Қырықтан асқан әйелдерге қоғам неге қырын қарайды?

2890

Мамандар мұндай көзқарас тереңдеп бара жатқанын, енді тек заңдастыру ғана қалғанын айтады.

Қырықтан асқан әйелдерге қоғам неге қырын қарайды?

Алматыда өткен Women in bisiness форумында 40 жастан кейін мемлекеттік қызметтен шеттеп қалып, базар жағалап кеткен әйелдер тақырыпқа өзек болды.

40 жастан асып кеткен әйелдерге арналған "Асыл жай" орталығының бизнес-тренері Эльмира Жайшаева бұл тақырып билікке де, бизнеске де әбден таныс екенін айтады. Себебі біздің елде әйелдердің басым көпшілігінің қоғамдағы дәурені тек 40 жаспен ғана шектеледі. 40 пен 50 жастың арасында жұмыстан айырылып қалсаң – мемлекеттік қызметке барар жолың жабылады деген түсінік бар.

Қазіргі таңда орта жасқа келген әйелдердің жұмысқа орналасуы қиын екенін жасырын емес. Зейнет жасын 63-ке дейін ұзартуға қатысты даулы заң жобасын талқылау кезінде осы мәселе жиі көтерілді. Бірақ сол кезде бұл проблеманы бизнес секторы арқылы шешеміз деген пікір басым болғаны рас.

"1980 жылдары Англияның премьер-министрі Маргарет Тэтчер мен АҚШ президенті Рональд Рейган экономикасын әлеуметтік шығындарды қысқарта отырып қайта өрлеуге жеткізді. Әлеуметтік саланы реформалау кезінде Тэтчер әр адамның капиталист болуын қалаймын және әрқайсысының өз меншігі болуын армандайтынын айтты. "Мен елді басқаруға ойластырылған бір ғана ниетпен: масылдыққа бой алдырған адамдардан болашағын өзі жасайтын кәсіпкерлер жасауға, "маған беріп жіберіңізші" деп айтудан "бәріміз өзіміз жасаймыз" дейтін ұлтқа айналдыру үшін келдім" деген сөздері әлемді шарлап кетті. Қазақстан үкіметі де осы тәжірибені қолдануға әйелдердің мүмкіндігін пайдаланды. Әйелдер бизнесі мемлекеттік деңгейде насихатқа айналды. Бірақ көрпе немесе киім-кешек тіктіру арқылы әйелдердің проблемасын шешіп тастадық деуге болмайды. 40-60 жастағы әйелдердің мүмкіндігін барлық жерде, мемлекеттік қызметте де, бизнесте те, басқару менеджментінде де қолдану керек", – дейді Эльмира Жайшаева.

Оның пайымдауынша, бұл құбылыс бізде қазір жазылмаған заңға айналды. Бірақ айналып өтіп немесе көз жұмып қарауға тырысады. 1990-2000 жылдардың басында бизнеске келген әйелдердің басым көршілігі қырық жастың қырқасына көтерілгенде жұмыстан қысқарып, базар жағалап кеткендер екен.

"1990 жылдардың басында олар бизнеске спринтер емес, марафоншы болып келді. Ал бизнесте тек алғашқылардың ғана жолы болады", – дейді жарыссөзге шыққан Эльмира Жайшаева.

Оның айтуынша, 1990-2000 жылдарды қазіргі кезеңмен салыстыруға болмайды. Мемлекеттік жүйе реттелді, сол заңдармен бірге қағаз бетіне түспеген заңдар да пайда болды. Ресми статистика ерлер арасындағы жұмыссыздық 39,3 пайыз деп көрсетсе, бұл көрсеткіш нәзікжандылар арасында 60,7 пайыз үлеске жеткен екен.

"Қырықтан асқан әйелдердің біліктілігіне қоғам да, мемлекет те қырын қарап отыр. Қазір "элегантты жастағы әйелдердің ұлттық компанияларға жұмысқа тұруы немесе мемлекеттік қызметке қабылдануы сырт көзге миф болып көрінеді. Сондықтан бұл жаста жұмыстан қысқарып қалғандардың мемлекеттік қызметтерге бару мүмкіндігі қатты шектелген. Мен мұны басымнан өткердім. Ұлттық компанияларға да, мемлекеттік қызметке де 20 мен 35 жас аралығындағы жас қыз-келіншектер керек. Қазір қара базарларда сауда жасап жүрген әйелдердің тең жартысында бір емес, бірнеше жоғары оқу орнының дипломы бар, олардың басым көпшілігі 1990-2000 жылдардың аласапыранында кемеден ауып қалғандар", – дейді Эльмира Жайшаева.

Элмира Жайшаеваның пікірін Microsoft командасынан шақырту алған қазақ қызы, "Hewlett Packard Enterprise" компаниясының бас директоры Дана Алтыбаева ішінара қолдайтынын айтты.

"Әйелдер кез келген іске мықты болмаса, оны ысырып тастағысы, көзге ілмей қойғысы келетіндер барлық саладан табылады. Сондықтан, оларға біліктілігін және бәсекеге қабілеттілігін екі есе дәлелдеуге тура келеді. Бір қызығы, мұндай көзқарас Орталық Азияда, тек біздің елде ғана қатты байқалады екен. Microsoft командасында жұмысқа қабылданатын ерлерге қарағанда әйелдерге арналған сынақ екі есе қатал. Себебі ол жерде жауапты, күрделі тапсырмаларды әйелдерге сеніп тапсыруға болады" деген түсінік қалыптасқан. Бұл ер кісілердің мүмкіндігін кем бағалау емес, әйелдердің қабілеттілігіне дұрыс баға беру деген сөз", – дейді Дана Алтыбаева.

Дана Алтыбаева 40-50 жастағы әйелдердің мүмкіндігін жете бағаламау тәрізді сыңаржақ көзқарасқа қоғамдық формацияның өтпелі кезеңі әсер еткенін айтады. Батыстық құндылықтар, батыстық стандарттар біздің өмірімізге ғарыштық жылдамдықпен енді. Жастық шақтары 1990-2000 жылдардың өтпелі кезеңіне тура келіп қалған "элегантты жастағы" әйелдердің басым көпшілігі өздерін-өздері қамшылап, жаңа заманның стандарттарына ілесіп кете алмады, екі формацияның құрсауында қалып қойған.

"Сол кездері қазақ әйелдері мемлекеттік машинадан қолдау таппай бизнеске кетіп, өз орындарын тапты. Қазір әйелдеріміз жаңа заманға икемделді. Оларды "жасың кеп қалды" деп қоғамнан ысырып тастау немесе жастығына ғана басымдық беру тым ақылды шешім емес. Бұл жерде көп мәселе әйелдің табандылығы мен мінезіне байланысты. Мықты кәсіби маманданған, өз саласы бойынша оқ бойы озық тұрғандары 50 емес, 60 жаста да сұранысқа ие болады. Шын талант пен дарындылардың қарқынына ешкім төтеп бере алмайды", – дейді Дана Алтыбаева.

Рауан Ілиясов, Алматы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу