және оның өз мойнына алған міндеттемелерді қалай орындайтыны туралы деректер жазылады. Бұл мәліметтер кредиттік бюроға екінші деңгейлі банктерден, лизингтік және басқа да тауарлар мен қызметтерді бөліп төлеуге ұсынатын компаниялардан келіп түседі.   

Бүлінген "дербес кредиттік тарих" (ДКТ) өзімен бірге, басқа да проблемалар туындатып, тұлға өміріндегі құлдырауға бастамағаны игі. Айталық, кәсіпкер азамат бизнесін дамыту үшін банкке кезекті рет несие алуға жүгінсе, ең алдымен менеджер оның бұған дейінгі кредиттерінің тарихын зерделейді. Егер онда қарыздың өтелуі бірнеше рет кешіктірілгенін немесе әлі "сөндірілмеген" кредиті барлығын білсе, әдетте, жаңа кредит рәсімдеуден бас тартады. Ал бір рет бас тарту жағдайы орын алса, ол банкте ары қарай кредит алу мүмкіндігі жоққа теңеспек. Себебі, адам "адал емес" деп танылып, "қалаулы емес клиенттер" тізіміне енгізілуі мүмкін.    

Әрине, кәсібіне тұрақты түрде қаржы құйылғанын қалайтын кәсіпкер бұған жол бере алмайды. Осы орайда ДКТ-ға келесі жағдайлар "кір келтіретінін" ескерген абзал. Біріншіден, несие ұсыну туралы өтініш берген күні клиент борышкер болмауы қажет. Әлі төленбеген кредит – банктің қарыз беруден бас тартуына соқтыратын ең маңызды себеп саналады. 

Екіншіден, бұрынғы несиелерді өтеу мерзімдері сақталуға тиіс. Егер ең болмаса, бір кредит келісімшартта көрсетілген мерзімнен ең құрығанда 5 күн кешіктіріліп төленсе, бұл ДКТ-ға нұқсан келтіреді. Рас бұл "орташа ауырлықтағы" бұзушылық саналады. Көптеген отандық банктер ондай клиенттерге де қарыз ақша бере береді. Себебі, борышкер қажетті соманы келісімшартта көрсетілген соңғы күнде аударуы, алайда қаражат банкке бірнеше күн өткен соң ғана түсуі мүмкін. Бұл жайттар да аталған есепте "төлемді кешіктіру" деп тіркеледі.

Егер клиент кредиттік келісімнің күші тоқтатылғаннан кейінгі 35 күн ішінде кешіктіріп төлесе, сол қиын. Бұған азаматтың айлығын мерзімінен кеш алуы, бизнесменмен серіктесінің жеткізілген тауар не қызмет үшін уақытын ұзатып барып есептесуі секілді әртүрлі жағдайлар ықпал етуі ықтимал. Бұл дерек орын алса, сұралып отырған қаражатты беру-бермеуді әр банк өзі шешеді, әр жағдайға жеке қарайды.

Айталық, ол адам банктің тұрақты клиенті болса, әртүрлі банктік өнімдерін белсенді тұтынып жүрсе, бұлар шешім қабылдауда шешуші мәнге ие болып жатады. Ал егер кредиттік тарих иегеріне қылмыстық іс қозғалғаны немесе басқа да ұсақ қаржылық, әкімшілік бұзушылықтары үшін айып тағылғаны анықталса, ол нашар клиент ретінде танылуы ғажап емес. 

Кредит бойынша кешіктіру немесе мүлдем төлемеу сыртында банктер клиенттің салықтар, коммуналдық қызметтер және айыппұлдар бойынша міндеттемелерін орындамауына назар аударуы мүмкін.

Бүлінген ДКТ-ны түзету күрделі, бірақ ондай мүмкіндік бар. Оны толығымен тазартып, қайта жазып шығуға жол берілмейді, бірақ оған оң факторлар қосып, жақсы реңктерге "бояуға" болады.

Нашар ДКТ-ны көріп, көңілінде күмән туған кредиттік бөлім қызметкері өз кезегінде, жүгініп отырған клиенттің келісімшарт талаптарын толығымен орындай аларына қосымша кепілдіктерді қажетсінеді. Сондықтан сарапшылар адалдығыңызға, тек әлдеқалай жаза басқаныңызға дәлел-дәйектеме ретінде кредиттік карталар, коммуналдық қызметтер бойынша ай сайынғы төлемдеріңізді, кредиттерді өтеу бойынша көшірмелер мен есептерді ұсынуыңызға болады. Бұдан бөлек, төлемқабілеттілігіңіздің жоғары деңгейін растайтын табыс туралы анықтаманы да әкелген абзал. 

Азаматтардың ДКТ-сы "Бірінші кредиттік бюрода" 10 жыл бойы сақталады және одан кейін жаңарады. Сол себепті кейбір сарапшылар "жалақыға дейінгі ақша" секілді өнімдер бойынша микроқаржы ұйымдарында шағын несиелер алып көруге және оны дер кезінде өтеуге ұсыным береді.

"Бұзылған кредиттік тарихты жақсарту үшін шағын несиелік ұйымдарға жүгінуге болады. Өйткені микрокредиттік ұйымдар жаман несиелік тарихы бар клиенттерге де жақсы көзбен қарай береді. Ол компанияларда адамдар ешқандай анықтамалар мен басқа да құжаттар жинамастан, бірнеше минут ішінде жылдам микрозаем рәсімдей алады. Адам қарызға қол жеткізгеннен кейін оны мерзімінен еш кешіктірмей, дәл уақытында төлеп шығуы қажет. "Заемшының несиесін өз мерзімінде өтегені" туралы ақпарат микроқаржы ұйымынан кредиттік бюроға түседі. Осылайша, бірнеше рет несие рәсімдеп, міндеттемелерін лайықты орындаса, адамның кредиттік рейтингі көтеріледі. Кредиторлар борышкердің түзелгенін, бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарай бастағанын аңғарады", – дейді ресейлік кредиттік сарапшы Михаил Грушевский.

Оның айтуынша, осыдан кейін банктердің барлығының есіктері бірден айқара ашылады деу аңғалдық. Бірақ ірі несиеге бірте-бірте жол салынады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу