2018 жылдың қаңтар-мамыр аралығында құрылыс компаниялары 4,61 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріпті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,7 пайызға артық. Естеріңізге сала кетейік, былтыр осы уақыттағы өсім деңгейі алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,8 пайыз болып еді.
Құрылыс қарқынының бәсеңдеуіне басты себеп – жеке меншік құрылыс компанияларының азайып кетуі. Жеке меншік құрылыс компанияларының салған үйлерінің көлемі былтырғымен салыстырғанда 17 пайызға төмендеген екен. Нақтырақ айтар болсақ, былтыр алғашқы бес айда кәсіпкерлер 2,19 млн шаршы метр үй салса, биыл бұл көрсеткіш 1,82 млн шаршы метр шамасында.
Есесіне үлескерлердің ақшасына салынған үйлер 16,2 пайызға, ал мемлекеттік меншікпен салынған үйлер 23,1 пайызға көбейді. Ең қызығы шетелдік меншік өкілдерінің салған баспана көлемі былтырғыдан екі есеге артқан екен. Айта кетейік, елдегі салынып жатқан үйлердің 48,9 пайызы жеке меншік компаниялар есебінен, 43,6 пайызы үлескерлік жолмен, 5,3 пайызы мемлекеттік меншік есебінен, қалған 2,3 пайызы шетелдік капиталдың қатысуымен салынуда.
Компаниялардың белсенділігінің азайғаны өз кезегінде саладағы жұмыспен қамтуға да кері әсерін тигізді. Аталған уақыт аралығында 10,4 пайызға бір-ақ қысқарған екен. Яғни, әрбір оныншы құрылысшы жұмыстан босатылған. Ал салада жұмыс істеп отырған ірі компаниялардың саны бір жылда 10,8 пайызға төмесе, орташа компаниялар 0,9 пайызға азайды.
Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстандағы баспана құрылысы Астана мен Алматыда азайып, есесіне өңірлерде көбейе бастаған. Тіпті Астанадағы құрылыстың азаюы қаланың экономикасының 7,8 пайызға төмендеуіне әсер еткені де айтылған еді.
Жалпы, 2013 жылдан бері құрылыстағы ірі компаниялар саны тұрақты түсіп келеді. Бес жыл бұрын олардың саны 634 болса, қазір салада 315 ірі компания бар. Ал жалпы заңды тұлғалар саны былтыр 14 мыңның үстінде болса, биыл бұл көрсеткіш 12 мыңнан асып жығылады.
Соңғы уақытта елдегі баспана қоры жылына 0,4-0,6 пайызға ұлғайып келеді. Яғни, үй санында өсім бар. Дегенмен, халық саны жылына орта есеппен 1,3-1,5 пайызға өсетінін ескерсек, баспанасыз азаматтар саны азаюдың орнына керісінше көбейіп жатыр деген сөз.
Бауыржан Мұқан